Бүгінгі жастардың тәрбиесі туралы сөз ете қалсақ, ұрпағымыздың ата жолынан алыстап, ұлттық құндылықтарды ұмытып, кері кетіп бара жатқанын айтып, ах ұрамыз. Тәрбиені жастан жіберіп алған соң алашапқын боламыз. Баламыздың досын кінәлаймыз, телефон мен теледидарға да кінә артамыз, бір сөзбен айтқанда қоғамды айыптаймыз. Шығар жол таппай сабыламыз. Бірақ соның салдарымен емес, себебімен күресуді естен шығарып аламыз. Біз қоғам болып күш біріктіріп, ұрпақ тәрбиесін жүзеге асырғанда ғана есті ұрпақ, өнегелі келешек тәрбиелей аламыз.
Шарын ауылында биыл ерекше дүние қолға алынды. Ауданның бас имамы Бақтияр Ахметов ағамыздың балаларға имани білім беру мәселесін қаузағаны сол еді, шарындық имамдар бұл сөзді іліп алып, игі істі бастап кетті. Жазғы демалысқа шыққан мектеп оқушыларының уақытын босқа өткізбеу, сонымен қатар діни сауатын ашу мақсатында «Имани жаз» жазғы сауат ашу курсын ұйымдастырды. Аталмыш курста балалар үш бағыт бойынша білім алды. Атап айтсақ, курста құран әліппесі жаттатылды, тәрбиелік сағаттар өтті, сонымен қатар Ханафи мәзхабы бойынша намаз оқу үйретілді. Бір ай көлемінде өткен курсқа Шарын ауылынан мектеп жасындағы 40 бала қатысты. Жуырда сол балаларға алған білімдерін растайтын сертификаттар тапсырылды.
Курстың аяқталуына орай шәкірттер арасында Құран жарысы өтті. Оған ауданның бас имамы Бақтияр Ахметов, Шарын ауылының имамы Ермек Отарбаев, ауыл жамағаты қатысты. Шарада алғашқы сөзді алған бас имам Бақтияр ағамыз хақ дініміз Исламда ең әуелі адам баласын оқуға шақыратынын, оқымасаң надандыққа ұрынып, тура жолдан таятынымызды айтып, жиналған қауымға асыл дінімізге қызмет ету баршамыздың парызымыз екенін жеткізді. Қызмет ету дегеніміз – балаларды дін жолында тәрбиелеп, теріс бағытта кетпеуін қадағалау. Алты Алаштың басы қосылса, төрдегі орын ұстазға ұсынатын халықтың ұрпағымыз. Сондықтан балалардың діни сауатын ашып, ислам дінін танытып, Құран Кәрімді жаттатып, білім берген ұстаздарға алғысын айтты Бақтияр Әбуұлы. Ауыл азаматы Серік Оразалиев, Шарын ауылының имамы Ермек Тұрдақынұлы, ауыл ақсақалы Сайпул Сейитов, жігітбасы Халмурат Юлшиевтер де ел ертеңі болашақ ұрпақ тәрбиелеген жас ұстаздарға ақжарма тілектерін арнап, алғыстарын жаудырды.
Құран жарысына ауданның бас имамы Бақтияр Әбуұлы, ұстаздар Заир Хамидов, Еркебұлан Омаров, Аян Сәрсенбековтер төрелік етті. Құран жарысына қатысқан жас шәкірттер қазылар алдындағы билеттерді алып, тапсырылған сүрелерді жатқа оқып, қойылған сұрақтарға қабілет-қарымдарына қарай жауап берді. Мүдірмей сұрақтарға жауап бергендер де, сасқалақтап, үйреніп, жаттаған дүниелерін шатастырғандар да болды. Десе де балаларымыздың иманға бет бұрып, хақ жолмен жүруге ниет етіп, білім алғандарының өзі мәртебе. Олардың қай-қайсысы болса да жоғары орындарға лайық екендіктері анық. Бірақ сайыста жеңіліс пен жеңіс қатар жүреді емес пе? Ұстаздардың бағалауы нәтижесінде Аюпов Рамиль бесінші орынға, Еркінов Ислам төртінші орынға, Тохтасунов Билал үшінші орынға, Марисов Илхам екінші орынға табан тіреді. Ал сыннан сүрінбей өткен Мергенбай Тұлпар атты баламыз бірінші орын алып, ұстаздардың үмітін ақтады. Әр бала арнайы дипломмен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Аудан көлемінде мұндай сауат ашу курсы биылғы жылы бірінші рет ұйымдатырылып отыр. Бастысы ауыл азаматтарының, балалардың ниеті жақсы. Осыны ұғынған ұстаздар келер жылғы жазғы демалыста да осы игі істі жалғастырмақ ниетте. Хамидов Заир, Омаров Еркебұлан, Сәрсенбеков Аян сынды жас ұстаздардан тәлім алған балалардың бәріне сертификаттар мен арнайы сыйлықтар табысталып, үлгілі тәртібі, жақсы әдебі үшін ерекшеленген шәкірттер де арнайы марапаттарға ие болды. Мұның бәрі де Шарын ауылындағы азаматтардың, жамағаттың жұмыла жұдырық болғанының нәтижесінде жүзеге асты.
Дініміздегі хадисте айтылғандай, мұсылман баласы дүниеден қайтып, бақилық болғаннан кейін оның барлық амалы тоқтайды екен. Тек үш түрлі игі ісінің сауабы ғана тоқтаусыз барып тұрады. Біріншісі — дүниеде ел игілігіне жарайтын мешіт, медресе, құдық, мектеп, бау-бақша, аурухана секілді бір нысан салуы. Екіншісі — ізгі, салиқалы, иманды ұрпағының дұғасы. Үшіншісі — ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын білім, кітап жазып қалдыруы. Міне, осы амалдардың ең қадірлі де мәңгілік болатыны – ұрпаққа білім беру, оқыту. Сен оқытқан шәкірттердің бірі ертең тағы біреуді оқытады. Осылайша ізгі амалың жүзге, мыңға ұласады. Ендеше осындай игі амалды жүзеге асырып, шәкірт тәрбиелеген әр ұстазға айтар алғыс сансыз.
АНАР ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