Жылдағы дәстүр бойынша мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жария етті. Онда көптеген көкейтесті мәселелер сөз болды. Менің қолайыма жаққаны ауылшаруашылығына қатысты келелі мәселелердің көтерілгені. Агроөнеркәсіп саласын жаңғырту қажеттігін айтқанына шыны керек қуандым. Ауыл дамыған кезде қаланың көркейетіндігі ақиқат. Ауылшаруашылығындағы қолда бар мүмкіндіктерді толық пайдалана алмай отырғанымызды тіліне тиек еткен мемлекет басшысы өзімізден өндірілетін өнім көлемі мен сапаын арттыруды ұсынды.
Ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамыту сияқты біз үшін болашағы зор бағыттарға басымдық берудің абзалдығын айтты. Сонымен бірге өз еліміздегі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының әлеуетін қаперден шығармауды ұсынды.
100-ден астам ірі сүт-тауар фермасы салынып жатқан Солтүстік Қазақстан облысының жетістіктері көпке үлгі етті. Шаруалардың тәжірибесі мол, жем-шөп қоры да жеткілікті екендігін айтты. Құс фабрикаларын, көкөніс қоймаларын, ет өнімдерін шығаратын кәсіпорындар салған кезде осы тәжірибені басшылыққа алу керектігін ескертті. Біздің аудандағы құс фабрикамыз қаншама адамға жұмыс орнын ашып, өнімін республиканың түкпір-түкпіріне таратып отырғанына бәріміз куәміз.
Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды. «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екенін де ескертіп өтті. Оның келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керектігін айтып, жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажеттігін және оған қажетті жағдай жасалуы тиістігін тіліне тиек етті. Өте дөп айтылған ұсыныс деп қабылдадық. Ауылшаруашылығы техникаларының заман талабына сай жаңалануы да сөз болды. Ең болмағанда жыл сайын 8-10 пайыздан жаңартып отыруды ұсынғаны да көңілге қонымды болды деп қабылдауымыз керек.
«Егін шаруашылығында маңызды реформа жасайтын кез келді. Егіс түрлерін көбейтуіміз керек. Сондай-ақ көбірек пайда әкелетін дақылдар еккен жөн. Суды көп қажет ететін егіс алқабын біртіндеп азайтып, бір ғана дақыл түрін егуді шектеу қажет. Диқандарды жергілікті тұқыммен қамтамасыз ету маңызды. Сонымен қатар жаңа сұрыптарды шығарып, оны өсіру мәселесін шешкен жөн, деген ойын құптаймын. Соңғы кезде егін шаруашылығының аумағы азайғандығы ешкімге жасырын емес. Кезіндегі ауданымыз ғана емес, облысты қамтамасыз еткен колхоз, совхоздар өсірген жүгері, бидай, арпа, сұлыны қайтадан қолға алу керек. Сонда ғана отандық өнімнің, өз өніміміздің қызығын көреміз. Баға да арзандайды. Шүкір қазір де тұрмысымыз жаман емес. Дей тұрғанмен барлық мүмкіндіктерді толық пайдалансақ тіршілігіміз өрге басатыны сөзсіз. Жолдауда нақты тапсырмалар берілді, ендігі міндет оның жүзеге асуы.
Болат ҚОҚЫМДИЕВ,Қырғызсай ауылының әкімі