Басты бет Мәдениет және руханият ҚАЗАҚТЫҢ ТҰҢҒЫШ АКАДЕМИГІ

ҚАЗАҚТЫҢ ТҰҢҒЫШ АКАДЕМИГІ

0
2,361

Әрбір адамды, тұтас халықты ғұмыр бойы алға жетелейтін, тағдыр мен тарихтың бұралаң жолдарында қандай қиындықтарға тап болса да рухы мен үміті жанып, алыстан бағдар сілтеп жымыңдайтын да тұратын Темірқазық сынды жұлдыз тұлғалар болады. Қазіргі кез келген қазақ баласы үшін, барша қазақ халқы, тіпті бүкіл адамзат ұрпағы үшін Қаныш Имантайұлы Сәтбаев сондай тұлға. Ілияс Омаров дәл айтқандай, «тұтас дәуірдің жұлдыз тұлғасы» ол. Ғалымдығынан бөлек адамдығы асқақ, ұлттық рухы, ұлттық болмысы ерекше болған Қаныш Сәтбаев туралы өзінің шәкірті Ә.Нысанбаев айтқандай биікке төменнен баға беру әрине қиын. Қаныш Сәтбаевтың есімі бүкіл қазаққа етене таныс, оның тау тұлғасы аласарған емес. Қаныштың өмірінен дерек беретін Ерлан Нұрмұхамедовтың «Қаныш» фильмі дүниеге келіп, ондағы бас рөлді Әсет Есжан баламыздың сомдап шыққанын мақтанышпен айтуға болар. Академиктің дәл бейнесін беріп, оның өмірін жұртына паш еткен Ерлан мен Әсетті аталарының аруақтары қолдасын дейік.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл басында ел айнасы «Egemen Qazaqstan» газетіне берген «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» атты сұхбатында ұлт мақтанышына айналған ұлағатты тұлғалардың қатарында әйгілі ғалым Қаныш Сәтбаевтың туғанына биыл 125 жыл толғанын тілге тиек етіп, осы айтулы датаға орай кең ауқымды зерттеулер қолға алынатынын алға тартқан болатын. Қаныш арқылы ғылымға, білімге бетбұрыс жасауды айтты мемлекет басшысы.

Елінің бағына туған тұлғалар аз емес. Сол қадау-қадау алыптардың қатарынан Қанышты көреміз. Қазақтың қасиетті топырағында дүниеге келіп, адамзат ақыл-ойының биігіне көтерілген оның жөні де, жолы да бөлек. Жердің жайын тамыршыдай тап басып тани алуы таңғажайып құбылыс. Ұлттық ғылым академиясын құрып, қаншама кен орындарын ашқан ардақты азаматты тану оңай емес. Орталық Қазақстанның мине­ралдық-шикі­зат базасы кеңейіп, «Жез­қазған мысы – ел ырысы» деген ұран­ға айнал­ғаны Қаныштың қа­­жырлы еңбегі­нің нәтижесі.  Сонау 1940 жылы: «Шығыста – Алтай алқабы, оңтүстікте – Қаратау, Орталық Қазақстанның кенді жотасы, батыста – Маңғыстау түбегі, міне, осының бәрі кен бай­лықтың сарқылмас көздері» – деп көрегендікпен айтқан сөзі­нің дәлдігіне бүгінде көзіміз жетіп отыр.

Қазақтан шыққан тұңғыш академик, даңқты геолог-ғалым, минерология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР Ғылым академиясын ұйымдастырушы әрі оның тұңғыш президенті, Қазақ КСР академиясының академигі, Кеңес Одағының және Қазақстанның металлогения мектебінің негізін қалаушы атанған Қаныш Имантайұлы 1899 жылы 12 сәуірде қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданында ел арасына аса құрметті әулеттің шаңырағында өмір есігін ашыпты. Өз заманында ауылдың өзге балалары сияқты алғашқы сауатын ауыл молдасынан алған Қаныш көп ұзамай Павлодардағы орыс-қазақ мектебінен білім алады. Талабы таудай жас кейін білімін Семей мұғалімдер семинариясында, Томск технологиялық институтының тау-кен факультетінде жалғастырады.Оқуда үздік Қаныш өз өмір жолында қазақтың келешегі үшін тер төккен Алаш арыстарымен тізе қоса қызмет еткен ұлт қайраткері екенін ерекше атап өткен жөн.

