ТАУ ТҰЛҒА

0
5,567

Бір салада ұзақ жыл еңбек етсе де, кейде есте қалмайтын немесе ұмыт болатын жандар аз емес. Керісінше аз уақыттың ішінде мінезімен, адами қасиетімен адам жадынан шығаруға болмайтын кейіпкерлер болады. Олар бақилық боп кетсе де, әр әрекеті, тіпті сөйлеген сөзі құлағыңнан да, есіңнен де шықпайды. Әрине, саналы ғұмырымыз мемлекеттік қызметте өткен біз сияқты адамдардың өмірлік жолымызда қаншама адамдармен қызметтес болу, қаншама жоғары лауазымда жүрген жандармен сыйласу, танымал өнер адамдарымен араласу бақыты бұйырды десеңізші. Сондай атақты, танымал жандардың ішіндегі өз басым құрмет тұтатын, бағалайтын, сыйлайтын, ешқашан есімнен шығарып көрмеген жанның бірі – Ашим Арзиев.

Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып ауданды ұзақ жыл басқарған басшылардың қатарында ол кісінің есімі ерекше аталады. Ол заңдылық болар. Өйткені зор тұлғасының өзі бір көрген адамның мысын басатындай тау тұлға болатын. Жүріс-тұрысынан зиялылық құйылып тұратын. Ал сөйлейтін болса, жетер жеріне жеткізетін қарымына ешкім тең келе алмайтын. Биыл тірі болғанында 90 жасты еңсеріп, абыз ақсақал атанып отырар еді. Амал жоқ, артында айтып жүрер әңгімесі қалды. Білімді, мәдениетті, зиялы ұрпағы бар. Кеңестер Одағында қызмет еткен жандардың барлығы дерлік біледі, коммунистік партияның мүшелігіне өту дегеніңіз қиямет-қайым әрекет. Мінездемеңіз, жұмыстағы тәртібіңіз, отбасылық жағдайыңыз бәрі-бәрі шыныдай таза болуы шарт. Жас мамандар үшін ондай құрметке жету үшін көптеген сатылардан сүрінбей өтіп, айналаңыздағы адамдардың сенім артуы міндетті болатын.
Менің де осындай партияға мүшелікке қабылдануыма мұрындық болған Ашим Арзиев еді. “Жассың, өсесің, қызметтік баспалдақтардан өтуіңе көмегі болады” деп, партияға қабылдатқызған да сол кісі. “ХХІІІ партия съезі” атындағы колхозға, Дардамты ауылына агроном етіп жіберді. Онда 4,5 жыл еңбек еттім. Сосын Қалжат ауылына парторг етіп тағайындады, колхоз басшысы лауазымдарында болдым. Жұмысқа өте талапшыл, жинақылықты, жауапкершілікті жаны сүйетін. Айтқан тапсырмасын мүлтіксіз орындаған адамдарды қатты сыйлайтын. Ол кісі үшін ұсақ-түйек деген мәселе жоқ-ты. Көзге ілінбейтін нәрсенің өзіне аса жоғары ыждағаттылықпен қарайтын. Колхозда басшымын. Күзгі жиын-терін уақыты. Бидайды төгетін қойма жоқ. Егер жауын-шашын жауса жаз бойғы еңбегіміз еш кететіні анық. Алдына бардым. Қойманың жоқтығын, аз күнде ауа-райы бұзылса жинаған астығымызды ысырапқа ұшыратып алатынымызды айттым. Іштей “ештеңе жасала қоймайды-ау” деген күмәнім басым. Таңертең жұмысқа келсем бір машинаға басқан шатыры бар колхозаралық мекеменің басшысы тұр. Айналдырған аз күннің ішінде қойма жасап ала қойдық. Жұмысына деген адалдық, жауапкершілік деуге келер.
