Басты бет Ақпарат ағыны ӨЛКЕДЕ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕ КӨП

ӨЛКЕДЕ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕ КӨП

0
707

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Әшімжанов Жанарбек Садықанұлы іссапармен Қарадалаға келді. Қасиетті өлкенің төріндегі іссапарының бастамасын жаңа салынып жатқан білім ордасына барудан бастаған халық қалаулысы 900 орынды мектептің құрылысымен танысты. Мектеп құрылысын көруге «Amanat» партиясы Алматы облыстық филиалының төрағасы Байғоджаев Қуат Сұлтанұлы, аудан әкімі Нурахунов Шухрат Турдахунұлы, «Amanat» партиясы Ұйғыр аудандық филиалының төрағасы Нұров Мәулен Мұқажанұлы және облыстық мәслихат депутаты Илахунов Абдуманаптар да келді.

Аудан орталығы Шонжы ауылында салынып жатқан 900 орынды білім орадасының құрылысы ағымдағы жылы қараша айында аяқталмақ. Заманауи үлгіде салынған мектепте балалар үшін бар жағдай жасалмақ. Тек оның сапалы болуын, өз уақытында пайдалануға берілуін жергілікті билік назарда ұстап, мердігерлердің жауапкершілігінің үлкен екенін ұғындырып отыруы қажет. Осы турасында айтқан мәжіліс депутаты білім мен ғылымға салынған инвестиция болашаққа салынған инвестиция екенін жеткізді.

Мұнан соң Жанарбек Садықанұлы жаңа салынып жатқан 60 пәтерлі үйдің құрылысымен танысты.  Құрылыс басшылары жұмыстың қарқынды жүріп жатқанын айтып өтті. Қазіргі таңда Шонжы ауылында 60 пәтерлі үйдің құрылыстарын  «ЕСП-НЕФТ» ЖШС компаниясы жүргізуде. Басты мақсат – әрбір адамның ыңғайлы әлеуметтік орта мен жайлы үйде тұруында. Қазақстан азаматы өз елі, өз жерінде алдағы болашағына алаңдамайтындай өмір сүруі керек деген пікірді айтқан мәжіліс депутаты бұл мемлекет тарапынан халықтың жайлы тұрмысы үшін жасалып жатқан жақсылық екенін де сөз етті.

Құрылыс жұмыстарымен егжей-тегжейлі танысқан соң аудандық кітапхананың мәжіліс залында ауданның ақсақалдарымен, аудандық мәслихат депутаттарымен кездесу өткізіп, ел ішінде қордаланып қалған мәселелерді тыңдады. Отырысты құрғақ сөз, бір сарынды баяндама оқуға емес, ашық әңгіме алаңына айналдырса деген Жанарбек Садықанұлы кездесуге келген аудан атқамінерлеріне көкейлеріндегі ойларын сарқа айтуын сұрады. Алғашқы сөзді алған ауданымыздың қадірменді ақсақалы Ызғарбек Бектұрсынов біраз мәселенің басын қайырды. Бүгінде халық жаңа сайланған мәслихат және мәжіліс депуаттарынан үлкен үміт күтіп отырғанын, сондықтан сол елдің ниет тілегін орындау үшін білек сыбана кірісу қажеттігін айтты Ызғарбек Бектұрсынұлы. Әділетті Қазақстанның орнауына, азаматтық қоғамның қалыптасуына халық оң пікір білдіруде. Бірақ әлі де бірқатар мәселелердің түйіні шешілмей тұр. Солардың бірі – мемлекеттік басқару жүйесінің әлсіздігі. Біздің жергіліктің билікте күш жоқ. Олар өздігінен шешім қабылдап, іс атқара алмайды. Жан-жақтан келген тексеру мен арыз-шағымнан көз ашпайды. Әр істі бастамас бұрын жоғары жаққа жаутаңдайды. Бұл жергілікті жерде жұмыстың оңтайлы шешілуіне кері әсер етеді. Сонымен қатар еліміздегі сатып алу туралы заңдағы қайшылықтар жергілікті әкімдіктер мен мекемелердің жұмысына зиянын молынан тигізуде. Сондықтан ең болмаса белгілі бр мөлшердегі суммаға бір көзден сатып алуға мүмкіндік берсе, нұр үстіне нұр болар еді. Қазіргі қоғамның іріңді жарасына айналып бара жатқан тағы бір дүние – есеп берудегі жалғандық. Өзімізді жақсы көрсету үшін бе, әлде біреуге жағыну мақсаты ма, белгісіз, әйтеуір қазір қай сала болмасын жалған ақпар беріп, өтірік есеп тапсыруға бейім болып алған. Жүздеген, мыңдаған гектарды игеріп жатырмыз деп бір өтірік айтамыз, бәленбай мың малымыз бар екінші рет алдаймыз. Бірақ осыны өзіміз білеміз. Сонда кімді алдап отырмыз? Үкімет осы дерт дендемей тұрып, шешкені абзал еді. Осындай түйінді жайттарды жайып салған Ызғарбек Бектұрсынов, мұның бәрі идеология мәселесінің әлсіздігі мен тәртіптің жоқтығынан болып жатқан жағдаяттар екенін де айтып өтті.

