
Өңірдегі туристік әлеуетті арттыру және келушілерге қолайлы жағдай қалыптастыру бағытында инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Табиғи көрікті аумақтарды абаттандыру, қауіпсіз әрі заманауи туристік нысандармен қамтамасыз ету – ішкі туризмді дамытудағы маңызды қадамдардың бірі. Жұмыс сапары барысында «Шарын» және «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи парктерінің аумақтары, сондай-ақ Райымбек ауданындағы Тұзкөл және «Тас Төбе» жотасы бағыттарындағы туристік инфрақұрылым нысандары қаралды. Қазіргі таңда аталған аумақтарда туристер үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған бірқатар жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, эко-баспалдақтар, қарау алаңдары, демалыс орындары және экологиялық сатылар салу жұмыстары жүргізілуде. Мұндай нысандар табиғи аумақтарға келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, туристік бағыттардың тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді. Табиғи көрікті жерлерді абаттандыру кезінде қоршаған ортаға ұқыпты қарау, табиғи ландшафты сақтау және экологиялық талаптарды ескеру ерекше маңызға ие. Сондықтан туристік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары табиғатты қорғау міндеттерімен сабақтастықта жүзеге асырылуы қажет. Зерделеу барысында орнатылған инфрақұрылым нысандарының сапасы мен қауіпсіздігі, орындалған жұмыстардың жобалық шешімдерге және белгіленген техникалық талаптарға сәйкестігі қаралды. Бұл ретте туристердің қауіпсіздігі мен нысандардың ұзақ мерзімді пайдалануға жарамдылығын қамтамасыз ету басты назарда болды. Жалпы, туристік инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жаңғырту өңірдің табиғи әлеуетін тиімді пайдалануға, туристер үшін қолайлы орта қалыптастыруға және туризм саласының одан әрі дамуына оң ықпал етеді. Сапалы жол, қауіпсіз соқпақ, демалыс орны мен көрініс алаңдарының болуы – туристік бағыттың тартымдылығын арттыратын негізгі факторлардың бірі. Зерделеу қорытындысы бойынша мердігер ұйымға инфрақұрылым нысандарының сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ жұмыстарды белгіленген мерзімдерде сапалы аяқтау бойынша тиісті тапсырмалар берілді. Туристік нысандардың сапалы дамуы – өңірдің табиғи байлығын танытып қана қоймай, оны келер ұрпаққа сақтаудың да маңызды тетігі. Сондықтан абаттандыру мен инфрақұрылымдық жұмыстардың сапалы әрі талапқа сай жүргізілуі туризм саласының тұрақты дамуына берік негіз болады.
