1986 жылы желтоқсанда Алматыда болған қазақ жастарының сол тұстағы орталық билікке, олардың әміршіл-әкімшіл жүйесіне қарсы шыққан оқиғасы ұлт-азаттық көтерілісі ретінде тарихта қалды. Бостандыққа, азаттыққа, тәуелсіздікке ұмтылған қазақ халқы тарихындағы елеулі оқиға. Сол замандарда саналарын селт еткізіп, жандарын құрбандыққа шалған жастардың тәуекелді әрекеттерін бүгінгі жастар қайталай ала ма деген сұрақ көкейде кілең кілкіп тұрады. Сосын бүгінгі көшбасшылыққа лайықты жастардың әрекеттері, олардың білім, ғылым жолындағы табыстары, мәдениет пен спорттағы жеңістері шүкіршілік дегізеді.
Өз балаларымды сынаған болып, суыртпақтап сұраймын. Олардың рухтары бізге қарағанда биіктеу-ау. Біз екі түрлі қоғамды көргендіктен, екі түрлі заманды басымыздан өткеріп, екі түрлі елдің тәрбиесінде болғандықтан ба, үлкеннің аузына қарау, билік не айтар екен деген дүбәрә күйде қалғанымыз өтірік емес. Ол заманның да жақсылығын, тиімді тұстарын көрдік. Бірақ саясат дегеннің кейбір сұрқия жақтарын түсіне бермеппіз. Идеологияның мықтылығынан болар. Балаларым маған таңдана қарап 86 жылда студент болсақ біз де алаңға шығар едік, таяқ жесек жауап қайтарар едік, күш көрсеткеннің тұмсығын бұзар едік, неге мұндай сұрақ қойдың, – деген жауаптарын еш ойланбастан емін-еркін жеткізді. Ішімнен азаттықтың ұрпағы деген осылар болар деп тәубеледім.
Бірақ кейде бүгінгі қоғамдағы кереғарлықтар мен жалғандықты, көзбояушылық пен шенді мен шекпендінің айтқанын екі етпеуді денемізге сіңіріп, оны заңдылыққа айналдырып бара жатқан жастардың қатары көбейіп бара жатқандай боп көрінеді. Лайым қателесейік. Көпе-көрнеу қылмыс жасағанды қолмен ұстап, айғақтармен дәлелдеп тұрсақ та заңның бұрмаланып жатқанын шығар көзіміз көріп тұрмыз. Сондай сәтте әттеген-ай санамыз немен уланып, жігеріміз неге сонша құм болды деп назаланамыз. Біздің ұлт құшағын кең ашатын, ешкімге қиянат жасауды білмейтін кеңпейіл еді ғой. Ұр да жық, есерсоқтар қайдан шығып жатыр деп бір сәт қамығып қалатынымыз да рас. Дей тұрғанмен өткенімізге көз жүгіртіп, ұлтымыздың басынан өткен ауыртпалықтарды, көрген қиындықтарын, қолдан жасалған зұлматтың құрбаны болған кезеңдерін есімізге алар болсақ, тәубемізге келеміз. Ашық аспан төсінде, азат елдің көгінде шалқып жүріп жатыр емеспіз бе? 1986 жылдың 16-желтоқсанында біздің аға-әпкелеріміз, құрдастарымыз, жастар бас көтермегенде бүгінгі жағдайымыздың қандай боларын ойлау қиын-ақ. Сол үшін «Желтоқсан оқиғасының» маңызы зор, құнды екенін білу біз үшін де, ондай қырғынды көрмеген жастар үшін де маңызды. Сол кездегі Қайрат Рысқұлбеков пен Ләззат Асанованың, Ербол Сыпатаевтың ерліктерін, жалпы қазақ жастарының намысты қолдан бермеген өр мінездерін тарих пәніне жеке тарау ретінде оқыту, оқытып қана қоймай үлгі ету керек-ақ. Атүсті емес, олардың не үшін өлім жазасына кесіліп, неліктен жарқырап тұрған шақтарында мәңгіліктің кемесіне мінгендіктерін нақты дәлелдермен түсіндіру қажет-ау. Сол шақтарда біреулер намыстарын жыртып, аттандап алға шықса, екіншілері не болды деп аң-таң болғаны да шындық.
