Басты бет Тағзым ОТҚА ОРАНҒАН ОН ЖЫЛ

ОТҚА ОРАНҒАН ОН ЖЫЛ

0
1,986

Әр жылғы ақпан айы ауған жеріндегі отқа оранған он жылды еске салмай кетпейді. 1979 жылы Ауғанстанның аумағына кірген сол кездегі Кеңес әскері араға қасірет пен қайғыға толы он жыл салып бейбіт әлемге қайта оралды. Бұл тарихтың қойнауына ұмытылмастай болып енген зұлматты жылдар еді. Дәл осы соғыстың оты тұтанған жылдары Кеңес одағынан интернационалдық борышын өтеуге, ел тыныштығын күзетіп, бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға Ауған жеріне мыңдаған ер-азаматтар аттанған болатын. Сол тізімнің арасында біздің ауданымыздан да майдан алаңына жіберілген жауынгерлер болды.

Он жыл бойы қан мен терге, үрей мен үмітке, қайғы мен қасіретке, сонымен қатар, отандас жауынгерлердің көзсіз ерлігі мен ержүрек іс-әрекетіне толы күндер мен айлар осы жауынгерлердің көз алдынан өтті. Тарихта таңба болып қалған қаралы кезеңнің артта қалғанына биыл 35 жыл толып отыр. Сол жылдардағы намыс туын желбіретіп, тәукелге бел буған 20-25 жастағы жауынгерлер бүгінде пайғамбар жасқа жақындап, ел ағасы атанды. Осы күнде ауданда 20 интернационалист-жауынгер тұрып жатыр. “Ерлік – жан дүниенің ұлы қасиеті”, – деген халық аузында айтылған нақыл бар. Ауыр аманат арқалап, өмір мен өлім белдескен қанды шайқасқа қатысып, батылдық пен ерліктің ерен үлгісін көрсеткен қаһарман жерлестерімізді 35 жылдықпен құттықтап, елеп ескеру үшін аудандық мәдениет үйіне көпшіліктің ортасына шақырды.

Алдымен жылдағы игі дәстүрге сәйкес ескерткіштің басына гүл шоқтарын қойып, қан майданнан қайтпаған, із-түссіз жоғалған, бейбіт күнде ғұмыр кешіп, бақилық болған жауынгерлерді еске алдық. Артынша жиылған көпшілік арнайы дайындалған шараның куәсі болуға аудандық мәдениет үйіне қарай ағылды. Ауған даласындағы жауынгердің өткір өлеңімен өрнектеліп, шағын сахналық қойылыммен басталған шараның алғашқы сөз кезегі аудан әкімінің орынбасары Кәдіржан Бағбаевқа берілді. Ауған соғысы ардагерлеріне жыл санап құрметтің еселей түсуі елімізде анық аңғарылу үстінде екендігін айтып өтті. Оның айқын бір дәлелі – Ауған соғысы ардагерлерінің Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен теңестірілуі екендігін де тілге тиек етті. Бейбіт аспан мен адамзаттың тыныштықта ғұмыр кешуі үшін өз өмірін құрбан еткен бақилық жауынгерлердің де көзсіз ерлігін еске алды. Ауданда тұрып жатқан барлық ауған соғысының ардагерлерін 35 жылдық мерейлі датаға орайластырылып шығарылған мерекелік төсбелгіні кеуделеріне тағып, интернационалист жауынгерлерді марапаттап шықты.

Ерлік қашан да елге мұра, ұрпаққа – ұран болатыны айтып, ұзақ жылдар өтсе де интернационалист жауынгерлердің өшпес ерлігі ел есінде мәңгі сақталатындығын баяндаған Райымбек шекара басқармасының бастығы Аслан Бектасов та ауған соғысы ардагерлеріне басқарма тарапынан арнайы сый-сияпаттарын тарту етті.

Елге аман-сау оралып, туған жерімен қауышқан интернационалист-жауынгерлермен кездесіп, жүздесіп, естеліктерін тыңдау біз үшін бір мақтаныш екендігі айқын. Осы орайда ауған соғысының ардагері, аудандық «Қарадала» орман шаруашылығы мекемесінің басшысы Наурызбай Нұрқұлұлы мінбеге көтеріліп, көпшілікке отты жылдардан ойдан кетпей жүрген өкінішке толы бір естелігін баяндап берді. Тау мен жота, қырат пен қырқа қоршаған ауған жеріндегі сұрапыл күндердің бірінде әскери техникалармен сап түзеп кетіп бара жатқан шақта жанында отырған досына жаудың оғы тиіп көз алдында бақилыққа аттанғанын күрсіне баяндап берді. Нағыз достың араға 40 жылдан астам уақыт салып, Шығыс Қазақстан өлкесі, Қатонқарағай ауылына барып, Киікбай досының басына барып құран бағыштап қайтқандығы көпшілікті сүйсіндірді. Қан майданнан оралмаған баласын зарыға күткен ананың әлі күнге дейінгі үзілмеген үмітін айтты. Баласының мәйітін көрмеген шарасыз ананың «Сол жылы келген темір табытта шынымен Киікбай ма?», – деген ар жағына жылт еткен үміт сәуле түсіріп тұрған күрсініске толы сұраққа ұлының өз қолында қаза тапқандығын айтып, анамен бірге қайғының ащы уын бір жұтып алғандығын айтып жанарына жас ұялатты. Шығыстың тумасы Киікбай есімді майдандас досын көзінің тірісінде жанарында жалын ойнаған, сен тұр, мен атайын деген сайдың тасындай нағыз ер азамат екендігін, соғыстан аман оралғанда кемінде Шығыс Қазақстан облысының әкімі болып отыратын азамат екендігін айтып өкінді. Айтылған естелікті ел емірене тыңдап, шынайы достық сезім мен сағынышқа тәнті болды.

