Жақында Ақтау қаласында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жүлдесі үшін «ҮІ Халық спорты ойындары» атты республикалық дода өтті. 4 жылда бір-ақ рет өтетін кешенді додада кәсіпқой спортшылар ғана емес, салауатты өмір салтын серік еткендер де өнер көрсеткен. Олар спорттың он үш түрінен яғни волейбол, стритбол, шағын футбол, жағажай волейболы, үстел теннисі, қазақ күресі, гір тасын көтеру, қол күресі, тоғызқұмалақ, асық ату, президенттік көпсайыс, стрит воркаут, спорттық бағдарлау сынды ойындар бойынша бақ сынасқан. Бұған Алматы облысының жігіттері мен қыздарынан құралған бірнеше құрама-команда қатысып, жүлделі орындармен оралды. Оның ішінде стритбол ойынына құралған құрама команда айтарлықтай өнерлерін көрсетіп, жеңіс тұғырына бір табан жақындаған көрінеді. Десе де спортшыларымыз намысты қолдан бермей, көш бастап, екінші орынды қанжығаға байлап қайтты.
Аталмыш құрама команданың ішінде аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Асқар Ахметов болған еді. Оның айтуынша, спорттық ойындарды өткізудегі негізгі мақсат – Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауына сәйкес еліміздегі бұқаралық спортты дамытып, саламатты өмір салтын насихаттау және қалыптастыру болған. Тартысты әрі қызықты өткен сайыста Асқардың құрама командасы барын салып, тамаша өнер көрсеткен. Командада бірлік пен достықты, татулықты ту еткен азаматтар яғни тек кәсіби спортшылар ғана емес түрлі салада қызмет етіп жүргендер. Дегенмен олар да спорттан алыс азаматтар емес. Республикалық жарысқа дейін бірнеше мәрте дайындық жұмысын жүргізіп, бір отбасының балаларындай болған спортшылар ақтық демдері қалғанша облыстың намысын қорғау үшін бар күш-жігерлерін сарп еткен. Соның нәтижесінде еліміздің әр түкпірінен жиналған спортшыларды шаң қаптырып, бірнеше команданың арасынан топ жарып, екінші орынға қол жеткізіп отыр. Ал ауданымыздан республика деңгейіндегі сайыстарда өнер көрсетіп, жеңіске қол жеткізіп отырған Асқардың жеңісті күндері көп болсын дейміз. Бұл біз үшін үлкен қуаныш, зор құрмет болып отыр.
Думан
САРТБАЕВ