Бүгінгі таңда елімізде балалардың болашағына көптеп көңіл бөлу жолға қойылып келе жатыр. Жас буынның бос уақыты құр өтпеуі үшін өңірлерде мәдениет, спорт, білім, өнер саласын дамыту, осы бағыттар бойынша түрлі үйірмелер мен жаттығу сағаттарын жүргізу мүмкіндігі қарастырылып келеді. Біздің ауданның аумағында да мемлекет ұсынған мүмкіндіктерді пайдаланып спорттық секциялар мен өнер үйірмелерін, шығармашылық орталықтарды ашып, жұмысын алға жылжытып отырған жандар да бар. Осындай тәлім мен тәрбие ошақтарының бірі – Шонжы ауылындағы «Өрлеу» интеллектуалды өнер-білім орталығы. Ауданымыздан шыққан жас кәсіпкер Дархан Болатов негізін қалаған өнер мен білімнің біте қайнасқан қазаны білімді жас ұрпақтың жарқын болашағына жағылған жарық шамшырақ болды. Естеріңізге салсақ, бұл қосымша білім беру ордасы 2019 жылы қыркүйек айынан бастап «Zhas project» жастар бағдарламасымен «Өрлеу» өнер мектебі атымен ашылып, ағымдағы жылдың басында мемлекеттік-жеке меншік әріптестігі аясында «Өрлеу» интеллектуалды өнер-білім орталығы деп өзгертіліп, қазіргі таңда өнерге, білімге жаны құштар жастарды тәрбиелеп келеді. Орталықтың құрылтайшысы – Досгүл Құлжабекова, директоры – Нұрсұлтан Болатұлы. Аталмыш мектеп ашылғалы бері қаққан қанаттары мен шыққан биіктерін, бағындырған асулары мен жеткен жетістіктерін көппен бөлісіп, ел алдында азды-көпті атқарған еңбектерінің есебін беру мақсатында жылдың қорытынды концертін жасады.
Аудандық мәдениет үйінің кіреберісі орталықтың қылқалам шеберлері мен қолөнершілері жасаған қол бұйымдары мен суреттері қойылған көрмемен көмкерілген. Көздің жауын алады. Шараның басы осындай тамаша орталықтың құрылуына бірден-бір себепші болған Дархан Болатов пен орталық директоры Нұрсұлтан Болатұлы және Әділ Қызайбайдың орындауындағы «Ұлы дала» әнімен бастау алды. Бұл әнді күйшілер күмбірлете сүйемелдеп, бишілер айналасын әрлеп, одан әрі сәнін кіргізді. Концерттің ерекшелігі сол, орталықта өнер мен білімнің нәріне қанған шәкірттер ұяда көргенін көптің алдында паш ете білді. Сондай-ақ орындалған әрбір сахналық нөмірде үйірмеге жауапты жетекшінің еңбегі де жарқырап көрінді. Қазақтың қоңыр үнді домбырасының көмейінен күй төгіліп, таңдайына талант ұя салған жас әншілердің әуелеген әні көрерменге керемет көңіл-күй сыйлай алды. Би үйірмесінің де мың бұралған бишілері орталықта үйренген өнерлерін қалың көрерменге тарту етті. Атын да ерекше атап өтетін нағыз өнерді сүйген жан, ақын, ауданның беделді ақсақалы Мамытхан Құдайбергеновтың шәкірттері де қазақтың айтыс өнерін дәріптеп, ұлттың қайталанбас құндылығын сахнада жақұттай жарқырата алды. Орталықта қызмет ететін әрбір қызметкер мен оқытушы концерттен шет қалмай, өзіне жүктелген образды атқарып, өздерінің қандай орталықта еңбек етіп жүргендерін дәлелдеді. Жиылған көзі қарақты қалың көрерменнің езуіне күлкі, жүрегіне жылулық ұялап, жас буынның өнерінен тамаша әсер алып қайтты.
Жалпы өнер деген – қасиетті өлке! Ол өлкеге екінің бірі ат ізін сала бермейді. Ал жастайынан шабыттың тайының жалын тартып мініп, өнердің киелі өлкесінде шапқылап, бойындағы дарыны ашылған соң нағыз таланттың тұлпарын таңдап, үзеңгісіне аяғын салып, ат ізін қалдыратын ұл-қыздар жүзден біреу. Осындай сайыпқырандарды тәрбиелеп шығаратын “Өрлеу” өнер-білім орталығы бүгінде кіл мықтыларды баптап, болашақта бәйгеге қосуға және өнер жарысында аламанның алды боларына еш күмәнсіз қарайды. Өнер мектебі шабытын шыңдаған адуынды жас ақындардың, көмейінен күй төгілген күмбір домбыраны серік еткен күйшілер мен жыршылардың, таңдайына бұлбұл ұя салған күміскөмей әншілердің, қыл қаламынан көркем туынды жарық көрген жас суретшілердің, мың бұралған бишілердің бойындағы бұлағының көзін ашып, жүздеген шәкірттің шеберлігін шыңдап келеді. Болашақта осы өнер ошағы теңдесі жоқ өнерпаздарды дайындап шығаратын рухани шеберханаға айналуына біз шынайы тілекшіміз!
Ақжол НҰРДӘУЛЕТҰЛЫ