Ағымдағы жылдың 10-11 сәуір күндері аралығында жылдағы қалыптасқан дәстүрге сәйкес облыс орталығы Қонаев қаласында Алматы облысының мемлекеттік қызметшілері арасында ұлттық спорт түрлерінен «NAURYZ — 2023» деген тақырыппен облыстық жарыс өтті. Аталған іс-шараға облысымыздың қала және аудан әкімдіктерінен және орталық атқарушы органдардан 15 команда, 200-ге жуық мемлекеттік қызметшілер қатысты. Кеңсе мен құжат арасынан шырмалып шыға алмай жүрген, халықтың алдында арқалаған абыройлы міндетін атқарам деп тер төгіп жүрген мемлекеттік қызметкерлер дәл осылай жылына бір рет облыс орталығында бас қосып, ой сергітіп, бой сергітіп, көптеген спорт түрлерінен сайысқа түсіп отыруды жақсы бір әдетке айналдырған. Алматы облыстық мемлекеттік қызмет істері агенттігінің мұрындық болуымен өткізілген ерекше сайысқа біздің ауданымыздан да бірқатар жас мемлекеттік қызметкерлер классикалық киім үлгісін спорттық киімге ауыстырып, ауданның намыс туын арқалап барып қайтты. Біздің жігіттер мен қыздар осалдық танытқан жоқ, намысты қолдан бермей көңіл қуантарлық нәтиже көрсете білді.
Жарыс қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте біздің аудан облыс бойынша 1 орынның тұғырынан көрінді. Одан кейінгі 2 орынды көршілес Райымбек ауданы, 3 орынды Балқаш ауданы еншіледі. Жекелей спорт түрлерінен біздің команданың жеткен жетістіктерін жіктеп айтар болсақ, асық атудан Көшімбаев Ерсін 3 орынды иеленсе, дәстүрлі садақ атудан қыздар арасында Искандарова Мунира, ерлер арасында Аджиков Адилжан мергендік танытып, 2 орынға табан тіреді. Тоғызқұмалақтан әйелдер арасында бақ сынасқан Мейірман Фарида 3 орынды иеленді. Қошқар көтеруден біздің команданың намысын қорғаған Зайнидинжан Фарид қоржынымызға 1 орынды салып берді. Арқан тартудан 3 орынды иеленіп, жалпы көрсеткіш бойынша жеңіс тұғырының бірінші баспалдағынан көріндік. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері медаль, тиісті дәрежелі диплом, кубок және ақшалай сертификаттармен марапатталды.
Ақжол НҰРДӘУЛЕТҰЛЫ