Басты бет Иман ИСЛАМ – ІЗГІЛІКТІҢ ДІНІ

ИСЛАМ – ІЗГІЛІКТІҢ ДІНІ

0
1,686

Бисмиллаһир-рахманир-рахим. Күллі мадақ бір Аллаға лайық. Алла Тағаланың салауаты мен сәлемі Мұхаммед пайғамбарға, оның әулеті мен сахабаларына болсын. Жаратылған жанның өлері хақ. Мәңгілік – бір Аллаға ғана тән. Адам баласы жер бетіне шыр етіп дүниеге келіп, ержетіп, ересек тартып, қартайғаннан кейін о дүниеге аттанары сөзсіз. Бұл кезде марқұмның жақындары, туыс-туғандары қара жамылып жатады. Мұнымен қоса дастарқанына барын салып, асырып, тасырып, ысырапшылдыққа жол беретіндігі тағы бар. Бұдан өлім шыққан үйде той немесе басқаның болып жатқандығын айырудың өзі қиын.


Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы Бас муфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен 2017 жылы шыққан «Жаназа және жерлеу рәсімдері» атты кітап талқыланып, жиналыста мынадай шешім шығарылған:
1. Қара жамылып отырған үйден ас ішуге қатысты шариғатымызда: «Қазалы үйде үш күнге дейін қазан асылмасын» делінген. Сондықтан қазалы үйге ауыртпалық салуға тыйым салынсын. Алыстан келген қонақтарға берілетін дастарқанды марқұмның туыстарының, жора-жолдастарының немесе көршілерінің үйінде жасаған жөн. Жаназа дастарқанын той секілді жасап, ысырапқа ұрынбау үшін ас мәзіріне мына тағамдар кірсін: шай,нан, бауырсақ және жеті нан, қант пен конфет, печенье. Ыстық тағам (ет немесе күріш).
2. Садақа той емес, сондықтан марқұмға ас беру кезінде тілек сөз айтуға тыйым салынсын. Оның орнына халықты имандылыққа шақыратын уағыз айтылсын.
3. Арапа күні шек шалдыру шариғатымызда жоқ болғандықтан, бұған тыйым салынсын.
4. Әдептілік мұсылманға тан қасиет болғандықтан, шақырған жерге кешікпей дер уақытында бару міндет.
5. Көпшілік жиналған жерде Құранның қысқа сүрелері оқылсын.
6. Рамазан айында күндізгі уақытта ас, құдайы тамақ беруге тыйым салынсын.
7. Мына адамдарға жаназа оқылмайды: бүлікшілер (Мұсылмандарға қарсы қару қолданып соғыс ашқандар), қарақшылық жасау кезінде өлген тонаушылар мен сол секілді қылмыс кезінде көз жұмғандар, ата-анасын өлтіргендер, мұсылман дінін тастап өзге дінге өткендер.(Бұлар мұсылман зиратына жерленбейді). Жаназада митинг өткізуге тыйым салынсын.
8. Марқұмның құлыптасына тек аты-жөні, тегі, туған және өлген жылы жазылсын. Дұға және басқа да сөздер жазуға, сурет салуға тыйым салынсын.
9. Марқұмның басына кесене тұрғызу өліге де, тірілерге де еш пайдасы болмағандықтан ысырапқа тыйым салынсын. Оның орнына садақа беріп, мұқтаж адамдарға көмек көрсеткені игі.
10. Қаралы үйде қонақасы жасауға тыйым салынады. Алыстан келген қонақтарға марқұмның ағайындары, көршілері қонақасы береді.
11. Қайтыс болған кісінің жасы сексенге жетпесе шапан таратуға, ақша шашуға тыйым салынсын. Жасы сексеннен асқан қартың болса тәбәрік ретінде үш шапан беруге болады.
Елбасымыз ұлттық сананы көтерудің екі қырын атап көрсеткен еді. Біріншісі – ұлттық сана сезімнің көкжиегін кеңейту, екінші – ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту. Ендеше жоғарыдағы талаптардың барлығы орынды. Олай деп айтуымызға да себеп жоқ емес. Көңіліміз даладай дарқан екендігіне де дау жоқ. Бірақ әрбір мәселенің шектеуі болғандығы абзал. Мәңгілік сапарға кеткенде, Алла Тағаланың алдына барғанда бай мен кедей де бірдей. Сондықтан да өлімде, нәзірде барды шашудың, дүкен сөрелеріндегінің барлығын қоюдың қажеті шамалы. Өткен ғасырларға көз тастар болсақ та, ысырапшылдықты, мақтаншақтықты, асып-тасуды көрген емеспіз. Салиқалы салтымыз, дәріпті дәстүріміз кім-кімді болмасын түзу жолға жетелейтіндігі анық.
Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы Бас муфти Ержан қажы Малғажыұлының «Жаназа және жерлеу рәсімдері» атты кітабында өзекті жанға өлімнің хақ екендігін жіті түсіндіріп, жаназа тақырыбына қатысты елді толғандырған мәселелер бойынша қозғаған мәселелері де біршама. Сонымен қоса өлімді жөнелту, қабірге қою, зират басындағы оқылатын дұғалар, ескерткіш орнату сияқты өзекті мәселелер де қамтылған. Жоғарыда көрсетілген ережелер елді жақсы жаққа жетелейтін, ысырапшылдықтан алыстататын, асыл дініміздің діңгегін одан әрі нығайтатынына көз жеткізгеніміз жөн. Ол үшін ел мен жұрт болып, осыған үйренуге, естімеген, білмеген жандарға жеткізуге атсалысайық. Ысырапшылдық жолымыздан адастырып, бәсекелестік иманымызды әлсірететінін де ұмытпағанымыз абзал.
Бахтияр АХМЕТОВ,
Шонжы №3 мешітінің бас имамы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАТ ДІНИ АҒЫМДАРДЫҢ ДІТТЕГЕНІ НЕ НӘРСЕ?

Бүгінгі қоғам өте қызық. Ондағы тіршіліктің қайсысы жақсы, қайсысы жаман деп ойыңды қорытқ…