Өзім құрмет тұтатын, ақындығы бір төбе, ұстаздығы бір төбе Мамытхан ағам сырқаттанып ауруханаға түсіп қалыпты. Емделіп шығып, өзінің алғысын өлең жолдарына сыйдырыпты. Біреуге рақмет айту, алғыс арқалату, құрмет көрсету деген қасиеттер азайып бара жатқандай көрінетін мына қоғамда оның өлеңіне елең ете қалғанымды жасырмаймын. Сосын дәрігерлерді түгендей бастадым, қай бөлім, кім екен деп. Рақмет Сізге, құрметті дәрігерім, – деп тақырып қойыпты.
Дәрі бердің, ақынын танып елдің.
Толқынын көтерілген қандауылдың,
Үш-ақ күнде түсірдің тауып емін.
Рақмет, Альбинадай дәрігерім!
Таңғы бесте иненің тыз еткені,
Саумалындай жеңгемнің күзектегі.
Кірпік ілмей қасымда, осы екен ғой,
Мейірбике ажалдан күзеткені.
Шымшып салған әр ине ән артады,
Жүрекке жақындатып Сары-Арқаны.
Күніне төрт, бес сүртіп палатаны,
Жаныңды тазалықпен жаңартады.
Оза түс Сағанайдың баласы алға,
Өмір жырын шертісіп ақ отауда.
Малик, Бақыт үшеуміз ағыл, тегіл,
Сырластық сегізінші палатада.
Албанның абызы мен данасы алда,
Ұлы дала бұлармен таласа ма?
Ақжолтай бауырымдай асқар болып,
Алдында ешкімнің де аласарма!
Заңғар бол, биікке өрле Әлия қыз,
Жақсының тұқымы деп танығанбыз.
Әкең елге танымал жігіт болды,
Ақжолтай – бүкіл елге нағыз аңыз.
Терапия бөлімінде ем алған ағамның алғыс арқалатқан қызымен танысқым келді. Бөлім меңгерушісі Альбина Камирдинқызы Супиева өзіміздің ауылдың тумасы. Илья Молотов атындағы орта мектепті 2010 жылы «Алтын белгіге» аяқтап, жүрек қалауымен С.Асфендияров атындағы медицина университетінің жалпы медицина факультетіне грантқа оқуға түседі. Өзінің таудай талабы мен білімге деген құштарлығы оны медицина әлеміне сүңгітіп жібереді. Кілең беспен оқыған қыз 2015-2017 жылдары интернатураны тамамдайды. Сол жылы кардиология бойынша резидентураға түседі. Үш жылдан соң ересектер мен балалардың кардиолог дәрігері деген мамандық иесі атанады. Қызыл дипломмен ауылға қайтады.
Алғашқы дәрігерлік еңбек жолын 2020 жылы Бахар ауылында учаскелік дәрігер болып бастайды. Ковид эпидемиясы кезінде аудандық ауруханада еңбек етті. Еңбектен қол үзбей жүріп жүректі тексеретін ультрадыбыстық зерттеу аппаратын меңгереді. Қазір жүрекке зерттеу жасайтын қондырғымен жұмыс істейтін бірден-бір маман деуге болады. «Батыр клиник» орталығында жүрек узисі. Әйел адамның бақыты отбасында деп жатамыз. Альбина бұл қағиданы да естен шығармай оқуымен қоса отбасылық өміріне қадам тастайды. Бірге оқыған сыныптасы Мақсатжанмен қол ұстасып шаңырақ көтереді. Бүгінде үш баланың анасы. Осының бәріне уақытты қайдан алады деген сұрақ туындауы заңдылық. Жүрек қалауымен таңдаған мамандық иесі өз жұмысынан ләззат алғанда ғана одан шаршамайды, керісінше қуат алады. Альбина да дәл осындай. Сырқат емдеуге де, бала бағуға да уақыт табады.
Білімге деген құштарлығы, отбасында алған тәрбиесі, ата-анасының өнегесі оны бүгін өз биігіне шығарды. Сүйікті жар, сүйкімді ана, сыйлы келін бола жүріп үлкен бір бөлімнің жүгін арқалаған қыздың қайсарлығы мен жігеріне тәнті болдық. Талантты адам барлық жағынан талантты болады деген тәмсіл Альбинадай жандарға арналса керек. Үлкен анасы Турсынбүви әдә мен үлкен әкесі Навердин ағамен жақсы араласамын. Альбинаның мінез-құлқын сұраймын ғой. Мектеп бітіргеніне 14 жыл болды, бірақ әлі оқып жүр, қашан бітеді оқуын білмейміз, өте ақылды қызымыз деп мақтады. Сырт көз сыншы, осы мақаланы жазуыма түрткі болған Мамытхан ағамнан сұраймын. Жас та болса өте білімді, алғыр, өз ісінің білгірі деген бағасын берді. Мұны неге термештеп отыр дерсіздер. Дәл қазір дәрігерге сенім азайып тұр. Жас маманның алдына емделуге барған адам оған күмәнмен, күдікпен қарайтын болғаны да жасырын емес. Оның ішінде өзім де бармын. Сондай сәтте өте жоғары баға беріп, алдына келген сырқатты тек дәрімен емес, жылы сөзімен де емдеп жүрген жан туралы мақтау есту құлаққа жағымды тигендігін айтқым келді. Қазір бізге, осы дәуірдің адамдарына жетіспейтін бір нәрсе болса, ол ең алдымен – білім, сосын адамгершілік қасиет. Біз Альбинаның бойынан осы екеуін де көрдік.
Адам жанының сақшысы болып жүрген дәрігер қауымының мәдениеті мен мейірбандығы үйлескенде оның жүзінен мейірім төгіліп тұратын сияқты. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де қолы шипалы, жүрегі үлкен дәрігер. Ең үлкен байлық адам және оның өмірі десек, сол өмір үшін күресіп жүрген ақ халатты абзал жандардың бірі Альбина қызымызға айтар алғысымыз шексіз.
БАЯН МАМЫРБАЕВА