Тәуелсіздіктің төрінде, еркіндіктің елінде еркін көсілген ұрпақ бақытты. Өйткені бүгінгі жастарымыз бен балаларымыздың қай тұрғыдан болмасын дамуына жағдай жасалған. Бірі білімнің шыңына шықса, енді бірі сахнаның сәніне айналған. Ғылыммен айналысуды мақсат еткен жастарымыз да жеткілікті. Олардың бәрі де – еліміздің болашағы.
Жетісу жұлдыздары байқауы – жыл сайын облыс деңгейінде өтіп жүрген балалар шығармашылығына арналған үлкен байқау. Ауданымыздың бүлдіршіндері жыл сайын осы конкурсқа барып, жүлделі орындардан көрініп келеді. Биыл да Талдықорған қаласында өткен ХІХ «Жетісу жұлдыздары – 2021» балалар шығармашылығы байқауына біздің ауданымыздың намысын қорғау үшін «Дәстүрлі ән» номинациясы бойынша Қарақат Әбілмәжінқызы мен «Эстрадалық ән» номинациясы бойынша Шахина Ахметова қатысты. Байқауда өздерінің табандылығы мен талантының арқасында қыздарымыз жоғары деңгейде өнер көрсетті. Талдықорған қаласындағы гала концертте бақ сынаған Шахина Ахметова бас жүлдеге ие болып, ауданымыздың мерейін үстем етті. Ал онлайн форматта өткізілген байқауға қатысқан Қарақат Әбілмәжінқызы да үздіктердің қатарынан табылды.
«Өнерлінің өрісі кең» дейді қазақ. Талантымен тас жарған біздің кішкентай өнерпаздарымыз осылайша Талдықорған төрінде шын мықты екендіктерімен өзгелерді мойындата білді. Жұлдыздай жарқыраған ауданымыздың жұлдыздарына әрдайым өнер бәйгелерінде оза шауып, биіктерді бағындыра берулеріне шын тілектестігімізді білдіреміз!
Нұрсұлтан БОЛАТҰЛЫ,
аудандық мәдениет үйінің әдіскері