Басты бет Өңір тынысы КЕПЕБҰЛАҚ ИНТЕРНЕТПЕН ҚАМТЫЛДЫ

КЕПЕБҰЛАҚ ИНТЕРНЕТПЕН ҚАМТЫЛДЫ

0
159

Енді Кепебұлақ ауылы тұрғындары да ел қатарлы ұялы телефон ұстап, интернет пайдалана алады. Қаншама жылдан бері Кепебұлақ ауылын ұялы байланыспен және интернетпен қамту мәселесі айтылып келе жатса да шешімін таппаған еді. Ауыл тұрғындары әр жиында осы мәселені  қаузап, сан мәрте хат та жазылған. Осыған байланысты 2021 жылдан бері облыстық цифрлық технологиялар басқармасы да байланыс операторларына ауылды интернетке қосу туралы ұсыныстар жолданғанымен операторлар бұл мәселені «250+» жобасы аясындағы жұмыстар аяқталған соң ғана қарастыра алатынын хабарлаған еді. Сан кедергі осылайша кепебұлақтықтардың үмітін үзе берген.

Жыл басында осы ауылда қайғылы оқиға болды. Байланыстың жоқтығы орын алған өртті дер кезінде хабарлап, сөндіруге кедергі болды. Бір отбасы қара жамылып қалды. Осы оқиғадан кейін «КаР-Тел» ЖШС (Билайн сауда белгісімен) әлеуметтік жауапкершілік шеңберінде Кепебұлақ ауылын 4G стандартындағы интернетпен қамтуды өз міндеттемесіне алды. Әдетте базалық станция құрылысы 1 жылға дейін уақыт алады екен. Бірақ мемлекеттік органдар тарапынан келісу рәсімдерін мүмкіндігінше жеделдету нәтижесінде жұмысты мерзімінен бұрын аяқтау мүмкіндігі пайда болып, жуырда Кепебұлақ ауылы интернетпен қамтылды. Бүгінде ауылда «Билайн» операторы қызметі алаңсыз жүұмыс істеуде.

«Билайн» операторының базалық станциясы іске қосылуына орай Кепебұлақ ауылында баспасөз брифинг өтті. Оған Алматы облысының цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Ақыл Жандос Қанатұлы, басқарманың бөлім басшысы Айгүл Жұманқызы, аудан әкімі Шухрат Нурахунов және ауыл тұрғындары қатысты.

Алғашқы болып сөз алған Алматы облысының цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Жандос Қанатұлы талай жылдан бері көтерілген интернет мәселесі өз шешімін тапқанын, бірақ осы жұмыстың орындалуы аясындағы түрлі кедергілер мен қиындықтардың кездескенін айта келе, алдағы уақытта Теле2/Алтел және Кселл/Актив операторларына тұрғызылған антенна-діңгек құрылысына өз құрылғыларын орнату туралы ұсыныс жасалынатыны, сол кезде ауыл тұрғындары өздері қалаған операторлармен байланыс жасай алатынын әрі тұтынуға мүмкіндік туатынын айтты. Сондай-ақ Кепебұлақ ауылында орналасқан Н.Исахметов атындағы орта мектепте сапалы интернет желісінің жоқтығы, осы мәселені шешу үшін мектепке талшықты-оптикалық байланыс желісін тартуға жұмыс басталғандығын, келісімшартқа сәйкес мердігер атанған компания «Bim-Revit» ЖШС жұмыстарды үстіміздегі жылдың 3 қыркүйегіне дейін аяқтап, талшықты-оптикалық байланыс желісі жерасты жолдарымен мектепке дейін жеткізілген соң оны «Қазақтелеком» АҚ өз балансына алып, мектепті жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ететінін де ауыл тұрғындарына жеткізді. Сонымен қатар, жақында Үкіметте бекітілген «Қолжетімді интернет» Ұлттық жобасы аясында Кепебұлақ ауылындағы фельдшерлік акушерлік пунктке, жекеменшік балабақшаға және клубқа 2024 жылы талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жоспарланған екен. Осындай жағымды жаңалықтарымен бөліскен Жандос Қанатұлы Ұйғыр ауданында енді Рахат ауылының интернет мәселесін шешу алдағы жоспарларында тұрғандығын да жасырмады.

Жиын соңында аудан әкімі Шухрат Турдахунұлы Кепебұлақ ауылына интернеттің келуіне ықпал кеткен азаматтарға алғысын білдірді. Алдағы уақытта бұл жұмыс жалғасын табатынын, ел игілігі үшін еселі істер жасалатынын жеткізді. Ауыл тұрғындары да көптен күткен байланысқа қол жеткізгендеріне дән риза. Қариялар ризашылықтарын білдіріп, ақ баталарын да берісіп жатты.

АНАР ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

Бөлісу:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

СЫР САҚТАҒАН САРЫТОҒАЙ

Адамзатпенбіргежасасыпкележатқанбірдүниеболса, ол – тарих. Тарих – өткеніңді бағамдатар, с…