Күздің соңғы айы ауылшаруашылығында тер төгіп жүрген жандар үшін айтулы күн болып аталып келе жатқанына біраз болды. Ауылшаруашылығы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі республика, облыс деңгейінде салтанатты түрде кең көлемде аталып, озаттар мен үздіктер әртүрлі марапаттарға ие болып, қауқылдасып, бір-бірін құттықтасып жататынының куәсі болып жүрміз. Осындай салтанатты шара біздің ауданда да өтті.
Аудандық мәдениет үйіне әр ауылдан келген қонақтар көп жиналыпты. Ауылшаруашылығы бөлімінің қызметкерлері, ветеринария мамандары, кәсіпкерлікте жүрген жандар мен ауыл әкімдерін көрдік. Сахна төрінде бейнеролик арқылы ауданымыздың ауылшаруашылығы бойынша жеткен жетістіктерінен есеп беретін жан-жақты сарапталған деректер көрсетілді. Аграрлы аудан болғандықтан мал шаруашылығы мен астық өнімдері, жеміс-жидектер мен көкөніс, көп жылдық шөптердің биылғы қарқыны көрерменге ұсынылды. Бүгінгі күн егінін баптаған диқанның, таңның атысы, күннің батысы демей мал жайған малшының жыл бойғы төккен тері мен еткен еңбегінің жемісін көретін күн екендігін жиналған қауым бірден сезінді. Әдемі безендірілген бейнебаяннан ауданның көркем табиғаты мен мөйілдей жеміс-жидегін көрдік, бордақыда тұрған мал басын түгендедік, нағыз еңбек адамының бейнесіне риза болыстық.
Еліміздің игілігі үшін әлеуетімізді арттыруға үлкен үлес қосып жүрген еңбек адамдарына өзінің ыстық ықыласын жеткізу үшін сахна төріне аудан әкімі Бота Серікқызы Елеусізова шықты. Ауылшаруашылығы қызметкерлерінің күнімен шын жүректен құттықтап, елдігіміздің еңсесін көтеріп, мемлекетімізді нығайтқан Тәуелсіздік жылдары ішінде ауылшаруашылығы саласы мемлекеттік қолдаудың арқасында жаңа деңгейге көтеріліп, ел экономикасын дамыту мен ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттырудағы жетекші күшке айналғандығын айтып өтті өңір басшысы.
Бүгінде осы салада аудан бойынша 3320-дан астам ауылшаруашылығы құрылымдары еңбек етіп, аймақтың дамуына зор үлес қосып отырғандығын, аудан көлемінде екі ірі құс фабрикасы жұмыс істеп тұрғандығын, жылдық мөлшермен алғанда «Отан Грин Фуд» серіктестігі 37,0 мың тонна, «Прима құс» құс кешені 29,0 мың тонна құс етін өндіретін әлеуетін көрсетіп, бүгінгі күнде бұл фабрикалар арқылы 1200-ден астам аудан тұрғын жұмыспен қамтылғандығын тіліне тиек етті.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша ауданда бүгінгі күнде 236 тұлға 1 млрд. 773 млн. теңгеге өтінім беріп, олардың ішінен 203 адамның 1734,1 млн. теңгеге дайын құжаттары «Қонаев» АШК несие комитетіне өткізіліп, 73 адам 539,6 млн. теңге несие алғандығын да айтты.
Саланың барша қызметкерлерін құттықтап, марапаттау рәсімін жасады.
Аудандық аумақтық инспекция басшысы Сейдахметов Жантөре Жақсылықұлының кеудесіне «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісін қадады, аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің бас маманы Сыдықов Бақытқа Алматы облысы әкімінің «Құрмет грамотасын» ұсынды, «Ширингүл» шаруа қожалығының төрағасы Мухаббат Мухпуловаға «МТЗ-82Е» тракторының кілтін ұсынып, ауылшаруашылық жәрмеңкесіне белсене қатысқан Қырғызсай ауылдық округіне ақшалай сертификатын табыс етті. Осы салада еңбек етіп жүрген көптеген еңбек майталмандарына өзінің «Құрмет грамотасы» мен «Алғыс хатын» және естелік сыйлығын арқалатты.
Аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Құралбек Бекмұханбетов ауылшаруашылығы саласының ардагері ретінде сөз алып, әріптестеріне, ауылдастарына өзінің ізгі тілегін жеткізді. Іргелес жатқан аудандардан әлеуетіміздің әлдеқайда жоғары екендігін айтып мақтанды. Сала мамандарына табыс тіледі. Аудандық мәслихаттың депутаты Тимур Курбанов та жиналған қауымға өзінің өзекжарды лебізін айтты.
Концерттік бағдарлама да ерекше болды. «Ауылға барам» әні бейнебаян және сахналық қойылым арқылы көрерменге ұсынылды. Еңбектеніп кетпенін көтерген диқандар, мал соңында жүрген шопан, олардың жағдайын жасап жүрген әйелдердің дастарқан мәзірін әзірлеп, бақшадағы жемістерді теруі бір сәт бәрімізді ауылдың мамыражай, бірақ қарбалас тірлігіне жетеледі. Қойылым сәтті шықты. «Қойшының әні», «Шофердың әні», «Тұрпан нахшиси», «Қырманға кел, қалқатай», «Дихан нахшиси» әндері жиналғандардың көңілін тасытты. Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әні салтанатты шараның шымылдығын жапты.
Баян МАМЫРБАЕВА