Ел есін жия алмаған алмағайып сәтте жүрегінің түктері бар Қайраттай азаматтар жандарын құрбандыққа шалды. Сол кезеңдерде Қайраттың анасының сұхбатын оқып, көз жасыма ерік бергенім есімде. Бүкіл ауыл, көрші-қолаңдары, дастарқандас достары амандасудан қорқып, өз көлеңкелерінен үркіп, сырт айналғандығын айтқанда жүрегің шыдап тұра алмайды. Баламның өлімінен гөрі ауылдастарымның теріс айналғаны қабырғама қатты батты. Баламмен бірге менің де көрге кіргенім жақсы еді, – деп назаланған кейпі ұзақ уақыт санамнан шықпай жүріп алды. Кейін батырдың анасы атанғанда айналасына жиылған жұртта қисап болмады. Біз неге сондаймыз? Шындыққа көзіміз жетіп тұрса да кейде үркектеп, қорқақтап, жан-жағымызға жалтақтауды қоя алмай-ақ келеміз. Өстіп жүріп рухымыз сынып, намысымыз күйреп, жігеріміз жаншылып кетпесе игі…
Тәуелсіздік деген ұғым өте қастерлі, құнды, бағалы. Үш жүз жылдай Ресей патша өкіметінің боданы, одан кейін ұлтымызды өрге сүйреп, мемлекетіміздің туын желбірететін арыстарымыздың бәрін қынадай қырып тастап, тұқыртып ұстаған тоталитарлық жүйеден ірге бөліп шыққан қуанышымызды қастерлей білуге тиіспіз. 16 желтоқсан күнін Тәуелсіздік мерекесі деп атап келдік. Шындығы да сол. Бірақ жастарымыздың қаны төгілген күнді мерекеге айналдырғанымыз онша көңілге қонымды емес еді. Еске алу, жастардың ерлігіне тағзым ететін күн ретінде аталуы өте орынды. Еркіндікке, азаттыққа ұмтылған боздақтардың ерліктерін насихаттап, Бейбіт Қойшыбаевтың, Мұхтар Шахановтың, Талғат Айтбайұлының желтоқсан оқиғасы туралы жазған дүниелерін қалың қазаққа жеткізіп, ондағы кейіпкерлердің басынан өткерген оқиғаларын нақты деректермен қанықтырып, кітаптарын ауыл-ауылға тарату ісін қолға алу керек-ақ.
Небәрі 3-ақ күнге созылған көтерілісте 200-ге жуық адам қайтыс болып, 200-ден астам жан ауыр жараланған деседі. КСРО IIM-нің бұйрығы негізінде «Құйын-86» операциясын қолдану арқылы ереуілшілерді жаппай басып, жаншыған болатын. Сол уақытта аяушылықты білмейтін лагерь тұтқындарын әскер қатарына қосып, қарусыз, қауқарсыз тұрған қара халықтың төбесіне әңгір таяқ ойнатқанын бірі білсе, бірі біле бермес. Көтеріліске қатысқандарды жазалау нәтижесінде 1000-нан аса адам тұтқындалып, 264 студентті оқудан шығарғаны тарихтан мәлім. Бірақ, бұл цифрлар әлі де қайта қаралып, жіті зерттемелерден өтуі керек деген ойдамыз. Мұхтар Шаханов ағамыздың жанкешті еңбегі болмағанда, кім білсін, арты қандай боларын. Жаратушы ием қазаққа тағы да шуағын шашты. Ақтады, маскүнем, нашақор деген жаман аттан қазақ жастарын құтқарды. Керісінше қазақ деген ұлттың нағыз намысқой, жанкешті екендігін дәлелдеді.
«Желтоқсан көтерілісі» – тек өткеннің тарихы емес, бүгінгі ұрпаққа берілген үлкен сабақ. Ол бізге ұлттық намыстың, бірліктің және әділдікке деген ұмтылыстың қаншалықты маңызды екенін еске салады. Қазіргі таңда біздің жастардың бойында еркін білім алып, өз ойларын ашық айту мүмкіндігі бар. Еркін тыныстап, ұнамаған нәрсесін жасырмай айта алатын құқықтары бар. Бірақ мұндай азаттық бізге өздігінен келе салған жоқ. Сол жылдары алаңға шыққан жастардың ерлігі мен батылдығы арқасында қол жеткендігін бір сәт те естен шығармауымыз керек. «Желтоқсан оқиғасындағы» жастардың басты талабы – әділеттілік пен ұлттық қадір-қасиетті сақтау болатын. Сол уақыттағы жастардың батылдығы бізге өз құқығымызды қорғауды және ұлттық мүддені әрдайым алдыңғы орынға қоюды үйретті. Ал мемлекет, бүгінгі билік бұл батылдықты ескеріп, жастарға мүмкіндік беретін ашық әрі әділетті жүйе құруы керек. Бұны Желтоқсан рухының сабақтары деп қабылдаған жөн болар.
«Желтоқсан көтерілісі» қазақ қоғамында бірнеше маңызды өзгерістерге себеп болды. Ең алдымен, ол халықтың ұлттық санасының оянуына ықпал етті. Қазақтар өз тілін, мәдениетін және тәуелсіздігін сақтап қалу үшін күресудің қаншалықты маңызды екенін түсінді. Екіншіден, бұл оқиға кеңестік биліктің әділетсіздігін ашып көрсетіп, тәуелсіздікке деген ұмтылысты күшейтті. Көтерілістен кейінгі жылдарда Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуының негізі қаланды. Шүкір делік, жаңа Қазақстан құрамыз деп ұлтымыздың барлық құндылықтарын осы жолда сарп етудеміз. Егемендіктің қадірін, бостандықтың қасиетін, тәуелсіздіктің құндылығын, азаттықтың ақ таңын жан жүрегімізбен сезініп, оның абыройын асқақтату жолында ұлттық рухымыз биіктей түссе екен…
Баян МАМЫРБАЕВА