Басты бет Саясат ЭКСПО 2017 – БАЛАЛАРЫМЫЗДЫҢ БОЛАШАҒЫ

ЭКСПО 2017 – БАЛАЛАРЫМЫЗДЫҢ БОЛАШАҒЫ

0
1,144

Биылғы жаз еліміз үшін елеулі, есте қаларлықтай. Халықаралық ЭКСПО көрмесін көру үшін Астана төріне ағылған халықта қисап жоқ. Солардың ішінде біздің аудандық қазынашылық басқармасының қызметкерлері де мүмкіндікті пайдаланып барып қайтты. Олардың ішінде өзім де отбасыммен барғанымды мақтан етемін. Энергияның адам өміріне қаншалықты дем, қимыл-қозғалыс, шабыт беретіндігін кейде ойланбай жатамыз. 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйымның болашақтың энергиясы туралы өз ой-толғауларын жеткізетін бұл көрменің келешек үшін берері мол екендігіне тағы бір рет көз жеткіздім. 


Тәуелсіз Қазақстан-ның ең құнды, бағалы жобасы болған ЭКСПО көрмесі ұлттық мақтанышымызға айналды. «Болашақтың энергиясы» тақырыбының өзі әлемдік қауымдастықты ойландыратын, энергияның баламалы көзін қарастыратын керемет жоба. Тереңірек ойланар болсақ біз табиғаттан тек алуды, ысырап етуді білеміз де, оған қайтарым туралы тіпті ойлануды қойғандаймыз. Ал болашақ ұрпағымыз үшін не қалдырамыз деген сұрақ бүгінде әр жүректе тұратын болуы керек.
Маған отбасым және кішкентай сәбилерім үшін айтулы көрмеге бару бақыты бұйырды. Көрменің таңғажайыбын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Екінші бөпеміз әлі кішкентай болғандықтан қоларбамен бардық. Балаға деген құрметті, анаға деген сыйды осы жерде көрдік. Еш жерде кезек күтпедік. Балаларымның арқасында 12 сағат бойы шаршамай павильондарды кезексіз араладық. Өзіміз ғана емес кішкентай бөпелерімізге осындай ғаламат көрмені көрсеткенімізге риза болдық. Оның безендірілуі, мақсаты, тақырыбы және әр көрерменге деген құрметіне таңдай қақпау мүмкін емес. Бір сәтте көрменің бір бөлшегіне айналдық. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясында Қазақстанды таза, жасыл елге айналдырып, таза сумен қамтамасыз етуді мақсат еткен. Жасыл энергия да болашақ ұрпақтың тың бастамасы, мемлекетіміздің басты бағыттарының бірі. ЭКСПО аумағында интерактивті экспонаттар, ойындар мен шаралар балалар үшін таптырмас дүние болды. Кез келген павильонда балаларға арналған қызықты тақырыптар мен олардың ойлау қабілетін арттыратын жаңалықтарды көруге болатындығымен де ол өзінің қаншалықты құнды екендігін дәлелдеді. Егер алда-жалда көрмеге жолыңыз түссе саяхатыңызды міндетті түрде «Нұр Әлем» атты қазақстандық павильоннан бастаңыз. Мұнда келушілер энергияның космос, күн, биомасса, жел, су, кинетика түрлерімен таныс бола алады. Оны ешқандай ғылыми көзқарассыз-ақ түсіну, қабылдау оп-оңай. Үлкендер емес балалардың өзіне ұғынықты, түсінікті. Тіпті кейбір тұстарда үлкендердің өздері балалармен қосылып секіріп, педальді айналдырып, видеоойындарды қызықтай алады.
Көрмедегі 100-ден аса павильонда үлкен жәрмеңке қызықты көрсетілімдерімен, ойындарымен, саудаларымен ерекшеленді. Олардың барлығын бір күнде аралағың келеді, бірақ уақыт жеткізе алмайды екенсің. Балалармен бірге аралайтын жерлері өте көп.
ЕҢ ҚЫЗЫҚТЫ ПАВИЛЬОНДАР