Сәтбаев сынды ұлы тұлға және оның құндылықтар әлемі мен дүние­та­нымы туралы бір нәрсе жазу – ерен биік шыңның етегінде тұрып оның алыптығы туралы болжам айтқанмен бірдей іс, – деген Әбдімәлік Нысанбаев ағамыз ұстазы туралы жылы сөздерін жиі жазған. Сонда да болса, «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын…» демекші, өткен ғасырдың соңында көшпелі қазақ ауылында дүниеге кел­се де, зайырлық ілім-білімді жете меңгергені сондай – еуропалық ғұла­малардың өзімен пікір таластырып, геологиядағы металлогения ғылы­мы­­ның негізін қалыптастырған, сөй­тіп химия ғылымындағы Менде­леев­тің периодтық жүйесі сынды Қазақстанның металлогениялық картасын тұңғыш рет жасап, соның негізінде бізге белгісіз жаңа пайдалы қазбаларды ашуға көмектесетін, кемел ақыл-парасатымен әлем­дік өркениетке өшпес үлес қосып кеткен феномен тұлғаның дүние­та­ным­дық жұмбағын шешуге ұмтылу қай сала­дағы зерттеушіні де қызық­ты­­­ра­ры анық, – ьдеп үлкен бағасын береді.

Осы кезге дейін зерттеушілер мен жазушылар қазақ даласының қойнауын­­дағы кен байлықтарды болжап табудың, оны тиімді тәсіл­мен өндірудің, жедел ел игілігіне жаратудың ғажайып үлгісін көрсетіп, Қазақстанның қазіргі өнеркәсібінің іргетасын қалаған, осы еңбегі үшін өз заманындағы ең жоғары мара­пат­тар – КСРО-ның Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтарына ие бол­ған, бүкіл Орталық Азия ғалым­да­ры арасынан алғашқы болып сол кездегі Одақтық Ғылым академиясына толық мүшелікке сайланған, Қазақстан Ғылым академиясын оның тұңғыш президенті ретінде ұйымдастырып, оны кешенді сан-салалы ғылыми-зерттеулер ордасына айналдырған адамның өмір жолын, ғылыми-дүниетанымдық және қоғамдық-гуманистік қызметін, кейбір кісілік қасиеттерін біршама зерттеп те, жазып та жүр. Алайда Сәтбаевтың рухани әлемі, құндылықтар жүйесі, оның адам таңғаларлық намысы, қажыр-қайраты мен мұқалмас рухының қай­нар көздері туралы біртұтас түсіні­гіміз әзірге қалыптаса қойған жоқ.

1947 жылғы Лондонда өз заманының ірі саяси қайраткері Уинстон Черчилльдің КСРО Жоғары Кеңесі өкілдерін қабылдаған кезде­су­де­гі сұхбаты бүгінде аңызға айналды. Черчилльдің бойы 1 метр 68 см, ал Қаныштың бойы 1 метр 96 см.

– Қазақтардың бәрі сіз секілді биік пе? – деп сұрайды У.Черчилль Сәтбаевтан оның қай ұлт өкілі екенін біл­ген соң. Сол сәтте Сәтбаев:

– О не дегеніңіз, мен ең кішкентайымын, менің халқым менен де биік! – деп жауап берген еді ғой.

Сірә, бұл сөз Сәтбаевтың тіліне табан астынан оралмаған болар. 1914 жылдан, яғни сол кездегі қазақтың қоғам­дық ой орталық­тарының бірі Семей­де­гі мұға­лімдер семинариясында оқып жүр­ген кезінен бастап, қазақ даласындағы қоғамдық-саяси өмірге белсене араласқан, атысып-шабыс­қан төңкерісті де, 1931-1932 жылдар­да­ғы «қызыл қырғын» жұтты да, одан кейінгі саяси қуғын-сүргінді де өз көзімен көрген, А.Байтұрсынұлы, Ж.Аймауытұлы, М.Жұмабайұлы, Ә.Ермеков сынды өзінін рухани ұстаздары мен пікірлес достарының, ағайын-туғандарының әпербақан сая­си билік тұзағына іліккеніне жүрегі қан жылай өкіне жүріп, әміршіл-әкімшіл жүйенің қасіретін бүкіл жан дүниесімен ұғынған Қаныш Иман­тайұлы бұл сөзді неге сеніп айтты екен?! Мұншама мұқалмас ұлттық рух пен сенімнің, ұлттық намыс пен қайраттың қайнар көзі қайда жатыр? Тіпті әріге бармай-ақ, қазақтың Алашорда қайраткерлерінің өмір жолдарын барлап қарасаңыз, олардың да өзге халықтар зиялылары арасында пікірлес дос-жарандары көп болғанын байқар едіңіз. Зиялылар бір-бірінің ұлттық мүдделеріне құр­метпен қараған, қажет болған жағ­дай­­да сол ізгі мақсаттарына қол­дау көрсетіп, қамқорлық жасаған. Ал туған халқының тағдырын жақ­сар­ту жолында атқарған істері теріс баға­ланып, тоталитарлық саяси жүйе­нің қудалауына ұшыраған Алаш азамат­тарының кейбіреулерін қауіп-қатерден қорғап Қаныш Имантайұлы қашанда отандық ғылыми қауымды әлем зиялыларымен жалғастыруға ұмтылған. Оның Англияға, Қытайға барған сапар­лары да, тіпті өзі қатысып үлгере алмай кеткен Делидегі әлем геолог­тарының бірінші халықаралық конгресіне қалай дайындалғаны да осы ойымызды айғақтай түседі.

