Қазақ әдебиетінің ХХ ғасырдағы жарық жұлдыздарының бірі, бірі емес-ау бірегейі – Оралхан Бөкей 1943 жылы 28 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданына қарасты Шыңғыстай ауылында дүниеге келген. Егер тірі болғанда 80 жылдық тойын жасап, заңғар жазушының, нағыз суреткердің мерейін асқақтатар едік. Амал қанша, толысқан, шығармашылығы шарықтаған шағында бақилық болды. Ерекше туған талант иелерінің бұл жалғандағы өмірлері неге қысқа болатынын түсіне алмадық. Жаратушының ісіне дау айта алмаймыз.
Оралхан Бөкей нағыз суреткер. Оның кез келген шығармасын бастап алсаң аяғына жеткенше басқа дүниені есіңнен мүлдем шығарып тастайсың. Қатонқарағай деген жерде болмасақ та оның табиғатын, киігін, аң-құсын көзімізбен көргендей елестен шыға алмай, санамызда сақтап қоямыз. Ненің құдіреті? Суреткердің жазған дүниелерінің шынайылығы мен жеңілдігінен болар, бәлкім. Тау мен шыңды, өзен мен көлді, аң мен құсты, ауыл адамдарының бар болмысын Оралхандай суреттеген жазушы кемде-кем. Жоқ емес, бар, бірақ дәл Бөкейдей көз алдыңа әкеп қойғаны аз-ау. «Алтайдың кербұғысы» атанған Оралхан Бөкейдің сырт келбетінің өзі, жүріс-тұрысы қандай десеңізші.
Бірінші курстың студенті, әлі ақыл-есім толық піспеген кезім, бөлмелес құрбым Сәуле Жиреншина екеуміз дәл осы аты дардай ағамның үйіне барғанбыз. Әкемтеатрдың артқы жағындағы көп қабатты үйлердің бірінде тұрады екен. Сәуле екеуі ауылдас, аталас туыс көрінеді. Шыңғыстай деген кішкене ауылда әкелері бірге аралас-құралас өсіпті. Сәуленің әкесі Жәнібек аға қызмет бабымен Талдықорғанның Ақсу ауданына ауысқандықтан жиі кездесуге мұршалары тимей кеткен. Солай түсіндім. Әкесінің тапсырмасымен бір тортымызды көтеріп бардық. Ол кездегі жан жары Айман жеңешеміз жылы шыраймен қарсы алды. Ас бөлмеде шай іштік. Шағын ғана бөлмелер, қазіргі лауреаттар тұратын хан сарайы емес. Залдың еденінде кілемнің орнында аңның терісі жатты. Қасын керіп, басын шалқақ ұстап сөйлейді екен. Мысы басып кетті ме, алдымызға қойған шайды сораптап, сұрақтарына күмілжіп жауап бергеніміз есімде. Егер санамыз толық пісіп-жетілген болса сол жолы дайындалып барып, әңгіме-дүкен құрар едік қой. Мыңқылдап шықтық. Қазір қайталанса ғой сол сәттер деп армандайсың. Бірақ ол келмеске кеткен күн. Содан Айман жеңешеміз қайғылы қазаға ұшырады, Ардақ деген келіншекпен тағдыр қосып, бір ұл, бір қыз сүйіпті. Айхан, Айжан атты балаларын жасы біразға келгенде көргендіктен олар дегенде шығарда жаны бөлек болғандығын естідік. Тағдырлы жазушы. Тағдырлы адам. Алла тағала жазушылық талантты үйіп-төгіп, адами бақытқа келгенде қысып қоятыны несі екен. Нағыз бақытқа кенеліп жүретін адамның бірі осы кісі еді ғой…
Мектеп бітірген соң Оралхан Бөкей Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияға актер мамандығына оқуға түсіпті. Алайда анасы оның актер болуына қарсы болған. Сөйтіп, шешесінің сөзінен аса алмаған Оралхан ауылға қайтқан. «Ауылда ол тракторшының көмекшісі секілді қара жұмыс істеді. Бірақ сонда шығармашылыққа дайындалып жүріпті. Алтайдың басына қарап тұрып, оқыс ойларын айтып қалатын. Сонысын түсінбей қалатынбыз. Жоғары сыныптың қыздарына күнде кешке хат жазып, құшақ-құшақ қылып әкеліп, бізге оқып беретін. Сөйтсек, Оралхан хатты ғашық болғаннан емес, асып-төгіліп жатқан шабытын, шығармашылығын сыртқа шығару, қағазға түсіру үшін жазады екен», – деп ауылдасы Әлібек Қаңтарбай естелік айтады. Ал актерлік мамандықты оқымағанымен, оның бойында ондай талант болғандығын ұлт ұстазы Шерхан ағамыз да мойындаған. Қазақ Мемлекеттік университеті журналистика факультетінің сырттай бөліміне оқуға түспестен бұрын актерлік мамандықта оқуы – өнердің қыр-сырын жете түсінуіне зор септігін тигізді. «Оралхан да ән салады. Бірақ әні көбінесе мұң сарындас болып келеді. Ал енді көркемсөз айтқанда жандырады. Бейімбет Майлиннің «Шұғасын» оқығанда арқасы ұстап, аруақ қысқандай, орнынан атып тұрып, диванның үстіне шығып кетер еді, – депті рухани ағасы.
