«Мен жастарға: «Алдарыңда таудай талап тұр. Өмір заңғарлары үнемі биікке шығарады.Оған жету үшін талмай ізденіңдер?» – дер едім. Жастарға тоғышарлық, бойкүйездік дертінен аулақ, сергек, сезімтал болған жарасады», – деп Ғабит Мүсірепов жастарға өз ойын жеткізген еді. Шындығында талпынысы таудай, алдында бірнеше мақсаты бар, өршіл жастардың бүгінгі тіршілігіне тамсанып та, таңданып та қараймыз. Олардың бойындағы жастық жігері талай белестерді, асуларды, шыңдарды бағындыруға жетерліктей. Өзгеге үлгі боларлықтай.
«Жас келсе іске» деген сөз бар. Мұнда түсінгеннің түйсігін оятатын үлкен мән, мағына жатыр. Елбасының салиқалы саясатын жүзеге асырып, болашақтың тұтқасы болар, өз ісінің шебері атанған жастарымыз да қоғамға бір кісідей атсалысып келеді. Текті бабаның тәлімін, тәрбиесін алған өскелең ұрпақтың ел үмітін ақтарына да сенім мол. Бүгінгі таңда біреуге алақанын жаймай, барынша өрге ұмтылып, өнерімен, іскерлігімен талайды тамсандырған жастардың қатары аз емес. Солардың бірі Шонжы ауылының тұрғыны, заман талабына сай аудан тұрғындарына қызмет жасап жүрген Назымжан Апизов. Жүзінен мейірімі байқалатын Назымжанның кәсіп бастағанына бар-жоғы екі жылдың жүзі болған. Мамандығы – электрик. Алғашында «КазРосБройлер» құс фабрикасында мамандығы бойынша кезекші электрик жұмысында істейді. Сол жерде жүріп, айлығын жинап, кәсіп бастауға деген ұмтылыс жасайды. Бұған дейін елдердің ұялы телефондарын жөндеуден өткізіп, қызығушылық танытып жүреді. Уақыт келе мақсатына қол жеткізіп, шағын бөлмені жалға алып, жұмысын жүргізе бастайды. Оның айтуынша, алғаш ашылғанда адамдардың келуі аз болған. Тіпті жалға алған орынның қаражатын төлеу қиынға соққан көрінеді. Бұл кезде Назымжан кешкі уақытта кафелердегі жұмысшыларды үйді-үйіне тасып, күндізгі уақытта Шонжы ауылының ішінде таксист болып жұмыс жасап, қаражат тауып жүреді. Осылайша адамдармен тіл табысып, ұялы телефондарын жөндеуден өткізіп, жыл сайын шығатын жаңа телефондардың құрылымын меңгере бастайды. Бар-жоғы екі жылдың ішінде клиенттерінің саны артып, қазіргі уақытта кезекте тұратындардың санын да жасырмады. «Арамдық адам баласына жат қасиет. Әр адамның көңілін тауып, бұзылған дүниесін сапалы жасауға тырысамын. Тапқан табысымның адал жолмен келгендігін, клиенттерімнің маған сенгендігін қалаймын. Кейде адамдардың ұялы телефондарын жөндеуден өткізіп, ол көп ұзамай қайта бұзылса тегін жасап беруге тырысамын. Жақсылықтың артында үлкен сауап жатыр», – дейді ол. Жұмыс орны шағын ғана бөлме. Бірақ тұрмысқа қажеттінің барлығы бар. Назымжаннан көмек сұрап, өтініш білдіріп жатқандар да жетерлік. Еш адамның көңілін қалдырмай, қиыншылықтарын шешіп беруге тырысып жатыр.
«Кәсіп түбі – нәсіп» деп тектен тек айтылмаса керек. Назымжан отбасылы. Бір қыздың әкесі. Бүгінгі кәсібі отбасын асырауға, қажетін алуға жеткілікті. Адам бойындағы ең асыл қасиет – талпыныс екендігі шындық. Талпыныс – тауға да, тасқа да жетелейтіндігі тағы бар. Жұмыс болған соң кедергілердің, қиыншылықтардың болып тұратыны айдан анық. Ол кедергілердің ешқайсысы Назымжанның талпынысын төмендеткен емес. Өзі мүмкіндігі шектеулі жандардың қатарында болса да, мемлекеттен жәрдем сұрап, қалталылардан көмек дәметкен жан емес. Елбасы өз сөзінде «Ықылым заманнан бері қазақ атамыз «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» деген сөз қалдырған. Қазақтың бұл мақаланың өзі бүгінгі күні айрықша мәнге ие болып отыр. Бұл заман білекке емес, білімге сенетін заман. Заманауи әлемде елдің қуаты, ең алдымен, білім мен ғылымда болатын уақытқа келдік. Сол білімді қажетке, тұрмыс игілігіне жарата білуімізбен ғана бағаланады. Инемен құдық қазғандай, қиын күрделі, орасан қажыр қайрат пен ерік-жігерді талап ететін білімсіз өмір тұл», – деп атап өткен болатын. Сол сияқты Назымжанның өз мамандығын қажетіне жаратып, тұрмыс игілігіне пайдаланып келеді. Атам қазақ «Таудай талап бергенше, бармақтай бақ бер» деп тектен тек айтпаған-ды. Басына қонған бағын бағалап, соған шүкіршілік айтып жүрген жігерлі жастардың болашағы жарқын, келешегі кемел болмақ.
«Жақсы сөз – жарым ырыс» демекші жаныңдағылар сенің жақсы қасиеттеріңді айтып жүргенге не жетсін? Ол үшін ниетіміз түзу, ісіміз адал болуы керек. Елдің ертеңі бүгінгі ұрпақтың қолында. Ел сенімін ақтау – парыз. Ендеше жалынды жастарымыздың жаны жақсылыққа құмар, алған мамандығына адал, өзгеге үлгі бола берсін демекпіз.
Думан
ТОЙҒАЗЫҰЛЫ