Қазір ақпарат алу мүмкіндігі бұрынғыдан әлдеқайда кең. Әлеуметтік желілер, жаңалық сайттары, баспасөз басылымдары мен ауылдағы LED-экрандар арқылы ел өміріндегі маңызды оқиғалар туралы мәліметтерді дер кезінде біліп отыруға болады. Мен де Шонжы ауылының белсенді жасы ретінде алдағы Құрылтай сайлауына қатысты материалдарды тұрақты қарап, оның мәні мен маңызына назар аударып жүрмін. Ауылымыздағы LED-экрандардан Құрылтай сайлауына арналған ақпараттық материалдар мен бейнероликтер көрсетілуде. Әлеуметтік желілерде де түсіндіру бағытындағы жарияланымдар тұрақты түрде шығып келеді. Сонымен қатар аудандық газет беттеріндегі мақалаларға көз жүгіртіп, ресми интернет-ресурстарда жарияланған мәліметтерді оқып, өзімізге қажетті ақпараттарды алып отырмыз. Жастар үшін ақпараттың берілу форматы да маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, қысқа әрі мазмұнды креативті бейнероликтердің өзіндік әсері бар. Көрнекі материалдар негізгі ойды тез қабылдауға мүмкіндік беріп, назарды маңызды мәселеге аударады. Әсіресе әлеуметтік желіні белсенді пайдаланатын жастар үшін мұндай заманауи форматтар тиімді деп ойлаймын. Мен үшін ақпаратпен танысу – белгілі бір науқанға қатысты мәліметті ғана білу емес. Ең алдымен, болып жатқан үдерістің мәнін түсініп, түрлі материалдарды қарап, қажетті қорытынды жасай білу маңызды. Қоғамдық маңызы бар мәселе жөнінде пікір қалыптастыру үшін асығыс шешімнен гөрі, мәселенің мазмұнына үңіліп, нақты мәліметке сүйенген дұрыс. Бүгінде жастардың қоғамдағы рөлі ерекше. Жастардың белсенділігі тек мәдени, спорттық немесе қоғамдық іс-шараларға қатысумен шектелмеуі тиіс. Қоғамда болып жатқан өзгерістерге қызығушылық таныту, маңызды мәселелерге назар аудару, өз көзқарасын қалыптастыру және азаматтық міндетін сезіну де – белсенді азамат болудың бір көрінісі. Шонжы ауылының жастары да ел өміріндегі маңызды оқиғаларға назар аударып, ақпараттық жұмыстардан тыс қалмауға тырысып келеді. Бізге қажетті мәліметтер қолжетімді. Ендігі мәселе – сол ақпаратты дұрыс қабылдап, түсініп, жауапкершілікпен қарау. Алдымызда маңызды күн тұр. Мұндай сәтте әр адамның өз ұстанымы мен жауапкершілігі болады. Меніңше, азамат үшін ең маңыздысы – шешім қабылдамас бұрын мәселенің мәнін түсіну, қажетті материалдарды қарап шығу және өз таңдауына жауапкершілікпен қарау. Құрылтай сайлауы – елдің қоғамдық өміріндегі маңызды кезең. Сондықтан оған жастардың да қызығушылық танытып, азаматтық белсенділік көрсетуі орынды. Біз болашаққа қатысты мәселелерді тек аға буынға қалдырмай, өзіміз де қоғамның бір бөлігі ретінде жауапкершілік танытуымыз қажет. Болашақ туралы айтқанда, жастардың үнсіз қалуы дұрыс емес деп есептеймін. Себебі ертеңгі күннің келбетін қалыптастыратын буын – бүгінгі жастар. Біздің біліміміз, көзқарасымыз, белсенділігіміз бен жауапкершілігіміз елдің келешегіне өз әсерін тигізеді. Сондықтан мен өз қатарластарымды Құрылтай сайлауында дауыс беріп, өз азаматтық ұстанымын саналы түрде айқындауға шақырамын.
Алдағы маңызды күні қоғамдық өмірден шет қалмай, ел болашағына қатысты өз таңдауымызды жасайық. Болашақ – бүгінгі жауапкершіліктен басталады.
Ұйғыр ауданы, Шонжы ауылдық округінің жастар белсендісі Муртузаева Мунира

