Егемендік алып, еркін тыныстаған тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай соңғы кезде шалғай жатқан ауданымызға атақтары дардай, біліктіліктері жоғары дәрігерлер ат басын бұрып, әртүрлі аурулардың алдын алу үшін ақыл-кеңестерін беріп, ем-домдарын белгілеп, оталарын жасап жатыр. Қалаға барып, қабылдауына кіре алмай жататын доктор, профессорлар өздері ауданға келіп, жұртшылықпен емен-жарқын араласып, олардың сырқаттарына шипа болуға атсалысып жатқандары жақсылықтың нышаны. Қолы жете алмай, жағдайы келмей жүрген көптеген сырқаттар осы мүмкіндіктерді пайдаланып қалды. Шүкір, үзілген үміттері жалғанып, сағымға айналған армандарына қол жеткізіп, талай адам қалыпты өмірге қайта келгендей болды. Баталарын жаудырып, екінші өмір сыйлаған аузы дуалы, қолы шипалы жандарға алғыстарын арқалатты.
Өткен жұма күні аудандық ауруханаға Алматы қаласынан онколог дәрігерлер келді. Олар аудан тұрғындарына ақысыз кеңес беріп, ауру-сырқауларының алдын алуға мүмкіндіктер тудырды және әрі қарай не істеу керектігін түсіндірді. С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық мемлекеттік университеті онкология кафедрасының профессоры Сұлтанбек Рахымғалиұлы Нұрманов, медицина ғылымдарының докторы, профессор, онколог дәрігер Балтабеков Нұрлан Тұрсынұлы қабылдау жүргізді. Күні бойғы қабылдауға 61 адам келді. Тексеру барысында олардың үшеуінде жаңадан пайда бола бастаған қатерлі ісік ауруларына күдік болды. Күйзеліске түсіп кетпеу үшін оның емдеу жолдары түсіндірілді. Қазіргі медицина шарықтау шегіне жеткендігі, кез келген сырқатты емдеуге мүмкіндіктердің молдығы да айтылды дәрігерлер тарапынан. 13 адамда қатерлі ісіктің асқынған түрі анықталғандығын айта кетейік. Оларға да әрі қарай емдеу жолдары жайлы дұрыс мағлұмат беріліп, білгір мамандар қолдануға тиісті дәрі-дәрмектерін де тізбеледі. 45 адамға әртүрлі деңгейдегі сырқаттардың диагнозы қойылды.
«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп бұрынғылар бекер айтпаған. Ауруды асқындырып алғанша оның алдын алған әлдеқайда тиімді екенін білген абзал. Сол мақсатта аудандық аурухананың арнайы шақыртуымен әртүрлі мамандар көмек қолын созуда. Кейде уақыттың тапшылығын, қаржының жоқтығын сылтауратып өз денсаулығымызға өзіміз мән бермейтініміз рас. Кейде мойнымыз жар бермей жатады. Сондықтан білгір мамандардың ақыл-кеңесін тыңдап, олардың тағайындаған ем-домдарын қабылдау арқылы өмірімізді ұзартып, денсаулығымызды жақсартамыз. Аудан тұрғындарының саулығын күзету жолында тер төгіп жүрген ақ халатты абзал жандарға, әсіресе үлкен қаладан келген атақтары дардай дәрігерлерге айтар алғысымыз шексіз. Қолдары шипалы, жандары жылулыққа толы, адам жанының арашашысы болған олардың жұмыстары табысты болғай. Басымыз ауырып, балтырымыз сыздаса алғашқы көмекті дәрігерден көреміз. Ал енді орталықтан арнайы аудан халқының денсаулығы үшін келген мықты мамандардың көмегіне қашанда зәруміз. Олар да жолдың алыстығын ауырсынбай, ауыл тұрғындарына жәрдем беруге әзір екендіктерін танытты. Үлкен мереке қарсаңында, тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы құрметіне қолдарынан келген жақсылықтарын аямай, жан жылуын сыйлап, жәрдемдерін ұсынған оларға Алланың нұры жаусын дейміз.
Баян МАМЫРБАЕВА