Басты бет Көкжиек ЖАҢА ӘДІС – БОЛАШАҚ ҰРПАҚТЫҢ ЖОЛЫ

ЖАҢА ӘДІС – БОЛАШАҚ ҰРПАҚТЫҢ ЖОЛЫ

0
1,857

М.Жалилов атындағы Кетпен орта мектебінде «Альфа ұрпақтарын оқыту әдістері» бойынша семинар өтті. Тақырыбының өзі елең еткізетіндей. Альфа ұрпақ деген қандай ұрпақ деген сұраққа жауапты аға буын шынымен білмейді екенбіз. Сөйтсек 2010 жылдан бастап дүниеге келген балаларды ғалымдар Альфа ұрпақ деп атап жүр екен ғой. «Альфа ұрпақ» терминін алғаш рет австралиялық зерттеуші Марк МакКриндл қолданған. Оның анықтамасы бойынша бұл атау 2010-2024 жылдар аралығында дүниеге келген балаларға қатысты қолданылады. Олар 2010 жылы, яғни Instagram іске қосылған және алғашқы iPad-тың тұсаукесері болған жылы дүниеге келе бастады…

Кейбір әлеуметтанушылар бұл балалардың  кітап пен сурет дәптерінен бұрын  планшетке тезірек қол жеткізгенін, сонысымен  жоспарланбаған жаһандық эксперименттің бір бөлігіне айналғанын айтады. Сондықтан олардың тілі шықпай тұрып-ақ гаджеттерді басқара алатынына таң қалмау керек. «Әйнекке тәуелді ұрпақ», screenagers («скринейджерлер») – олардың электронды құрылғыларға деген бейімділігін қалай атасақ та, осылай екені рас. Дәл осы қасиет олардың  осал тұсы да, мықтылығы да болып тұр. Бір жағынан мұндай бала жан-жақты келеді, бір уақытта үй тапсырмасын орындайды, әлеуметтік желіде белсенді болып, пост салып отырады және әлеуметтік желілердегі хат-хабарға да жауап береді. Екінші жағынан ол өте шашыраңқы, оның зейінін шоғырландыру қиын және бір мәселеге ұзақ уақыт назар аударып қарай алмайды.

Мектеп табалдырығын енді аттағандар  үшін мұғалімнің жеке тұлғасы, оның қарым-қатынасы және диалогқа дайындығы ерекше маңызды.  Бүгінгі  балалар ата-аналарына қарағанда психикалық жағынан әлсіздеу. Олар ақыл айтқанды емес, тең дәрежеде сөйлескенді ұнатады. Ұстаз деген олар үшін дамуға, әлемді тануға ынталандыратын, жетелей білетін ересек адам. Дәл осындай ұстаныммен «Бөбек» колледжінің бастауыш білім беру ағылшын тілінің мамандығына оқып жатқан үш студент қыз Интизар Коммунарова, Толунай Машурова, Юлтузай Римжановалар Альфа ұрпақтарын оқыту әдістерін жаңаша, өз қарым-қабілеттеріне қарай семинар үлгісінде өткізді. Интизар Коммунарова буклет жасау арқылы оқушының сабаққа қызығушылығын арттырса, Толунай Машурова жаңа платформалар жиынтығын кітаптар арқылы түсіндірді. Юлтузай Римжанова «Колесо фортуны» әдісі бойынша сабақ өтті. Әрине әдеттегі сабақтардан мұның ерекшелігі өте көп болды. Балалармен кері байланыс жасалып, талқылау әдісі де сәтті өтті. Мысалы бір сөздің мағынасын ашу үшін сурет, бейнежазба көрсетіліп, балалар оны бірден түсініп, қабылдады. Мұның өзі қызықты әрі талпынысты күшейтетіндігін көрдік. Сондай-ақ бес жолды өлең, бес минуттық эссе, автор орындығы арқылы дарынды, талантты оқушыларды тануға болатындығын осы семинар дәлелдеп шықты. Өздері әлі жас болса да оқушыларға не керектігін біліп, ұғынып сол бағытта тақырыптарын аша түскен студенттерге риза болыстық. Өзім тәжірибелі мұғалім бола тұрсам да жас маман болуға бір қадам қалған үш қыздың жауапкершілігі мен талаптарына қайран қалдым. Жай мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім түсіндіреді, керемет мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім шабыттандырады, – деп Уильм Уорд айтқандай әрбір жаңашыл мұғалім өзінің шығармашылық әрекетінде дәстүрлі стильден алшақтап, үнемі жаңашыл идеялар жетегінде жүрсе білім сапасының жақсара түсетіні сөзсіз.

Семинар соңында мектеп директорының орынбасары Наргиза Тавакәлова өз ойын ортаға салып, қыздардың сабағына бағасын берді.Мектеп директоры Ерлік Бөкенов сабақты қорытындылап, болашақ мамандық иелеріне өзінің ағалық ақ тілегін білдіріп, жақсы мұғалім болуларына тілектес екендігін айтты. Білімдерін тәжірибеде шыңдауға келген студенттер әкімшілік тарапынан айтылған сөздерге қанаттанып, олардың сенімін ақтауға уәде берісті. Семинар оқушылардың есінде қалатындай қызықты өтті.

Шатлиқ СОПЕКОВ,

М.Жәлилов атындағы орта мектебінің мұғалімі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Алматы облысында жаңа инновациялық мектеп ашылды

2024 жылғы 6 қарашада Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Рахат ауылдық округіне қарасты Өрі…