Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жүргізушілер арасында жол жүру мәдениетін қалыптастыру – қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Әсіресе, белгіленген жылдамдық режимін сақтау адам өмірі мен денсаулығын қорғауда шешуші рөл атқарады. Осы бағытта Ұйғыр ауданының прокуратурасы полиция органдарымен бірлесіп, «Жылдамдықты бәсеңдет – өміріңді сақта» жобасы аясында профилактикалық рейдтік іс-шаралар өткізді. Аталған шараның негізгі мақсаты – жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздікке деген жауапкершілігін арттыру, жылдамдықты шамадан тыс асырудың салдарын түсіндіру және жол-көлік оқиғаларының алдын алу. Рейдтік іс-шаралар барысында жүргізушілермен профилактикалық әңгімелер жүргізіліп, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау, белгіленген жылдамдық режимінен аспау, жол белгілері мен таңбаларына назар аудару, сондай-ақ жол жағдайына сәйкес қауіпсіз қозғалыс жылдамдығын таңдау қажеттігі түсіндірілді. Сонымен қатар жүргізушілерге жолдағы қауіпсіздік талаптары туралы арнайы ақпараттық буклеттер таратылып, жылдамдықты асырудың ықтимал салдары жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мамандардың айтуынша, жолдағы қауіпсіздік ең алдымен жүргізушінің жауапты әрекетіне байланысты. Кейде бірнеше минутты үнемдеу мақсатында жылдамдықты арттыру орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін. Өйткені көлік құралының жылдамдығы жоғарылаған сайын жүргізушінің қауіпті жағдайға әрекет ету мүмкіндігі азайып, көлікті басқару күрделене түседі. Әсіресе, елді мекендерде, жаяу жүргіншілер өткелдерінде және жол қозғалысы қарқынды учаскелерде сақтық шараларын күшейту аса маңызды. Жол қозғалысы ережелерін сақтау – тек айыппұлдан немесе әкімшілік жауапкершіліктен сақтану емес. Бұл – өз өміріңе, жолаушылардың қауіпсіздігіне және жолдағы өзге адамдардың тағдырына деген құрметтің көрінісі.
Құрметті жүргізушілер!
Белгіленген жерге 15 минут ерте жетуіңіз мүмкін. Бірақ сол 15 минутты үнемдеу үшін өзіңізді, жақындарыңызды және жолдағы басқа адамдарды қандай қауіпке тігуіңіз мүмкін екенін бір сәт ойланып көріңіз. Жолда асығыстыққа орын жоқ. Рөлге отырған әрбір азамат өзінің ғана емес, айналасындағы адамдардың да қауіпсіздігіне жауапты екенін ұмытпауы тиіс. Жылдамдықты сақтау, арақашықтықты дұрыс ұстау, жол белгілеріне бағыну және көлік жүргізу кезінде барынша мұқият болу – қауіпсіз қозғалыстың негізгі қағидалары. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу тек полиция мен прокуратура органдарының міндеті емес. Бұл – барлық жол қозғалысына қатысушылардың ортақ жауапкершілігі. Әрбір жүргізушінің тәртіпті сақтауы, әрбір жаяу жүргіншінің сақ болуы және әрбір азаматтың қауіпсіздік талаптарына құрметпен қарауы жолдағы қайғылы жағдайлардың алдын алуға ықпал етеді.
Есіңізде болсын: жолда жылдамдық емес, қауіпсіздік маңызды. Бір сәттік асығыстыққа бола адам өмірін қатерге тікпеңіз. Жылдамдықты бәсеңдет – өміріңді сақта!
