
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Ұйғыр ауданында абаттандыру, санитарлық тазалықты сақтау және қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жұмыстар жыл бойы жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Ауданның барлық ауылдық округтерінде көшелерді, қоғамдық орындарды, арық-атыздарды және елді мекендер аумағын тазарту жұмыстары тұрақты ұйымдастырылып, тазалықты сақтау мәселесіне ерекше мән берілуде. Бұл жұмыстар тек арнайы тазалық шараларымен шектелмей, күнделікті қалыптасқан ортақ іске айналып келеді. Тазалық жұмыстарына ауыл тұрғындары, еңбек ұжымдары, жастар, қоғамдық ұйымдар мен белсенді азаматтар тұрақты түрде атсалысуда. Әр ауылда тұрғындар өз аулалары мен көшелерінің тазалығына жауапкершілікпен қарап, елді мекеннің көркеюіне өз үлестерін қосып келеді. «Таза Қазақстан» – бір күндік немесе белгілі бір науқанмен шектелетін жұмыс емес. Оның негізгі мақсаты – тазалықты күнделікті өмір салтына айналдырып, туған жерге деген жауапкершілікті қалыптастыру. Осы бағытта Ұйғыр ауданында тазалық пен тәртіпті сақтау жұмыстары тұрақты бақылауда. Абаттандырылған, таза әрі жайлы ауыл – ең алдымен сол жерде тұратын тұрғындардың ортақ еңбегінің нәтижесі. Сондықтан әрбір тұрғын өз ауласының, көшесінің және қоғамдық ортаның тазалығына үлес қосса, ауданның көркеюіне де нақты әсер етеді. Туған жердің тазалығы – баршаға ортақ міндет. Тазалыққа бірге атсалысып, өз ауылымызды таза әрі көрікті ұстауға үлес қосайық!
