Жас ұрпақ үшін сапалы білім мен саналы тәрбиенің қайнар көзі – мектеп. Бала алған білімін, көрген тәрбиесін іс жүзінде қолдана біліп, оны өмірмен, өзінің іс-әрекетімен, күнделікті тіршілік қызметімен байланыстыра білгенде ғана өзіне де, қоғамға да пайдасын, жемісін береді. Осы орайда жас ұрпақты жастайынан отансүйгіштікке, еңбекке, рухани адамгершілікке тәрбиелеп өсірсек, еліміздің болашағы жарқын болады.
Тәрбие демекші, Дардамты орта мектебі коммуналдық мемлекеттік мекемесінде жас ұрпақты патриоттыққа тәрбиелейтін тәрбие сағаттары жиі-жиі өткізіліп тұрады. Жақында ғана «Аты аңызға айналған Гвардиялық Панфиловшылар дивизиясының 80 жылдығына» орай мектебімізде ерлік сабақтары ұйымдастырылды. Атап айтар болсам, тарих пәнінің мұғалімі Зухра Баратованың «Аты аңызға айналған Гвардиялық Панфиловшылар дивизиясына 80 жыл» тақырыбында ұйымдастырған ерлік сабағы мен 10 «а» сыныптың сынып жетекшісі Н.Тунликбаеваның «Ұлы ерлік – ұрпаққа үлгі» тақырыбындағы ашық сынып сағаты өте жоғары деңгейде өткізілді. Сабаққа қатысқан мектеп басшылығы мен мұғалімдер оқушылардың өткірлігі, сабаққа деген талпынысына тәнті болды.
Айта кетелік, осындай ашық сабақтарды осы аталған тақырып бойынша басқа сыныптар да өткізіп, апталыққа өз үлестерін қосты. Сабақтар барысында Тәуелсіздіктің ұрпақтары егемендігімізді бәрінен қымбат қоятындығын, қайсар ата-бабаларымыздың қасық қаны қалғанша күресіп сақтаған киелі мекенін жауға бермейтіндіктерін айтып, жанымызға жылулық ұялатты.
Кәмшат СЕЙДУВАЛОВА,
Дардамты орта мектебі директорының
тәрбие ісі жөніндегі орынбасары