«Бастауыш сынып мұғалімдерінің математика, қазақ тілі және әдебиеттік оқу пәндері бойынша пәндік құзіреттіліктерін дамыту» тақырыбында бастауыш сынып мұғалімдері өз білімдерін жетілдірді. Өз біліктіліктерін арттыру үшін аудан мектептерінен 30 мұғалім дәріс алдық. «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы «Алматы облысы бойынша Кәсіби даму институтының» «Әдіснама және педагогикалық инновация» кафедрасының аға оқытушысы, білікті маман Айгүл Байұзақова жаңаша әдіс-тәсілмен сабақ берді.
Бұл курстың мақсаты – бастауыш сыныбының негізгі пәндері бойынша бастауыш мектепке арналған типтік оқу бағдарламасына шолу және жалпы мемлекеттік басымдықтар мен әлемдік трендтерді қолдану тұрғысынан мұғалімдердің педагогикалық шеберлігін жетілдіру. Алғашқы күннен бастап-ақ педагогтердің білім, біліктерін анықтау мақсатында диагностикалық тест алынды. Жалпы білімді жетілдіру курсының діттеген мақсаты педагогикалық әдіс-тәсілдердің тиімді жақтарын, жаңаша платформалармен жұмыс істеуді, әрі оқу мақсаттарына қол жеткізу үшін оқушылар бойында қажетті түрлі дағдыларды қалыптастыруды үйрету. Күнделікті тапсырмаларды «Jamboard», «Padlet», «Сlasstimes», «Magicdiagramma», «WordWall», «LearningApps» платформаларындағы тиімді бағдарламаларын қолдануды түсіндіріп, практик-мамандардың өзара талқылауына салып, іс жүзінде қалай қолдануға болады деген мақсатта өздеріне орындату арқылы біліктерін нығайта түсті дей аламын.
Ұстаз – жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, ешнәрсені ұмытпайтын, алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі. Не естіп, не оқысам да, соның бәрі есімнен шығып кетеді, ал басқаларға үйреткенімді өзімнің бес саусағымдай соншалық айқын білемін деген ұстаз ғана жақсы шәкірт тәрбиелей алады. Біздің дәріс алып жатқан курста да Айгүл Құсайынқызы кез келген пәндік құзіреттілікті көрсетіп, оқытып қана қоймай, мұғалімдердің өздеріне топтық, жұптық, өзіндік жұмыс түрін көрсету арқылы үйретті. Себебі оқушының бойында қалыптасуы қажет білім, біліктерін, зерттеу дағдыларын алдымен практик-маман ретінде өзіміздің басымыздан өткіздік. Әртүрлі платформаны сабақтың қолайлы этапында қалай қолданудың ұтымды жолдарын талқылай отырып үйрете білді тренеріміз. Осыған дейінгі қолданып келе жатқан жаңашыл деген әдіс-тәсілдерді сабақ мақсатына қарай қалай қолдансам ұтымды деген мақсатта жұмыс істеп, тәжірибеде алаңсыз қолданатындай сенім ұялатты. Оның дәлелі – сабақта оқушыға нені меңгертемін, қалай меңгертемін, қандай мақсатта және қандай әдіс-тәсілдерді пайдаланамын, оқушыдан нені күтемін? – деген сұрақтардың аясында күнделікті сабаққа арналған қысқа мерзімді жоспарды құра алатын дәрежеге жеттік.
Екінші аптаның сәрсенбі күні алған білім, біліктерін тексеру мақсатында қорытынды тест алынды. Оның нәтижесі жоғары бағаланды. Ал аптаның соңғы күні үштіктен құрылған мұғалімдер белгілі бір тақырыпта Демо-сабақ өтті. Мұғалімдер өз сабақтарының жоспарын талапқа сай жазып қана қоймай, үйренген жаңа тәсілдерін қолдана білді. Болашақта әдіс-тәсілдерді дұрыс қолдана алсақ, оқушылардың өз беттерінше білім алуларына, үйренгендерін өмірде қолдана алуларына дағдыландыра алсақ, онда ол мұғалімнің нағыз жемісі болар еді. Курстан менің түйгенім осы.
Әдемі СВАНБЕКОВА,
Сүмбе орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі