
Жаңа Конституция – Қазақстанның құқықтық негізін айқындайтын, елдің тұрақты дамуы мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ететін басты құжат. Оның мазмұнын терең түсіну – әр азаматтың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, қоғамдағы заңға деген құрмет пен жауапкершілікті нығайтуға мүмкіндік береді. Конституцияның әрбір бабы мемлекет пен қоғам дамуының маңызды бағыттарын айқындайды. Соның ішінде 1-баптың мәні ерекше. Онда Қазақстан Республикасы демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орныққаны белгіленген. Бұл қағидаттар ел дамуының негізгі ұстанымдарын көрсетеді. Демократиялық мемлекет азаматтардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына, өз пікірін білдіруіне және заңды құқықтарының қорғалуына мүмкіндік береді. Құқықтық мемлекет үшін заңның үстемдігі басты орында тұрса, әлеуметтік мемлекет халықтың әл-ауқатын арттыруға, азаматтардың лайықты өмір сүруіне жағдай жасауға бағытталады. Конституцияның маңызын тек құқықтық нормалар жиынтығы ретінде қарастыру жеткіліксіз. Оның қағидаттары күнделікті өмірімізбен тікелей байланысты. Заң талаптарын сақтау, өзгенің құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу, қоғамдық тәртіпті сақтау, өз ісіне жауапкершілікпен қарау – конституциялық құндылықтардың нақты көрінісі. Жаңа Конституцияда елдің бірлігі мен қоғамдық келісім, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың әл-ауқатын арттыру сияқты маңызды бағыттарға ерекше мән берілген. Бұл құндылықтар қоғамның тұрақтылығы мен мемлекеттің орнықты дамуы үшін берік негіз қалыптастырады. Сондықтан Конституцияны ілгерілету жұмыстары оның мазмұнын таныстырумен ғана шектелмеуі қажет. Әрбір баптың мәнін тарқатып, оның қоғам өміріндегі орнын түсіндіру, азаматтардың күнделікті міндеттері мен құқықтарымен байланыстыра талқылау маңызды. Мұндай түсіндіру жұмыстары құқықтық мәдениетті қалыптастырып, азаматтардың өз құқықтары мен жауапкершілігін жақсы түсінуіне ықпал етеді. Конституция – елдің бүгіні мен болашағын айқындайтын ортақ құндылық. Оның қағидаттарын құрметтеу, заң талаптарын сақтау және конституциялық нормалардың мәнін түсіну – тұрақты, әділетті әрі жауапты қоғам қалыптастырудың маңызды шарты.
Ұйғыр аудандық Ұйғыр этномәдени орталығының төрағасы Арлен Сеналұлы