Осыған дейінгі кездесуде дәл осы естелік әңгімені тыңдап, көкейіне маза бермей түнмен таласып осы адал достық пен азаматтықтың үлгісіне өлең арнаған ауданымыздың ардақты ақсақалы, ақын Мамытқан Құдайбергенов  арнайы сахна төріне шығып, естеліктен алған әсерімен бөлісіп, шабыты алқымынан алып, түнімен төгілген жырын жұртқа паш етті.

Ауған соғысының  батыры, Шығыс Қазақстан  облысы, Катон қарағай  ауылының  тумасы  Киікбай  Жанпейісов  туралы жыр

Жауынгер, сарбаз-достың  ұқтым  жайын,

Оқ  бораған  майданда, ұйытқып  жалын.

Толқыны тулап жатты жал-жал болып,

Күмістей жарқыраған  Бұқтырманың.

 

Шыңғыстай мен Мұзтаудың  көкорайы,

Кербұғы, сумал – самал, жанға жайлы.

Топқайың мен аққайың қарсы алды да,

Қол бұлғады  Катонның  қарағайы.

 

Мамырда  бұрқыратып  жалбыз  белді,

Анасы  жиды дос пен туған елді.

Досына  құран  оқып қайтайын, — деп,

Қырық жыл  өткеннен  соң Наурыз келді.

 

Біздерге қайсарлық пен үміт  жалғай,

Жүруші ең  сені  ешкім ұмытпайды – ай.

Он тоғызда  оққа  ұшты  қайран  досым,

Жасындай, жарқылдаған  Киікбайдай.

 

Мақтанатын, өзіңмен біздің  қосын,

Қандай  көз  сені  атты қиып  досым.

Тірі болсаң  Алтай мен  Өскеменді,

Сөзсіз  сен жайнатар  ең, Киік досым!

 

Ер жігітті  майданда  сынау  да ерлік,

Шығысыңа  жүрер  ең шырай  беріп.

Мектебің есіміңді  тасқа  жазды,

Ұрпағыңа  осындай  ұнайды  ерлік.

 

Ұлы  достық  әні  бұл  әр жылдардың,

Дос  сыйлаған  жігіттің жаздым  жайын.

Қырық  жыл  өтседағы  досты  іздеген,

Ниетіне  ризамын  Наурызбайдың!

Жауынгерлік жылдардан қалған естеліктің әсерін поэзиямен ұштастырып, досқа деген адалдық пен шынайы сағыныштың шыңын жырмен жеткізе білген ақынына ел ерекше ықылас білдірді. Ардагерлерге арналған іс-шара «Жазерке» халықтық ұлт-аспаптар ансамблі және «Арзу» халықтық ән-би ансамблінің өнерпаздарының концерттік номерлерімен жалғасын тапты. «Райымбек» шекара басқармасында қызметте жүрген шекарашылар мен жас сарбаздар да сахнада бой көрсетіп, патриоттық әндерімен шараның сәнін кіргізді.

Бейбіт аспан астында асыр салған бүгінгі жас ұрпаққа жауынгер ардагерлердің кешегі жасаған ерліктері мен антына адалдығы, борышына беріктігі патриоттық рух сыйлап, отансүйгіштік дем берері ақиқат. Соғыстың қасіретін көріп келген ардагерлердің ерен ерліктері, төккен тер, от пен оқтың ортасындағы болашағы белгісіз ғұмыр, көңілге түскен қаяу мен өлшеусіз батырлық бүгінгі ұрпақтың жадында сақталады. Қалай десек те отқа оранған он жылдың қара белгісін ауғандық ардагерлердің жүрегінен жұлып ала алмаймыз. Сондықтан ауғандық ардагерлерді қадірлеп-құрметтеу – біздің азаматтық борышымыз.

Ақжол НҰРДӘУЛЕТ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ТАСҚАРАСУДЫҢ КӨГІН ЖЫР ТЕРБЕДІ

Шығысы шекара, батысы Бұғыты тауларымен танымал, әлемге Шарын шатқалымен әйгілі, қасиетті …