Басты бет Заң және қоғам БАЛАЛАРЫМЫЗ – БАЙЛЫҒЫМЫЗ

БАЛАЛАРЫМЫЗ – БАЙЛЫҒЫМЫЗ

0
741

Соңғы кезде балаларға қатысты зорлық-зомбылық, өгей әкелердің бүлдіршін қыздардың қызғалдақ өмірлеріне балта шапқан оқиғалары, басқа да балаларды ұрып-соғу деректері ақпарат құралдары арқылы таратылып, жағамызды ұстатарлық фактілер азаймай тұрғаны өкінішті. Маскүнемдіктің, нашақорлықтың кесірінен, отбасындағы кикілжіңдер мен үлкендердің арасындағы ұрыс-керістің кесірі балаларға тиіп жатқаны да өтірік емес. Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшылары бірігіп дайындаған «Қазақстандағы балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі нұсқаулық» еліміздегі балалар мәселесіне бей-жай қарамайтын мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйым өкілдеріне, осы тақырыпқа алаңдаушылық танытатын барша қоғам өкілдері мен зерттеушілерге көмекші құрал ретінде дайындалғандығын білеміз.

Бірақ көптеген алдын-алу шаралары қарастырылғанымен нәтиже көңіл көншітпейді. «Кәмелетке толмағандарға қатысты физикалық зорлық-зомбылық пен қатыгездікке байланысты қылмыстарда тараптардың татуласуын болдырмау қажет» делінген бірқатар құзырлы орындар бірлесіп дайындаған заң жобасында. Өйткені тараптардың татуласуының артында әрқашан жемқорлық тұратыны тағы ақиқат. Қоғамдағы оқиғалардан сабақ алу үшін және балаларды қорғау мақсатында заң жобасында 50 ден астам позиция бар. Олар 4 кодекс пен 10 заңға өзгерістер енгізуді көздейді. Олардың арасында балаларға жасалған зорлык-зомбылық, қатыгездік, жыныстық зорлық-зомбылыққа қатысты, буллинг, терезеден құлау, инфрақұрылымның кауіпсіздігіне және балаларға арналған мекемелерді лицензиялауға қатысты түзетулер бар.

Республикалық педагогтер съезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мектеп тапшылығы, қауіпсіздік, оқушылар арасындағы әлімжеттік, буллинг секілді бірқатар өзекті мәселе көтеріп, бұл бағытта атқарылуға тиіс жұмыс жүйесін бекітіп берді. Кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық мәселесі де Президент назарынан тыс қалмады. «Соңғы уақытта маған зорлық-зом­бы­лық көрген балалардың ата-аналары­нан өтініштер келіп түсуде. Ашығын айтқанда, мұндай хаттарды оқу оңай емес. Жасөспірімдердің қылмыстық психологиясы мен кейбір мұғалімдердің немқұрайдылығының құрбаны болған балалардың жай-күйі жүректі ауыртады», деген Президент тиісті органдарға қылмыс жасағандарды заң жүзінде жазалау үшін осындай жағдайлардың бәрін айрықша бақылауға алуды әрі кәмелетке толмағандарға зорлық-зомбылық жасаған адамдардың жазасын қатаңдатуды тапсырды. Бұған дейін де Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдер мен балалардың құқық­тарын қорғау шараларын заңмен кү­шей­ту мәселесін көтеріп: «Отбасы құн­ды­лықтарын дәріптеу ісіне ерекше көңіл бөліп, қоғамдағы, көшедегі, тіпті әр үйдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етпесек, дамыған елдердің қатарына қосылуымыз қиын болады», – деген еді.

«Балаларға қатысты зорлық-зомбы­лықты орташа есеппен алғанда 31-40 жас аралығындағы жыныстық белсенді ер адам жасайды. Бұл қылмысқа көп жағдайда негізгі орта білімді, тұрақты жыныстық серіктесі жоқ азаматтар, сәтсіз отбасында тәрбие алғандар мен жұмыссыздар және санасындағы сәулесі жоқ, көкіректері көр адамдар ғана барады. Егер балаға қауіп төнбейтініне сенімді болмасаңыз, жеке баланы емес, жалпы жағдай туралы тиісті органдарға хабардар етіңіз. Сол арқылы сіз бір қылмыстың алдын аласыз. Бала – бақытымыз, бала – болашағымыз. Сондықтан оларға зорлық-зомбылық көрсетуге ешкімнің құқы жоқ.

Ернар АСҚАРҒОЖАЕВ,

аудандық соттың аға сот приставы

Бөлісу:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ЖОЛ ЖОҚ

Сыбайлас жемқорлық – заман ағысымен бірге өсіп-өркендеп, мол қаражат және қоғамдық бәсекел…