Оралхан Бөкей – жазушы, драматург. Әдебиетке өзіндік өрнегін сала келген жазушы, оқырманын өзгеге ұқсамайтын ерекшелігімен таңғалдырған жазушы. 1970 жылы Алматыда жарық көрген «Қамшыгер» атты повестер мен әңгімелерінің тұңғыш жинағы жазушы есімін көпке таныс етті. Жазушының басты артықшылығы – оның шынайылығында. Яғни қаламгердің романтикалық сарындағы шығармалары да, реалистігі басым туындылары да қазіргі заман деректеріне негізделген. Сол деректен тұщымды бейне сомдалған. Суреткер романтикалық идеалды тарих қойнауынан немесе жекелеген атышулы тұлғалардан іздемейді. Оның кейіпкерлері – қарапайым еңбек адамдары, шопандар, трактористер мен орманшылар. Оны жазушының өзі де былай қуаттайды: «Менің повесть, әңгімелерімнің сюжеттері туған жер, жастық шағымда болған естеліктерге толы. Менің жерлестерім – қазақтар – сом мінезді, шыншыл және ашық жүректі адамдар. Олар сиқырлағандай, ата-бабасы таңдаған кеңістікте өмір сүреді. Менің туған жерге адал жерлестерім өр мінезді, еңбекқор, ержүрек және шыншыл адамдар. Әйтеуір, не жазсам да өз заманымды, сол заманда маңдай терін төгіп жүрген қарапайым еңбек адамдарын тілге тиек етуге тырысамын. Ал кейіпкерлерім – ауыл адамдары: қойшылар, жылқышылар, бұғы өсірушілер, диқандар, орманшылар, ересектер мен жастар. Олар бітім-болмысы кіршіксіз, пәк ниетті жандар» деп жазыпты жазушы өз күнделігінде. Сондықтан болса керек, Оралхан шығармалары ойға оралымды, жүрекке жақын.
Оралхан Бөкейдің шығармашылық әлемін қалың оқырманға танытқан тағы бір туындысы – «Атау кере» романы. Аталған шығарманың басты кейіпкерлері – Таған, Ерік, Айна. Таған бәрінен хабардар, жаңалыққа ұмтылған жас аспирант. Бірақ оның тағдыры басқа арнаға бұрылады. Жазушы сол кездегі қоғамның күрделі мәселелерін кейіпкер Тағанның аузымен айтқызады. Сондағы тапқан сәтті шешімі «Неге біз осы…» деген ұлы сұрақтың астында бәрі ашық айтылады. «Оу, ағайын, ес-ақылдарыңды жиыңдар! Біз қатыгезденіп барамыз. Біз имансызданып барамыз. Біз айналайын анамыздың ақ сүтін ақтай алмай жүрміз, бір күнгі қызды-қызды қызыққа мастанып, тасыраңдап кеттік, көзімізді шел басты, көңіліміз көр, жігеріміз құм болып, құрдым дәуреннің әләуләйін шырқап жүрміз; тамаша өмірдің тасқынымен ығып, ығысып ағамыз келіп, ағысқа қарсы жүзу не жағалауға қарай ұмтылу жоқ». Міне, Таған сол кезде байқаған мәселелер біздің жанымызда, рухымызда, қоғамымызда әлі бар. Тағанша айтсақ, «Неге біз осы?». Жазушы «Атау кере» арқылы тек ұлттық қана емес, бүкіл дүниежүзілік мәселелерді ақ қағазға жайып салады. Қалай десек те, бізге белгілі әрі белгісіз Оралханның әртүрлі кейіпкерлері өз заманының сөзін кітап бетінен оқырман жүрегіне жеткізе алған кейіпкерлер болғаны шындық. Қазақ драматургиясында Оралхан Бөкей есімі айрықша аталады. Өткен ғасырдың 70-жылдарында сахна әлеміне енген суреткердің өнер саласына әкелген жаңалығы мол. «Құлыным менің», «Қар қызы», «Текетірес», «Зымырайды пойыздар», «Жау