Тиляпжан Рахмаев ағамыз да біраз мәселелер жайында ойын білдірді. «Мемлекет басшысының елімізді дамыту үшін ең әуелі патриотизм, онан соң кәсібилік, яғни білім қажет екенін айтқаны кімнің болса да көкейіне қонады. Ендеше әр азамат осы мақсатта, осы жолда еңбек етуі керек. Бүгінде ауданымыз алдыңғы қатардан көрініп келеді. Бұл – жетістік. Инвесторлар да ауданмызға келуде. Тұрғындарымыздың көбі мемлекетке алақан жайып емес, өз күнін көруге талпынуда. Бірақ проблемалар көп. Мысалы биылғы жылдан бастап бастауыш сынып оқушылары түгелдей ыстық тамақпен қамтылмақ. Қуанарлық жайт. Бірақ таяқтың екі ұшы болғаны сынды, бұл мсәселеде де шешілмеген жай бар. Ол асханаларда кімдер жұмыс істейді? Ол мамандардың сауаты, білімі бар ма? Әлде асхананы жалға алушылар арзан жұмыс күші ретінде кім көрінгенді көшеден әкеліп жұмыс істетеді ме? Ертең осындай жағдайлар болса, бала денсаулығына кім жауап береді? Міне, біз осы мәселелерді назардан шығарып алдық. Сондықтан мұны Үкіметтің алдына қою қажет», — деген Тиляпжан Ашимұлы ауданымыздың кейбір ауылдық округтеріндегі ауыз су мәселесіндегі проблемаларды да айтып өтті. Үлкен Ақсу, Шарын, Қалжат ауылдарының ауыз суына миллиондар бөлініп, бірақ халық тұтынатын сапалы ауыз суға қол жетпегенін ашына жеткізді.

Ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы Патям Халикова 9 жыл бойы ішетін ауыз суға қол жеткзе алмай, бармаған жері, баспаған тауы, қақпаған есігі жоқ екенін айтып, өз мәселесінің қашан шешілетінін сұрады. Ал аудандық мәслихат депутаты Алимжан Ашимов болса жерден нәпақасын тауып жүрген дихандардың бас ауруына айналған су мәселесін және арзан бағада мемлекеттен берілетін дизельге қол жеткізу арман болып отырғандығын ашық айтты. Аудандық мәслихат депутаты Марат Абдикаров та Үлкен Ақсу ауылындағы су құбыры жүйесіндегі қордаланған проблемаларды алға тартып, қашанға дейін осындай олқылықтарға орын беріп қойып, ешкімді жазасыз қалдырып жүре береміз деген  сауалын көлденең тартты.

Жанарбек Әшімжанов шын мәнінде осындай күрделі мәселелер әлі де шешімін таппай отырғанын, бірақ жаңа заң талаптары жасақталып, тиісті орындардан талап-арыздардың орындалуы турасындағы мәселелер қатаң назарға алына бастағанын айтты. Әр сауалға тұщымды жауап беріп, алдағы уақытта жүйелі жұмыстар атқаратындықтарын жеткізді.

Жиынды қорытындылаған «Amanat» партиясы Алматы облыстық филиалының төрағасы Қуат Сұлтанұлы жиында көтерілген әр мәселе маңызды екенін, оған жауапты адамдар міндетті түрде жауап беруі керектігін айтып, ауыл азаматтарын бірлікте жұмыс істеуге шақырды

Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

Бөлісу:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Алматы облысы: «109» бірыңғай байланыс орталығы 12 мыңнан астам өтініш қабылдады

Коммуналдық қызметтерге қатысты өтінімдер мен шағымдарды енді «109» бірыңғай байланыс орта…