Бозбала Қаныштың Семей қала­сын­дағы Абай кешін ұйымдастыруға белсене араласуы, А.Затаевичке қазақ­тың 25 әнін айтып беріп, нота­ға түсіртуі, Баянауыл тауының бөкте­рін­де «Еңлік-Кебек» спектаклін қойып, өзі де рөлде ойнауы, Мәскеуден «Ер Едіге» дастанын кітап етіп бастыруы, қазақтың тұңғыш театры туралы мақала жазуы – бәрі-бәрі атақ-даңқ қуғаннан емес, еліме, халқыма пайдам тисін деген елгезек ниеттен туған ізгі істер болатын. Ел мүддесі жолындағы елгезектік, болашағы бар жасқа бар мейірімін төгетін ізгілік, өзіне қысастық жасаған адамға да кек сақтамай, аяушылықпен қарай­тын кеңпейілділік қасиет тек ірі тұлғада ғана болатын сияқты. Қаныш Иман­тай­ұлы­ның жасынан бойына сіңірген дүниетанымдық-фәл­сафалық және ағартушылық-гума­нис­тік мұрат­та­ры­ның көрінісі. Өмір­лік ұстынға айнал­ған осы асқақ мұрат оның өзін де шырқау биік­ке көтерді. Ағылшын премьер-минис­тріне «менің халқым менен де биік» деп айтқызған да сол асыл мұра­тының мәңгілік өшпейтініне, кейінгі ұрпақтарының жүрегінде жалға­са­ты­нына деген сенім еді.

Кеудесі қазынаға толы Қаныш Сәтбаев өз естеліктерінде жас адам өз өмірін босқа сүруге болмайтынын айтады. Ол жастарға өмірде ұмытуға болмайтын екі түрлі қағиданы жанымызға бойтұмар етуді ескертеді. «Жас адам өмір сүргенде сол өмірді босқа өткізуге тиісті емес. Ол, біріншіден, Отанына пайдалы азамат болуды, екіншіден, өз заманының, өз дәуірінің мәдениетті, білімді және алдыңғы қатарлы адамы болуды ойластыруы керек. Ол үшін жас күніңізден-ақ өзіңізді адамгершілікке баулыңыз. Ісіңізге, оқуыңызға нағыз адамгершілікпен кіріссеңіз, сөз жоқ, жеңіске жетесіздер. Не нәрсені болсын нағыз адамгершілікпен түсіне біліп, жасай білсеңіздер, бұдан сіздердің отаншылдығыңыз бен асқан патриоттық сезіміңіз айқын көрінер еді. Сіздердің мінез қасиеттеріңізде адамгершілік бірінші болып орын алса, шыншыл, батыл, тиянақты, жігерлі және кішіпейіл адам болған болар едіңіздер», – деп өсиет етті ұлт қайраткері. Сол өсиетін жадымызға сақтап, жүрегімізбен сезінсек құба-құп.

Біз қазақ ғылымының қазынасы Қанышпен мәңгілік мақтанамыз әрі осындай тау тұлғаны өмірге әкелген қазақ топырағында әлі талай академиктер өмірге келеді деп сенеміз. Лайым, солай болғай!

Баян МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ДАРАБОЗ ДАРЫН ИЕСІ

Ілияс Жансүгіровтың аты аталса дара шауып, құйындап келе жатқан Құлагер көз алдымызға келе…