тылындағы бала», «Жанар», «Атау кере» сынды сахналық туындылары – Оралхан Бөкейдің драматург ретіндегі жұлдызын жарқырата түскен шоқтықты шығармалар. Рас, Оралхан Бөкейді оқырмандарының негізгі бөлігі жазушы, сырлы суреткер деп таниды. Драматург ретіндегі бағы мен бабы көп жағдайда осы жазушылығының көлеңкесінде көмескі тартып қалып жатқандығы жасырын емес. Әйтсе де, Оралханның даралығы сол, қарымды қаламгер қатарластарының ішінде алғаш болып сахна мен екі ортадағы кедергіні бұзып, театр әлеміне арнасы кең жол салды. Бұған дейін этнографиялық, лиро-эпикалық сарында жазылған қойылымдарға үйреніп қалған көрерменді жаңашыл, заманауи қойылым мәдениетіне тәрбиелеу оңай болмады. Бірақ Оралхан ол шепті қақырата бұзды. «Құлыным менің» тек қана қазақ драматургиясы емес, Кеңес драматургиясындағы елеулі оқиға болды. Алғаш болып пьесаны «Театр» журналы аударып басып, спектакльден тікелей репортаж жасады. Сөйтіп, «Құлыным менің» үлкен пікірталастың арқауына айналады. Бұл – қазақ театр өнеріне арналған бірінші дөңгелек үстел болып тарихқа енді. Сонысымен де 70-жылдардың басында Оралхан Бөкейдің сахнаға арнап жазған тырнақалды туындысы қазақ театр өнерінде шын мәнінде жаңалық болды. «Құлыным менің» – психологиялық драма. Қаланың шулы ортасының көрігін қыздырған жастардың психологиясы мен Бозтайлақ сынды даланың еркін өскен ұланының ұлттық тіні берік, тамыры бекем, тұнығы шайқалмаған болмысы текетіреске түседі. Бозтайлақ – қаймағы бұзылмаған қазақы қалыптың айнасы. Бозтайлақ үшін адамдық дейтін ардақты ат – тек алға жүргенде ғана, тек ұзаққа шапқанда, тұяқ тоздырып, арқасын алдырмағанда ғана ақталмақ. Ол өсіп келе жатқан өскелең жастың бойынан әумесерлік пен дүбәралықты, өз ұлтынан өзі жеріп, жатсынған жатбауырлықты, ұлттық тегінен ажырап, бөтен тірлік кешкен өгейлікті емес, тамыры терең, тіні мықты Ардакүреңдей қазақы жылқының асау мінезін көргісі келеді…
Мінезінің өзі қандай. Егер мұзды жарып шығатындай мінезі болмаса Оралхан Оралхан болмас па еді. Сөйлемдері күрделі, шұбалыңқы деп сын айтатындарға берген жауабын тыңдаңызшы. «Маған сөйлемдерің ұзақ деп сын айтады. Мен оны ешқашан да қысқартпаймын. Сол ұзақтық – менің артықшылығым болар, сол ұзақтық шығар мені Оралхан Бөкеев етіп тұрған. Егер оны қысқартсам, мен де көптің бірі болып қала берер едім. Сондықтан да мен ел шығып жатқан есіктен емес, терезеден түскім келеді. Маған еліктеп жылап жазған, жырлап жазған біреулер қазір редакцияда емес, жындыханада жүр. Мықты болсаң қайталама менің өмірімді, бөрінің артынан бөлтірік ақылдылығынан еріп жүрген жоқ» деп өктем үн қатады. Не деген тапқырлық және өзіне қандай жарасымды. Басқаның аузынан ол басқаша әсерде шығатындай боп көрінеді маған.
Оралханға оралғым келді. Оның шығармаларын қайталап оқу керектігін түсіндім. Ауылдың иісі аңқып тұратын дүниеге қайтадан бас қойсам, мейірімім қанып, тынысым ашылып, жүрегім саябыр табатындай…
Баян МАМЫРБАЕВА