Жалпы қазақ тарихында тағдыр тауқыметімен әрі қашып, бері босып жүрген, көлемді төңкерістер, айтылмай келген ақиқаттар, бағаланбай қалып қойған ұлы тұлғалар аз емес. Солардың бірі – Шығыс Түркістан әдебиетінің негізін салушылардың бірі, ұлт азаттық идеясының жаршысы Шарғын Алғазыұлы.
Ақтам ауылдық кітапханасында Шарғын Алғазыұлының туғанына 120 жыл толуына орай «Алаш рухты Шарғын ақын» атты әдеби кеш өтті. Ақынның шығармаларын мектеп оқушылары жатқа оқып, оның шығармашылығына шолу жасалды. Ауданымыздағы аудандық мәдениет үйі жанындағы Шарғын Алғазыұлы атындағы жыр-терме ақындар мектебінің жетекшісі Жұмақадір Бахытқан ағамыз арнайы қонақта болды. Ол кісі домбырамен күй төгілтті. Көптен бері мұндай кештің болмағандығынан ба, тұрғындар күйшіден қайта-қайта күй сұрады. Ауыл ақсақалдары оған баталарын берді.
Ауыл тұрғындары белсене қатысып, ақынды көзбен көрген ауыл ақсақалдары «Шарғын мынадай өлең жазып шығарған, ол пəленмен айтысқанда, қарсыласына дес бермей жеңген» деген пікірлерін ортаға салып қалың көпшіліктің қызығушылығын оятты. Уақыттың қалай өтіп кеткенін сезбей қалдық. Ақынның шығармаларында жер-су аттары көптеп кездеседі, кез келген өлеңінде алып қарасақ жиырмадан аса жер-су аттарын кездестіреміз. Ақынның туған жерге деген сағынышын байқаймыз. Шарғын Алғазыұлы қыруар есті, ойлы, рухты өлең-толғаулардың авторы ғана емес, өз тұсының шашасына шаң жұқтырмаған, суырыпсалма айтыскер ақыны да болғаны белгілі. Шарғын Алғазыұлы – айтыстың майталман жүйрігі болумен бірге өресі биік суреткер ақын. Оның суреткерлігі туған ел, өскен жерлері мен көркем табиғат суреттеріне арналған, көңілге əсер етерлік сұлу, тамаша лирикаларынан көрініс табады. Саналы өмірін ұлтының азаттығына, қазақтың қара өлеңіне арнап кеткен ақынның артында мол мұра қалды. Жазбаларының біразы Қазақ ұлттық ғылым академиясының қолжазба қорында сақтаулы. Ақынның сөзі өшпек емес. Оның айқын айғағы бүгінгі кездесу деп ойлаймыз. Жерлес ақынымыздың 120 жылдық тойы қарсаңында өткен әдеби кеш ақын шығармашылығының қайта жаңғырғаны деп қабылдадық. Шарғын атамыздың рухты жырлары халқымызбен бірге жасай бермек.
Гүлнұр ЖҰМАБАЕВА,
Ақтам ауылдық кітапханасының кітапханашысы