Елімізде 15 қыркүйектен бастап 15 қарашаға дейін медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарына жеке тұлғаларды бекіту науқанының басталғаны белгілі. Осыған орай, мақалада алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін ұйымдарға тіркелу бойынша ең өзекті сұрақтарға жауап бердік.
– Емханаға тіркелуге өтініш қанша уақыт ішінде қаралады?
– Электрондық үкімет порталы арқылы тіркеуге өтінім берген жағдайда, тіркеу 1 жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
– Неліктен барлық отбасы мүшелері бір отбасылық дәрігерге тіркелу керек?
– Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету отбасылық бақылау принципіне негізделген. Отбасылық дәрігер бүкіл отбасының өмір салтымен, сондай-ақ оның әр мүшесінің мінез-құлқымен немесе тұқым қуалайтын ерекшеліктерімен таныс болғандықтан, дәрігерге осы отбасы мүшелерінің салауатты өмір салтын ұстануды қалыптастыру, мүмкін болатын аурулардың алдын алу және емдеу оңайырақ болады. Осындай тәсілмен медициналық көмек көрсету кезінде оның сапасы да айтарлықтай артады.
– Неге жақын жерге тіркелу маңызды?
– Алғашқы медициналық-санитарлық көмек (МСАК) көрсетудің негізгі қағидаты – аумақтық қолжетімділік болғандықтан, пациенттерге бірінші деңгейдегі медициналық көмекті дәл жаяу қолжетімділік шегінде (15-20 минуттық жаяу жүру) алу неғұрлым ыңғайлы болады. Мұның артықшылығы-үйде медициналық көмек алу мүмкіндігін арттыру.
– Бір уақытта бірнеше емханаға тіркелуге болады ма?
– Тіркелу жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) бойынша жүзеге асырылатындықтан, тек бір емханаға тіркелуге болады, бұл ретте бұрынғы емханадан есептен шығару автоматты түрде жүргізіледі.
– Егер мен тіркеу науқаны кезінде өтініш білдірмеген болсам, мені басқа емханаға тіркей ме, әлде мен өзім тіркелген жерде қаламын ба?
– Егер сіз халықты медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін ұйымдарға (15 қыркүйектен 15 қарашаға дейін) тіркеу науқаны кезінде тіркелуге өтінім бермесеңіз, онда сіздің тіркелуіңіз өзгермейді және сіз өз емханаңызда медициналық көмек алатын боласыз.
– Мен тіркелу науқаны кезінде басқа емханаға тіркеуге өтініш бердім, ол жерден қашан медициналық көмек ала аламын?
– Егер сіз халықты медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін ұйымдарға (15 қыркүйектен бастап 15 қарашаға дейін) тіркеу науқаны кезінде тіркелуге өтінім берсеңіз, онда сіз жаңа емханада медициналық көмекті келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап ала аласыз.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы облысы бойынша филиалы