Басты бет Мәдениет және руханият Айтысқа алғашқы қадам

Айтысқа алғашқы қадам

0
561

Елордада дәстүріміз дәріптеліп, ұлттық құндылығымыз ұлықталып, күнделікті өмірімізден өшіп бара жатқан төл өнеріміз айтыстан кіл мықтылар арасында тартысты сайыс өткізілді. Қуанышбаев атындағы драма театрында «AMANAT» партиясының, Мәдениет және ақпарат министрлігінің мұрындық болуымен жылдың дәстүрлі қортынды «Алтын домбыра» айтысы өз деңгейінде өткізілді.

Ұлтымыздың кодына айналған ең құнды өнеріміздің бірі айтыс өнерін әлі де бес саусақтай меңгеріп, семсер тілінің өткірлігін сүйектен өтетін сөзімен дәлелдеп беретін, ойының ұшқырлығын қас қағым сәттегі тапқырлығымен айқындай алатын суырып салма ақындардың бар екендігі қуантады. Бұл сайысқа еліміздің әр өңірінен жалпы 14 ақын бақ сынасты. Екі күнге жалғасқан сөз бәйгесінде шын мықтыны анықтау оңайға соққан жоқ. Ақындардың айтысын ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы, “AMANAT” партиясының басшысы Ерлан Қошанов арнайы келіп, көрермендермен бірге тамашалады.

Бұл айтулы додаға елімізде автокөлік сатумен айналысатын «Q4 Tulpar Auto»атымен белгілі ірі компания демеушілік жасады. Сайыста аталмыш компанияның директоры, негізін қалаушысы, жеке кәсіпкер Талғат Сақанұлы қазақ айтыс өнерінің символына айналған, ақын Жүрсін Ерманға, елге танымал ақын Жансая Мусинаға және «Алтын Домбыра» жүлдесін өнерінің құдіретімен еншілеп алған Мейірбек Сұлтанханға су жаңа автокөліктердің кілтін табыстады.

Үшінші орынға Аспанбек Шұғатай, Дидар Қами, Өміржан Көпбосыновсынды әлеуметтік желімен де, айтыс алаңымен де кеңінен танымал ақындар лайықты деп танылып, 1 миллион теңгеден сыйлық табыс етілді. Айым Асылбекқызы екінші орынға табан тіреп, бір миллион үш жүз мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болса, Нұрбол Жауынбаев бірінші орынды иеленіп, 2 миллион теңге қаржылай сыйлықты қанжығасына басты.

Ал айтыстың арнайы жүлдесі Әсем Ереже, Біржан Байту, Қазірет Бердіхан, Шұғайып Сезімханға беріліп, 600 мың теңге көлеміндегі сыйақыға ие болды.

Астананың төріндегі бұл айтысты аудан жұртшылығының назарына ұсынып отырғанымыздың арнайы себебі де бар. Бұл намысты додаға ауданымыздан Жаңабай Құдайбергенов атындағы орта мектептің 2 сынып оқушысы Ерсұлтан Берікболұлы Мұхамжан арнайы барып қатысып, Арқаның төрінде қасиетті Қарадаланың ыстық сәлемін қазақтың қара домбырасымен жеткізді. Осы айтыстың ең кішкентай және ең жас ақыны ретінде көрерменнің көзайымына айналып, қалық елдің қошеметіне бөленіп, арнайы қаржылай  сыйлыққа ие болды. Бұл ауданымыздың намыс туын республика төрінде желбіреткен қаршадай ғана Ерсұлтан ақынның ерлігі мен табиғат дарытқан талантын көпшілік алдында паш еткен ерекше сәті. Болашақ Алтын домбыраның иегері осылайша үлкен айтысқа деген алғашқы қадамдарын жасап қайтты.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

«Заңғарды» бағындырды

«Заңғар 2024» жастар сыйлығы. Бұл жыл сайын дәстүрлі түрде тағайындалып келе жатқан Алматы…