Басты бет Ақпарат ағыны Еңбектің наны тәтті…

Еңбектің наны тәтті…

0
23

Ағымдағы жылдың 4 желтоқсан күні Алматы облысының әкімі М.Сұлтанғазиев аймақтың ауылшаруашылық саласында тер төгіп жүрген кәсіпкер, шопан, егінші, бағбан азаматтармен арнайы кездесті. Бұл – ауылшаруашылығы күні мерекесімен орайластырылған ауқымды іс-шара болатын. Айтулы күнге әр ауданның ауылшаруашылығы саласында айтарлықтай еңбегі сіңген, облысымыздың ауылшаруашылығы саласының өсіп, өркендеуіне қомақты үлесін қосып жүрген бірқатар еңбеккер азаматтарды арнайы шақырды.

Әр жылдың жомарт күзін шығарып саларда ауылшаруашылығы саласында аянбай тер төгіп, диқаншылықтан берекет іздеп, шопандықты кәсіп етіп, бау-бақшадан нәпақа тауып, жер анадан несібесін терген нағыз еңбеккерлердің күнін атап өту ұзақ жылдардан бері бұзылмаған үрдіске айналған. Бұл күннің тарихына үңілер болсақ,  ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесін атап өту дәстүрі сонау Кеңестер одағының Жоғарғы Кеңесі Президиумының қаулысымен 1988 жылы қараша айының үшінші жексенбісі ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің күні болып белгіленген екен. Ал Қазақстан Тәуелсіз мемлекет атанған соң, жоғалғанын іздеп, жетпегенін түгендеп жатқанда мұндай тарихи күндердің де күнтізбеден өшіп кетпеуіне әрекет етіп, дәстүрдің дұрыстығын сақтап, 1998 жылы қарашаның үшінші жексенбісін бұрынғыша ауылшаруашылығы қызметкерлерінің күнін мерекелеу күні ретінде заңнамалық деңгейде бекітті.

Осындай мерекені облыс көлемінде атап өту шарасына ауданымыздан бірқатар шаруақожалықтар мен кәсіпкерлер қатысып келді. Жылдың қорытындысы бойынша, егіні бітік шығып, қамбаны астыққа толтырған, техника сатып алып, саланың жұмысын жандандырған, төрт түлік малды мыңғыртып айдап, ет-сүт өнімдерінің өндірісін ұлғайтқан, бау-бақшаны баптап, тонналап жеміс-жидек жинаған үздік шаруаларды облыс басшысы өзінің алғыс хат, құрмет грамотасымен марапаттады. Сонымен қатар, ауылшаруашылығы министрінің тағайындаған марапаттарын да лайықты азаматтарға көпшіліктің алдында табыс етті.

Біздің өңірден барған Ақтам ауылдық округінде өз кәсібін дөңгелетіп отырған «SER» шаруақожалығының төрағасы Сапарбаев Султанбек СатымқұлұлыҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Үлкен Ақсу ауылдық округінің аумағында еңбек етіп жүрген «Ислам» шаруақожалығының төрағасы Исмаилов Махмут ИсраилұлыАуыл шаруашылығы министрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Сүмбе ауылдық округіне қарасты Шошанай ауылында өзінің шаруашылығын жүргізіп,  үздіктердің қатарынан көріне білген «Өркен» шаруақожалығының төрағасы Мұқажанов Айдар Мәуленұлы Алматы облысы әкімінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Ал Шарын ауылында тер төгіп, саланың дамуына үлес қосып жүрген «Юсуф» шаруақожалығының төрағасы Мухтаров Зульяр ШахмуратұлыОблыстық ауыл шаруашылығы басқармасының

«Құрмет грамотасымен» марапатталды. Сонымен қатар бұл шараға бірқатар үздік ауылдық округ әкімдері де арнайы шақырылды. Олардың да қоржыны бос қайтқан жоқ. Жыл сайынғы игі дәстүрге айналған ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін ұйымдастыру жұмыстарының жалпы сапасы бойынша жергілікті әкімдердің де еңбегі еленді. Бұл бағыт бойынша Ақтам ауылдық округінің әкімі Көжекбаев Айдар Иембердіұлына ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін ұйымдастыруда белсенділігі үшін 200 мың теңгелік сертификат табыс етілді.

Осылайша ауылшаруашылық саласында табандылық танытып, ерен еңбекті мақсат еткен жандардың маңдай терінің шынайы бағасы беріліп, алдағы уақыттағы жұмыс маусымына деген ынталарын оятып, жігерлерін жани түсті. Ел экономикасы мен әлеуметтік саласының дамуына айтарлықтай септігін тигізетін ауылшаруашылық саласы жылдан-жылға оң өзгерістермен және тың серпілістермен толығыса берсін.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ДИРЕКТОР – ЖҮЛДЕГЕР

«Білім беру ұйымының табысты көшбасшысы» атты облыстық байқауы өткізілді. Байқау жалпы біл…