Болашақтың мұражайы болатын «Нұр Әлем» 8 деңгейден тұрады. Оның әрқайсысынан балалар өздеріне қажетті дүниелерді таба алады. Соңғы деңгейі Астананың 2050 жылы қандай болатындығын көрсетеді. Тіпті балаларға макеттегі жобалардың тетігін басып, айналдырып, болашақтың энергиясы қалай бөлінетіндігін түсіндіруге болады. Су энергиясы «Судың күші» атты ойындық аумақта су доңғалағын айналдыру арқылы жарық береді. Насостармен, су бұрқақтармен, су қақпаларымен ойнауға болады. «Кинетикалық энергия» — мұнда ең қарапайым кинетикалық жаңалықтан басталып суперзаманауи түрлеріне дейін ұсынылған. Велосипедтің педалін басу арқылы адамдар өздері жарық бере алады. «Биомассалар энергиясы» аяқтың астындағы әйнекті еден тек үлкендерді ғана емес, балаларды да ертегі әлемінде жүргендей күй кештіреді.
«Жел энергиясы» деңгейінде сағатына 61 шақырым жел беретін табиғи құбылысты бақылаудың өзі бір бақыт. «Күн энергиясында» ғарыштық ғаламатпен күннен жерге дейінгі жылдамдықты бақылай аласыз.
«Үлгілі практик аумағы» аймағында 30 ерекше әлемдік деңгейдегі энергия өндірісі, сақталуы, әрі-бері тасымалдануы ұсынылған.
Сонымен қатар көршілердің павильонын аралауды ұсынған болар едім. «Россия» павильоны қатты ыстықтың қаупі мәселесін көрсетсе, «Өзбекстанда» барлық балаларға роботтармен ойнауға рұқсат етілген. «Әзірбайжанда» батпақты жанартаулар, биологиялық қоқыстарға арналған жаңа технологиялар ұсынылған. «Түркменстан» павильоны елдерінің жылу-энергетикалық ахуалы жайлы баяндайды. Мұнда жоспардағы бірнеше жоба көрсетілген. «Германияныкі» тіпті қызықты. Электронды кілтті зарядтап алған соң бір локациядан екіншісіне өтесің, сұрақтарға жауап қайтарасың, сонан соң бес минуттық керемет ролик көресің, қарапайым, жай сияқты болып көрінгенімен сезімге өте бай. Барлығын суреттеп шығу мүмкін емес, дей тұрғанмен әр елдің өзіне ғана тән ерекшеліктерін, тапқырлығын байқауға зор мүмкіндік бар. «Көп естігеннен бір көрген артық» демекші, егерде жағдай келіп жатса мынандай ғажайып дүниені көріп қайтқаннан артық бақыт болмас.
Туған жерге оралған соң туыс, таныс, достарымызға қызықты әңгімелерді айттық. Ал өзім қызмет ететін қазынашылық басқармасындағы әріптестеріме видео арқылы, суреттерді көрсетіп мақтанып алдым. Бұл көрмеге бару әрине арзан тұрмайды, белгілі қаражат шығынын қажет етеді. Ал ол шығын үшін ешқашан өкінбейтініңізге сенімдімін. Орта Азия мемлекеттері ішінде тұңғыш осындай халықаралық деңгейдегі көрмені өткізіп отырған Қазақстаным үшін мақтаныш сезімі басым. Біздің бүлдіршіндеріміз, болашағымыз үшін аса қажетті оқиға. Ал балаларымыздың мынандай ғаламат көрмеден соң қиялдары ұшқырланып, армандары аспандай түсері даусыз. Көрмедегі әсерден соң балаларымыз бай, қуатты елдің білімді ұрпағы болғай деген үлкен сенім жүрек түкпіріне ұялады.
Римма МАРАТ,
аудандық қазынашылық басқармасының
бас маманы-бас қазынашысы

Бөлісу:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Алматы облысы: ауылдық округ әкімдерінің жұмысына жаңа серпін беріледі

Алматы облысында ауылдық округтер әкімдерінің бірінші форумы өтті. Шара жергілікті билік ө…