Еліміз егемендік алып, етек-жеңін жинағаннан бері дамудың даңғыл жолымен өрге жүріп келеді. Бұл ретте халқына қамқор болып, бірлік пен ынтымақты, достықты, бейбітшілікті мұрат еткен Елбасының салиқалы саясаты ел басына туған күнді кедергісіз шешіп, қазақ елінің мәртебесін асқақтатуда. Бабалардан қалған ұлаң байтақ кең даланы гүлдендіру, түрлендіру, тынысты арттырып, қуаттылықты нағайту да мемлекет басшысының басты мақсаттарының бірі десек артық айтпаймыз.
Елбасының жыл сайынғы Жолдаулары халықтың көңілінен шығып, мемлекетті ілгерілетудегі мақсат-міндеттеріміз айқындалып келеді. Әр сала бойынша айтылған бағыттар, атқарылар істер де тайға таңба басқандай. Соның ішінде денсаулық сақтау саласы ең маңызды мәселелердің қатарында. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында еліміздің денсаулық сақтау жүйесі алдында нақты міндеттерді қойды. Қазіргі заманғы денсаулық сақтау саласы қымбат стационарлық емге емес, аурулардың алдын алуға бағытталуы тиіс екендігін айтты. Қоғамдық денсаулық сақтау саласын басқаруды күшейтуді және саламатты өмір салтын насихаттауды, жастардың репродуктивті денсаулығын сақтауды, нығайтуды тапсырды. Біз медицина қызметкерлері бұл ретте науқастарға сапалы ем көрсету үшін қызмет түрін жетілдіріп, инновациялық тәсілдер енгізіп, тұрғындарға обыр дертіне қарсы скринингтік тексеруден өтудің маңыздылығын түсіндіріп, қатерлі ауруларды ерте кезеңде анықтауға күш саламыз. Бұл – Елбасының медицина қызметкерлеріне берген басты тапсырмасы. Заман көшіне қарай ауданымыздағы орталық аурухананың хирургия бөліміне өткен жылы видеоэндаскоп алынса, Қырғызсай ауылдық округінде заманауи дәрігерлік амбулатория ғимараты бой көтерді. Сол сияқты науқастарға арналған жаңа кереуеттер, жамылғылар алынып, жедел жәрдем бөліміне екі УАЗ, бір реанимобиль автокөлігі берілді. Біз бұл ретте аудан тұрғындарына сапалы қызмет көрсетіп, оларға қажетті көмекті дер кезінде бере аламыз. Үстіміздегі жылы Кетпен ауылына медициналық амбулатория, Добынға медициналық пункт салу жұмыстары жоспарланып отыр. Мұның барлығы – Мемлекет басшысын салиқалы саясаты мен көрегендігінің арқасында орындалып жатқан елеулі оқиғалар. Халқымыз «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейді. Алдағы уақытта біз түбегейлі аурудың алдын алып, ел ішінде саламатты өмір салтын қалыптастыруымыз қажет. Сондықтан да әркімнің өз денсаулығы өз қолында екендігін де ұмытпағанымыз абзал.
Майра БУКЕЕВА,
аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің халыққа медициналық қызмет көрсету жөніндегі орынбасары