Басты бет Иман ИМАМДАРҒА БАС ЖҮЛДЕ БҰЙЫРДЫ

ИМАМДАРҒА БАС ЖҮЛДЕ БҰЙЫРДЫ

0
1,155

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Алматы облыстық өкілдігі имамдар арасында волейболдан жарыс өткізді. Оған біздің ауданның имамдарынан құралған команда қатысып бақ сынасып қайтты. Жарыс  Іле ауданы №3 мектебінің спорт залында өтті. Жарыстың шымылдығын Алматы облысы өкілдігінің бас имамы Мадияр Пірімқұлов ашып, әр ауданнан келген сайыпқыран спортшыларға ақ жол тілеп, мықтылар жеңіс тұғырына көтерілсін деген батасын берді. 9 ауданнан жиналған мешіт қызметкерлері, имамдар өздерінің спорттан да алыс емес екендіктерін танытты. Көпшіліктің көкейінде молдалар тек мешіттерде уағыз айтып, намазын оқып отыратындай болып көрінетіні рас. Ал олар да адам ретінде, пенде ретінде спортпен де, шығармашылықпен де айналысулары заңдылық екендігін естен шығарып алып жатамыз.

Ауданның бас имамы Бахтияр Ахметовтың айтуынша бұрындары мұндай команда жасақталмаған. Тіпті дене шынықтыру үшін имамдар бас қосып, ойын ойналмаған. Облыстағы өкілдік бастама көтеріп, волейболдан жарыс өтеді деген хабар келгеннен кейін имамдар бас қосып, ақылдасып команда құрған. Жарысқа келген 9 команданың ішінде топ жарып, айды аспаннан шығарып біздің имамдарымыз бірінші орынды жеңіп алды. Бас бәйгеге тоңазытқыш алып, арнайы құрмет грамотасы мен бағалы сыйлықтарға ие болған. Екінші орынды Талғар ауданының имамдары алып, сыйлыққа шаңсорғыш алса, үшінші орынға табан тіреген Қонаев қаласының имамдары микротолқынды пешке ие болып, мәре-сәре болысты.

Спорт әлемнің елшісі саналады. Спорт арқылы адамдар бір-бірімен таныс, біліс болады. Өзінің, елінің атын әлемге танытады. Спорт сонымен бірге денсаулық кепілі. Спортты жанына серік еткен адамның ғұмыры ұзақ, денсаулығы мықты болатындығын бәріміз білеміз. Бұл жолғы жарыстың да мәні ерекше. Иман жолын ұстанып, адамдардың жүрегіне имандылық ұялатып жүрген жандардың спорттық додада топ жарғандарына бәріміз тәнті болдық. Тоғыз команданың имамдарынан көш ілгері болып, тамаша ойын үлгісін көрсеткен ауданымыздың молда-ойыншыларына жеңістеріңіз құтты болсын дейміз. Біздің ауданның намысын қорғап қайтқан ауданның бас имамы Бахтияр Ахметов, Тиірмен ауылының имамы Сейфуллин Саутов, Сүмбе ауылының имамы Ақжол Сайдишев, Долайтының имамы Авутжан Турдахунов, Долайтының наиб имамы Абдусамат Савирдинов, Рахат ауылының имамы Еркебұлан Сайдишевтер өз өнерлерін жоғары деңгейде көрсетіп, жеңіс туын желбіретті. Жеңісті күндеріңіз көп болғай…

Аманбике ЖАНЫСБАЙҚЫЗЫ

Бөлісу:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

МЕЙІРІМ, ШАПАҒАТҚА ТОЛЫ АЙ

Алла Тағаланың мұсылман құлдарына қасиетті етіп берген бірнеше күндері мен айлары бар. Қас…