Тәуелсіздік мерекесі несімен қымбат, несімен құнды?
Бұл кімді болмасын ойға батыратын, бір сәт болса да саналы сезімге кенейтін сұңғыла сұрақ. Ал, жауабы сан қилы оқиғаның, неше түрлі ойдың тиегін ағытады… Олай болатыны бұл мереке елімізде жыл бойы болатын күллі мейрамдардың беташары, бастауы. Алаш топырағындағы барлық қуанышты сәт, мерейлі мейрам атаулы осы күннен, дәлірек айтқанда Тәуелсіздік тойынан басталады. Тәуелсіздік бостандық атаулының алтын кілті, азаттық әлемінің сөнбес шырағы. Тәуелсіздік – елдігің, Тәуелсіздік – теңдігің. Сол үшін де еліміздегі күллі жақсылық, толағай табыстар дәл осы тәуелсіздіктен бастау алады.
Желтоқсан айы. Күллі дүние ақ шағи көрпесін қымтай жамылып, аппақ болып жарқырай көзге түседі. Жаныңды желтоқсан желі желпігендей болады. Құлағыңа қобыз сарынындай болып, әлдебір тосын үн-азаттық үні естіледі. Көз алдыңа әйгілі 1986 жылғы қаһарлы әрі қазақ жастарының қып- қызыл қаны төгілген тарихи Желтоқсан көтерілісі елес береді. Осы бір солақай шешімнің арты осылай болады-ау деп, алдын ала жобалап, барлық қанқұйлы әскери жобасы 1985 жылы Мәскеуде жасалған аты шулы «Митель» операциясы жаныңды жанып, қиялыңды қымырандай ірітеді. Қыстың қақаған аязында өз елі үшін, оның болашағы үшін төгілген Алаш жастарының қаны текке кетпеді. Ол қан – желтоқсан алауы болып жанды, ол қан еліміздің көгінде Тәуелсіздік туы болып желбіреді. Сол көк тудың көгімізде желбірегеніне міне, биыл аттай 32 жыл өтті. Уақыт өлшемімен алып есептегенде әрине, қас қағым ғана сәт. Алайда біз үшін жетістігі мен толағай табысы мол еңбір естен кетпес бақытты шақтар. Тәуелсіздік жылдары Алаш жұртын азаттықтың алтын бесігімен тербетіп қана қоймай, небір айтулы табыстарға жетеледі. Бұл жылдар ішінде еліміз шын мәнінде жаңару, қайта өрлеу кезеңін бастан өткерді. Елімізде жаңа саяси кезең белең алды. Тарих сахнасына әділетті жаңа Қазақстан шықты. Соның нәтижесінде қайта дәуірлеу, сілкіну кезеңі басталды, жаңаша ой, идея қалыптасты. Елімізде жаңа президент – Қасым-Жомарт Тоқаевтың әр кездегі Халыққа жолдауы, өміршең жоспары іске асып жатты. Ел Президент бағытына қолдау көрсетіп, зор сенім артты. Тіліміз де мемлекеттік салада жан- жақты даму жолына түсті. Ғылым мен озық технологияның, жаңашылдық пен прогрестің тіліне айнала бастады. Елімізде жаппай латын әліпбиіне көшу ісі де уақыт озған сайын сол даталы күндердің көшіне ілесіп, аясы кеңіп, қанатын кеңге жайып келеді. Бұл салада ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер де аз емес. Еліміз бейбітшілік пен халықтар достығының арқасында толағай табыстарға жетіп келеді.
Елімізде халықтар достығы салтанат құрды. Ырыс пен ынтымақ, бірлік пен береке қазақстандықтарға бағыт беруші күшке айналды. Күллі қазақ елі даму мен серпілістің жаңа жолына түсті. Осының бәрі бір жағынан халқымыздың ұя бұзбас ұйымшылдығының арқасы болса, екінші жағынан жаңа Президенттің дана саясатының арқасы.
Қазақ елінің болашағы айқын, келешегі кемел.
Барша Алаш жұртын Тәуелсіздіктің 32 жылдық үлкен мереке, ұлы тойымен құттықтағым келеді. Еліміз аман, тыныштық заман болғай!
Дәнеш АХМЕТҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы.