Басты бет Мәдениет және руханият Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт

Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт

0
769

Қарадаланың төсінде тағы бір айтулы шара өтті. «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында Алматы облыстық  Аналар кеңесінің бастамасымен «Бақытты ана – бақытты бала» тақырыбында  конференция  болды.

«Бір қолымен бесікті, бір қолымен әдемді тербететін» аналардың қоғамдағы рөлі, ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы, бүгінгі ойрандалған отбасылар проблемасы, анамен қатар әкенің жанұядағы орны, отбасы құндылықтарын, отбасы институтының маңыздылығын, сондай-ақ жастар мен болашақ ұрпақты рухани-адамгершілік пен патриоттық тәрбиелеудегі ата-аналардың рөлін арттыру, бала тәрбиесіндегі басым бағыттар жайы қаузалған конференцияға Алматы облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің директоры Илипов Марат Тайлақұлы, «Қоғамдық келісім» мекемесінің әлеуметтік бастамалар мен медиацияны қолдау, қоғамдық-көпшілік шараларды ұйымдастыру бөлімінің басшысы Башенова Жансұлу Жұмабиқызы, облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Жошыбаева Гүлнар Сағатқызы, Жетісу облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Баймадиева Несіпжамал Қасымбекқызы, заң ғылымдарының кандидаты, профессор кәсіби медиатор-тренер Чингаева Бақыт Кенесарықызы, Жетісу облысы Кербұлақ ауданы Аналар кеңесінің төрайымы Ақбасова Ғалия Ниязқызы, сонымен қатар Кеген, Райымбек аудандарынан Ассамблея құрылымдарының төрағалары мен белсенділері, ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшылары, ауданнан білім, медицина саласының қызметкерлері, политехникалық колледж мұғалімдері мен студенттері, Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар, Ақсақалдар кеңестерінің төрағалары, қоғамдық медиаторлар, ауылдық округ әкімдіктерінің осы салаға жауапты мамандары, жастар нұсқаушылары, этномәдени орталықтың белсенділері қатысты.

Алғашқы болып мінбеге көтерілген Алматы облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің директоры Марат Илипов аталмыш мекеме биыл бірқатар аудандарда филиалдарын ашып, ауқымды жұмыстар қол алынғанын баяндады. Аналар кеңесі мен ақсақалдар кеңесінің жұмысы жанданып, нәтижесінде қоғамда орын алған өзекті мәселелерге араласып, қаншама проблеманың алдын алуға атсалысқандарын да жіпке тізді. Алматы облыстық Аналар кеңесінің төрағасы Гүлнар Жошыбаева болса облыс көлемінде жұмыс жасап жатқан 149 аналар кеңесінің бағыт-бағдарын айтып, әр аудан, қалада атқарылған жұмыстар легімен таныстырып, белсенділік танытып отырған Райымбек, Кеген, Ұйғыр аудандары аналар кеңесінің жұмысын екшеп атап өтті. Ата-ана, әке, бала, немере, шөбере сабақтастығын сақтау, тұғырлы отбасын қалыптастыру мақсатындағы өткен кездесулер, ел алдында абыройлы жанұялармен жас отбасылардың жүздесулері жайында да сөз етті.  Гүлнар Сағатқызы өз ойын тәрбиеге тек ата-ана емес, қоғам болып атсалысқанда ғана ойдағыдай нәтиже беретінін айтып қорытты.

Жетісу облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Баймадиева Несіпжамал апайымыз болса бүгінгі рухани, мәдени азғындауға түскен қоғамды тура жолға салудың бір жолы жас ұрпақты кітап оқуға ынталандыру, темірді тот басатынындай адам да кітап оқымаса, рухани азық алмаса, азғындап, бауырмалдықтан, адами құндылықтан ада болатынын қарапайым әрі түсінікті тілмен жеткізді. Отбасын сақтап қалуда әйел адамның рөлі зор. Әсіресе жанұяда ыдыс-аяқтар сылдырлап кеткенде бір саты төмен болып, ер азаматына құрмет көрсетуін әйел затының ақылдылығы екенін айтып, жас отбасыларға өз өмірлік тәжірибесімен бөлісті. Әр нәзікжанды жасампаз әйел болып, жан дүниесін бай еткенде ел болашағының жарқын болатынын да айтты. Себебі ана ұрпақ қана емес, ұлт тәрбиесімен айналысатын жан.

Заң ғылымдарының кандидаты, профессор кәсіби медиатор-тренер Бақыт Чингаева мектептерде медиация қызметін қалыптастыру мен дамыту жайын сөз етсе, Кербұлақ ауданы Аналар кеңесінің төрайымы Ақбасова Ғалия бала тәрбиесіндегі әкелер рөлі жайында тағылымды сөз айтты.

Аудандық білім бөлімінің басшысы Мөлдір Құрманалиева соңғы кездері аудан мектептерінде қолға алынған патриоттық клубтардың жұмысы жайында сөз қозғады. Ел қорғаны болар ерді тәрбиелеу – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Осы бағытта патриоттық клубтардың маңызы зор. Бірер айдың ішінде республикада алдыңғы орынға шығып, патриоттық тәрбие беру мәселесінде оқ ойы озық тұрған аудан мектептерін мақтанышпен айтты Мөлдір Ахметжанқызы. Иә, осыдан бірер ай бұрын ғана біздің ауданда патриоттық клубтар жайы сөз де болмаған. Ал бүгінде 800-ге тарта оқушы аталмыш клубтардың мүшелігіне қабылданып, «Жас өрт сөндіруші», «Жас шекарашы», «Жас полиция көмекшісі» атанып, қолдарына куәлік алып, болашаққа бағытты бағдар түзіп отыр. Бұл ұрпақ тәрбиесінде оңтайлы қадамның бірі де бірегейі болды.

Жиын соңында Ассамблея құрылымдарының белсенділері марапатталып, жиылған тұрғындар әдемі жүздесуден кереметтей әсер алып қайтты.

Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ДАРАБОЗ ДАРЫН ИЕСІ

Ілияс Жансүгіровтың аты аталса дара шауып, құйындап келе жатқан Құлагер көз алдымызға келе…