Бір күні үйге түс мезгілінде келсем Тамараның көзі алақандай боп тұр. Ашим ағаның өзі телефон шалып, менімен сөйлесті. Әбден қысылғаным-ай дейді. Жоғары жақтан ұятты кісілер келе жатқан көрінеді, соларды ұялмайтындай дастарқан жайып қарсы алу үшін менімен емес үйдегі «хозяйкаммен» ақылдасқан. Жасайтын ыстық тамағының түрі, шайы, дастарқанға салынатын, тәтті, жылы, жұмсақтарын сұрап, қайсысы бар, жоқтығын да білген. Не деген сарабдалдық. Тамара ұялғанынан “бәрін табамыз” деп уәде беріпті. Қонақтар кеткен соң ризашылығын айтып, әйелдердің қонақжайлығы, қолының дәмділігі туралы мақтау естіп, марқайып қалғаным бар еді. Кейін өзімнің басымнан да осыған ұқсас оқиға өтті. Облыс орталығынан келетін тексерушіні үш ауылға апардым. Сондағы қызық, үш басшының үйі де түшпара дайындапты. Келген кісі қатты қапаланып, осыдан басқа тамақ дайындау қолымыздан келмегендігін қатты сынға алғаны бар. Сол мезетте Ашим Арзиевтың дастарқан мәзіріне араласқандығының сырын жақсы түсінгенім бар.
«Ақылды қызметінен кеткен басшыдан сұра» дейтін нақыл сөз бар екен. Кеткен басшылар жөнінде жақсы әңгімелер айтуға онша құлқымыз болмайтын жаман әдетіміз де жоқ емес. Дей тұрғанмен, Ашим Арзиев туралы оның шәкірті, қызметке баулыған інісі реітнде тек жақсылығын айтқым келіп тұрады. Адами бет-бейнесі, отбасындағы балаларына берген тәрбиесі, қызметте жүрген әріптестеріне көрсеткен үлгісі жөнінде ұзақ әңгімелеуге болады. Егер менің бойымда адамдарға ұнайтын жақсы қасиет, қабілет болып жатса, онда ол Ашим Арзиевтің еңбегі дер едім. Әрине әкемнің қанымен, анамның ақ сүтімен берілген мінезден басқа басшылық, ұйымдастырушылық, ортаға сіңу деген құлықтар болып жатса ол да ұстазым Ашим ағаның берген тәлімінің арқасы екендігі даусыз. Адамдармен тіл табыса білу, ойыңды ашық айту, мәймөңкелемеу, өзіндік пікір қалыптастыру сияқты мінездерді де қалыптастырған осы кісі.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді дана халқымыз. Ауданды 18 жыл басқарып, талай мықты, білікті, білімді кадр дайындаған Ашим Арзиевтың 90 жылдығы аудан көлемінде аталып өтпекші. Бұл жақсы үрдіс. Өткенін ұмытқандардың, болашағы бұлыңғыр. Біз үшін тау тұлға болған, бүгінде есімі тарихқа айналған Ашим Арзиевтің өмірбаяны, басып өткен еңбек жолы, адамгершілік қасиеті жайлы әлі талай айтылатындығына сенімім мол. Кадр дайындауда, таңдауда қателіктерге ұрынбайтын, сосын сол кадрлардың жақсы азамат, тұлға болып қалыптасуларына өзіндік ізін салған тау тұлға ағамыз туралы аз да болса естелік айтуды жөн көрдім. Әлі мүмкін кітаптар жазылып, деректі фильмдер түсірілер. Өзім Арзиевтің тоқпағынан шығып, шыңдалып, аудан көлемінде біраз қызметтер атқарғанымды бүгін мақтаныш тұтамын.

Артында қалған ұрпағының да биік белестерді бағындырып, республика деңгейінде ірі қызметтер атқарғандығын жақсы білеміз. Ол кісінің өмірі өнегелі, жүріп өткен жолы үлгілі. Сондықтан елі, ауданы үшін тер төгіп, бірталай тың бастамаларға мұрындық болған Ашим Арзиевтің 90 жылдығы тек бір шаңырақтың ғана емес, жалпы ауданның тойы, аудан халқының қуанышы. Той құтты болсын!

Жеңіс ТОЙШЫБЕКОВ,
аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы

Бөлісу:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ШЫҢДАРДЫ БАҒЫНДЫРУ БАҚЫТЫ БҰЙЫРҒАЙ…

Елімізде Мемлекет басшысының бастамасымен жаңа форматтағы көшбасшыларды іріктеу мен кәсіби…