1994 жылғы 2сәуірде Ұйғыр аудандық мәслихатының бірінші сессиясы өтті. Онда ұйымдастыру мәселелері қаралды, тұрақты, тексеру комиссиялары және олардың құрамы бекітілді. Ұйғыр аудандық мәслихаттың хатшысы болып Батталов Марс Арупұлы сайланды.Мәслихаттың жұмысын үйлестіру мен ұйымдастыру үшін аппарат құрылып, бір ғана бас маман штаты белгіленді. Бұл міндетті атқару маған жүктелді. Сөйтіп мәслихаттың жұмысын хатшы мен бір маман ғана атқаруына тура келді.
Алғаш құрылған мәслихаттың материалдық базасы да, бюджеттен бөлінетін қаржысы да болмады. Соған қарамастан аудан әкімі аппаратының көмегімен жоқтан бар жасауға тырыстық. Іс қағаздарын жүргізетін құралдарды өз қалтамыздан қаржы шығарып алған кездеріміз де болды. Мәслихаттар жаңа құрылым болғандықтан жұмысты неден бастау керектігін де анық біле алмадық. Солай бола тұрса да облыстық мәслихат аппараты мен аудан әкімі аппаратындағы тәжірибелі мамандармен бірлесе отырып мәслихаттың жұмысын жолға қоя бастадық. Екі ай өткеннен кейін мәслихат аппаратына екінші маманның штаты берілді. Оған Иминов Турсун тағайындалды. Бірінші шақырылымдағы 25 депутат өз жұмысына кірісті.
Аудандық мәслихаттардың алғашқы сессияларынан бастап депутаттар атқарушы органдармен бірлесіп ауқымды жағдайларда күрделі әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешумен айналысуға мәжбүр болды. Депутаттар сессияларда өзекті мәселелерді көтерді, өйткені олар өз жерлестерінен, атап айтқанда өз сайлаушыларынан бөлінбеді. Ол жылдары колхоз-совхоздар тарап, ауылдарда шаруа қожалықтары құрыла бастаған еді. Аудандық мәслихат осы құрылымдардың жұмысын жетілдіру, оларға тиісті көмек беру ісімен де шұғылдана бастады. Сонымен қатар аудандық мәслихат орын алған қиыншылықтарға қарамастан әлеуметтік нысандарды қысқы кезеңге дайындау немесе көктемгі егіс, сондай-ақ егін жинау жұмыстарының мерзімінде аяқталуына депутаттық корпус арқылы өз ықпалдарын жасап отырды. Дәл осы қиын кезеңде біздің аудан үшін ғана емес, бүкіл ел үшін, нарықтық қатынастарға көшу кезеңінде, дамып келе жатқан демократия жағдайында халық таңдаған адамның бейнесі қаланды. Бірінші сайланымдағы депутаттар белсенді жұмыс атқарды деп айтуға тұрады. Олар өз сайлау округтеріндегі проблемалық мәселелерді үнемі көтеріп, оны шешудің жолдарын айқындауда мәслихат аппаратына үнемі көмек көрсетіп отырды.
1995 жылы Батталов Марс Арупұлы Парламент Сенатының депутаттығына өтіп, оның орнына аудандық мәслихатқа Сейитов Абдужелил Авакриұлы хатшы болып сайланды. Осы жылдан бастап мәслихаттың жұмысы бір жүйеге түсе бастады. Мәслихат аппаратына ескі болса да жазу машинкасы мен жеңіл автокөлігі берілді. Қиын жағдайға қарамастан менің пайымдауымша сол жылдардағы мәслихат хатшысы, оның аппараты үлкен жауапкершілікпен жұмыс атқарды деп есептеймін.
Ыбырай АСАУБАЕВ