Халқымыз отбасына, отбасы құндылықтарына аса мән берген. Жесірін қаңғытпай, жетімін жылатпаған ата-бабаларымыз отбасын құруды, оны сақтап қалуды елдіктің негізі деп білген. «Отан – отбасынан басталады» деген сөз осыдан шықса керек. Алайда, бүгінгі ұрпақ бабалар аманатына селқос қарап, қоғамда отбасы деген үлкен құндылықтың мәні қалмай бара жатқандай. Шыны осы.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, ажырасудан ТМД елдері арасында көш бастап, алғашқы ондықтың қатарында келеміз. Тіпті, көрші Өзбекстанның өзінде ажырасу деңгейі 10 пайызға жетпейді. Тәжікстанда тіпті төмен. Ал еліміздегі мәліметтер жаға ұстатарлық. Қазақстанда ажырасу көрсеткіші 40 пайызға жетіпті. Әсіресе, Шығыс, Солтүстік облыстар мен Астана, Алматы қалаларында отбасы көп бұзылады екен. ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті ұсынған деректерге сүйенсек, онжылдықта 1,5 млн. қазақстандық некесін қиған. Осы уақыт ішінде жарты милионнан астамы ажырасып кеткен. Көпшілігі некеде 5-9 жыл тұрған 30-34 жас аралығындағы азаматтар. Көбісінің ортақ балалары бар. Статистика мәліметтері көрсеткендей ажырасу фактілері қалалық жерде жиі кездеседі. Оның себебіне үңілер болсақ, мінездері келіспеген, материалдық жағдайлары онша емес немесе еркегі маскүнем, ойынқұмар, әйелі оған төзе алмайды. Әрине мың сылтау айтуға болады. Бірақ ең басты құндылық саналатын отбасын құру, оны сақтап қалу деген қағидаға келгенде екі жақ та солқылдақтың танытып жататыны өкінішті. Қай заманда, қай қоғамда болмасын ажырасу – ұлттың рухани құлдырауына әкеледі. Қалай десек те, отбасы – қоғамның баға жетпес құндылығы. Сондықтан отбасының шаңырағын шайқалтпай, берік ұстау әр азаматтың өз қолында.
Ұл-қызымызға дұрыс тәрбие беру арқылы ғана, Қазақстан деген үлкен отбасының гүлденуіне жол ашамыз. Сөз түйіні, ажырасу отбасы мүшелерінің барлығына, қала берді оның ішінде, жасөспірім балалардың енді ғана өсіп келе жатқан тұлғалық қасиетіне айтарлықтай зардабын тигізеді. Сондықтан отбасында ажырасуды болдырмау, олардың алдын-алу жалпы қоғам алдында тұрған жалпы міндет деп санаймын.
Радик МАНАПОВ,
аудандық соттың бас маманы