Басты бет Өңір тынысы Ұлттық құндылықтар – ұлы мұра

Ұлттық құндылықтар – ұлы мұра

0
586

Тарихтың талай қасіреті мен қазақтың басынан өткен небір қиын-қыстау замандардың куәсі болып жатқан қасиетті Қарадаланың төсінде биыл бірқатар ұлттық құндылықтар дәріптеліп, бабалардың аманаты жаңғырып жатыр. Жыл басынан бері Ұлы даланың төсінде ұлттық спорт та, ұлттық өнер, мәдениет те насихатталып келеді. Осындай ауқымды шаралардық бірі өткен аптада аудан орталығында өткізілді. “Ұлылар композициясы” деген атаумен Мұқағали Мақатаев атындағы, Үмбетәлі Кәрібаев және Сүйінбай Аронұлы атындағы мұражайлар ұлы тұлғалардың құнды жәдігерлерін арнайы аудан жұртшылығының назарына ұсынды. Ағымдағы жылдың 8 маусым күні сағат 11.00-де бастау алған көрме кешкі уақытқа дейін келушілерді қарсы алып тұрды. Көрмеге қойылған бағалы бұйымдар мен тарихи маңызы бар түрлі экспонаттар мен әшекейлер және тұлғалардың жеке заттары бойынша әр көрерменге түсіндірме ақпарат беріліп, сұрақтарына жауаптар айтылып тұрды. Аудандық мәдениет үйінің көрме залына қойылған мұражайлардың ең негізгі жәдігерлері келушілерді ерекше әсерге бөледі. Артынша Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясы — ұлы әнші, күйші, актер Әміре Қашаубаевтың 135 жылдық мерей тойына және қазақтың ән әлемінде өзіндік орны бар композитор, 500 әннің авторы Әсет Бейсеуовтың 85 жылдығына орай  «Ән әлеміндегі алыптар» атты концерттік бағдарлама аудан халқына тегін түрде тарту етілді.Сүйінбай атындағы облыстық филармониясының “Алтынай” би ансамблінің мың бұралған биші қыздары, “Адырна” ұлттық аспаптар ансамблінің әуелеткен ұлттық аспаптарынан шыққан қазақы сарын және сонымен қатар филармонияның дәстүрлі әншілері менталантты жас өнерпаздары залға жиылған көрерменге ұмытылмас ерекше рухани демалыс сыйлады.

Осы шарада қойылған көрмеден алған әсер өз алдына бөлек.Біз әйгілі Аспантау етегіндегі қасиетті Қарадаланың қалың жұрты өр жағымыздағы маңғаз Хан Тәңірінің етегіндегі тау ұлы Мұқағалиды көгіміздегі жарқыраған таң алдындағы Шолпан жұлдызға теңеп, төбемізге көтеріп жүретіндігіміз бар. Оның өзі болжап айтқан «Осы ғасырдың құрдасы», – екендігі осы тұста  шынайы дәлелін тапқандай болды. Марқұмның көзі тірісінде ұстаған жеке бұйымдары мен қолжазбалары көрмеге қойылды.Екі аттам үстелдің үстіне қойылған ақынның құнды жәдігерлерінің жанына барсаңыз сол кезеңнің лебі сезіліп, Мұқағалидың мұңы шағылып, жыры оқылғандай, жарты ғасыр уақыт артқа жылжып, поэзия әлемінің иран бағына кіріп кеткендей рақат сезімге бөленесіз. Ал өз қолымен дәптерге тізген маржан жырларын оқысаңыз ақынмен тілдесіп тұрғандай күй кешесіз.Өмірінің соңғы күндері жазылған “Реквием”Жаназасы” деген атау жазылған қалың қызыл дәптерді парақтасаңыз еріксіз көзіңізге жас келеді. Әр өлеңнің астына қайтыс болар жылдың соңғы күндері көрсетіліп, қол таңба қалдырылған.Өз жаназасын өзі жазып кеткен қайран ақынның арманға толы өтіп кеткен қамшының сабындай ғана келте өмірі мен өкініш өртеген өзегі, жалғандық пен жасандылық, жағымпаздық жалықтырған, түңілткен солғын жүзі көз алдыңызға орала береді. Жалпы шағын ғана көрмені бір мезетте бірнеше күй кешіп көріп шықтым. Бір жымиып, бір мұңайып, өңешімді өксік кернеп, жылап жіберуге шақ қалып, жанарға жиналған жастың шығы домалап кете жаздап көзім суланып көріп өткенімді сол сәттің арбауынан шыққанда бірақ байқаптым.  Жалпы ұлылар композициясы аудан жұртшылығының көңілінен шығып, ерекше ықыласқа бөленді. Ұлттық өнер дәріптелген концерт те келген қалың көрерменнің ерекше ризашылығын алып қайтты. Тарихымыз бен өткеніміздің айқын дәлелі ұлттық құндылықтарымыз ұрпаққа аманаттайтын ұлы мұрамыз екендігін естен шығармайық!

Ақжол НҰРДӘУЛЕТҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

СЫР САҚТАҒАН САРЫТОҒАЙ

Адамзатпенбіргежасасыпкележатқанбірдүниеболса, ол – тарих. Тарих – өткеніңді бағамдатар, с…