ТӘУЕЛСІЗДІК – КИЕЛІ ҰҒЫМ

0
76

                                       Барымыз да, бағымыз да – Тәуелсіздік.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Сонау ғасырлар бойы бодандықтың зардабын шегіп, тынысы тарылып тәуелсіздікті аңсаған халықтың арманында шек болмады. Біреудің қол астында болу, езгісіне ұшырау, өзінде барын емін-еркін пайдалана алмаудың өзі қаншалықты қасірет десеңізші. Жетісудың төрінде, «жер ұйықтың» өзінде орналасқан байтақ, кең далама қаншама көздер түспеді. Ата-бабамыз сол жерімізді қорғау үшін болашақ ұрпаққа аманаттау мақсатында аянып қалған жоқ.  Тарихқа үңілетін болсақ, қаншама хандар мен билер, батырлармен қолбасшылар  ар-намысты қолдан бермей, рұхын биік ұстап, бостандық үшін күрескен еді. Тіпті олар үшін ең жоғары орында жанынанда қымбат елдің  тәуелсіздігі болды. Азат ел, еркін халық өмірінің баянды да бақытты, болуға ұйытқы болған қаншама жаужүрек азаматтарымыздың есімдері тарих беттерінде алтын әріппен жазылғанын жақсы білеміз.  Әрине халықты бір тудің астына жинау, ауызбіршіліктің маңыздылығын ескерді. Сонда ғана бостандық таңының арайлап атуына сенімдері кәміл болды.

1986 жылғы   Алматыдағы Желтоқсан оқиғасы қазақ жерін дүр сілкіндірді. Қаншама жас боздақтарымыз алаңға шықты. Олардың  бір ғана мақсаты болды, ол болса да отаршылдық және әміршілік жүйеге қарсы шығу еді. Алайда аса қатыгездікпен жас саңлақтарымызды айыптап, тұтқындады да, бас бостандығынан айырып, тіпті өлім жазасына кесті.  Солардың бірі Қайрат Рысқұлбеков және Ләззат Асанова секілді қаншама қара көздеріміз құрбан болып, қыршыннан  қиылды.  Уақыт өте 1991 жылы КСРО ның ыдырауына байланысты құрамындағы елдер өз алдына дербес мемлекет болып жатты. 1991 жылы 16 желтоқсанда  Қазақсан Тәуелсіз ел болып егемендігі туралы заңды қабылдады. Міне осылай тәуелсіздіктің арайлап, күн шуағын жерге шашып таңы ата бастады. Бастапқы жылдары бәрі оңай болған жоқ.

Еңбектеген жас баладай бірде сүрініп, бірде құлап ақырын-ақырын аяққа тұра бастаған еліміздің жағдайы оңала басталды. Сол қиындықтарға қасқайып қарсы тұра білген, қиындықты жеңе білген, халық достық туын мықтап ұстап, адалдық пен достықтың, шынайылық пен сүйіспеншіліктің не екенін тағы бір дәлелдеді.  Көп ұлтты Қазақстанды бүткіл дүние жүзі тани бастады. Егемендігімізді алғалы бері көптеген өзгерістер болды. Мемлекеттік Туымыз, Елтаңбамыз, Әнұранымыз сонымен қатар ұлттық валютамыз мемлекеттік тіліміз қазақ тілі болып, Қазақстанның Ата Заңы қабылданды.  Егемендікті нақыштайтын әрбір өзгеріс өз күштеріне ене бастады.  Еліміздің қарқынды дамуы мен экономикалық ахуалында да өзгерістер орын ала бастады. Халықтың тұрмыс-тіршілігі де, материалдық жағдайы да жақсарды.

Дархан даламыздың қойнауында Д.И.Менделеев жасаған кестесіндегі  элементтердің  жүзге тарта түрі табылады. Бұл дегеніміз жер асты байлықтарына өте бай екендігінен дерек береді.  Көркем табиғаты, шипалы су бар, аспанмен бой таласқан асқар таулары мен баурайында неше түрлі аңдар өмір сүрген керемет сұлулықың дәлелі болған еліміздің болашағы зор. Тәуелсіз елімізде бейбітшілік пен достықты ту етіп, тыныштықтың ұйытқысы болып отырған 130 дан астам ұлт өкілдері тату-тәтті бір үйдің баласындай өмір сүруде.  Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі ұрпақтары білімді, ой-өрісі кең, танымдық қабілеті жоғары, бір-біріне бауырмал, мейірімді. «Отан-оттан да ыстық» демекші әрбір адамзаттың туған жері ыстық. Еліміздің гүлденуі мен қарқынды дамуы сол елдің жастарының қолында.  Анамның алақанындай жылы, әкемнің құшағындай кең, қазақ халқының пейіліндей  кіршіксіз дархан далам Тәуелсіз Қазақстаным өзіңдей елде туғаныма қуанамын, әрі бақыттымын. Тәуелсіз Қазақсанда туып, білім алып, гүлдей жайнап, өсіп жатқан өскелең ұрпақтармыз. Отанымыздың дамуына, дүние жүзін мойындататын, білімді де, білікті болып, экономикалық және мәдени, ұлттық құндылықтарды бойымызға сіңіріп бір кісілік үлесімізді қосып, Тәуелсіздіктің туын биік ұстап еңбек етуге міндеттіміз.

Қазақстанымның Тәуелсыздігі тұғырлы, тамыры берік, арманы асқақ, талғамы биік, тыныштық пен береке-бірлік орнаған еліміздің болашағы бұдан да жарқын болатынына сенеміз!

Гулжахан МАМИШЕВА,

№5 Шонжы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиет мұғалімі

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ҰЛТЫМЫЗДЫҢ НАМЫСЫ ҚОРҒАЛҒАН КҮН

      1986 жылы желтоқсанда Алматыда болған қазақ жастарының сол тұстағы орталық билікке, …