Өткенде Қонаев қаласындағы Мәдениет үйінде «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Алматы облыстық филиалының Пленумы болып өтті. Пленум жұмысына Алматы облысындағы аудандық және Қонаев қалалық ардагерлер ұйымының төрағалары мен пленум мүшелері қатысты. Әр ауданнан келген еңбек ардагерлері мен зейнеткерлер мәре-сәре болысып, танысып, мәдениет үйінің ішін мерекеге айналдырып жіберді.
Алматы облысында аға буын азаматтардың жағдайын жақсарту жөніндегі «Белсенді ұзақ өмір» 2025 жылға дейін ұлттық жоспарларының орындалуы туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Ләйлә Оразбаева кеңейтілген, жан-жақты зерделенген баяндама жасады. Белсенді ұзақ өмір сүрудің жолдары мен тәсілдерін түсіндіріп, саламатты өмір салты мен қимыл-қозғалыстың тоқтамауын айтты. Одан кейін облысымыздың Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласындағы «Белсенді ұзақ өмір орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Жәния Сақташева аталған орталықтағы көрсетілетін қызметтің түрлерімен таныстырды. Егде жастағы адамдардың әлеуметтік әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыру, орталықтан қызмет алушыларының физикалық және психикалық белсенділігін жақсарту, қазіргі біздің қоғамда белсенді ұзақ өмір сүру мәдениетін енгізу, оның ішінде ұрпақтар арасындағы әлеуметтік және іскерлік ынтымақтастықты қалыптастыруға және дамытуға бағытталған бағдарламалар әзірлеу, орталықтың 5 жылдық динамикалық жоспарының негізінде Алматы облысы бойынша барлық аудандарда орталықтың филиалдары 2024 жылдың шеңберінде ашылу жоспары тұрғандығын да ескертті.
Сонымен бірге ұйым жұмысына белсенді араласып жүрген бастауыш ардагерлер ұйымы мен аудандық филиалдың төрағалары әртүрлі марапаттарға ие болды. 10 ардагерге Алматы облыстық ардагерлер кеңесінің өкімімен алғаш рет «Алматы облысының құрметті ардагері» белгісі табыс етілді. Оның ішінде ауданымыздың құрметті азаматы, Сүмбе ауылдық округі бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Мерейімов Мәлік Төлегенұлы бар. «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Орталық кеңесінің төрағасы Б.Ізмұхамбетовтың өкімімен 3 аудандық филиалдың төрағалары «Құрмет белгісі» төсбелгісімен, 2 аудандық филиалдың төрағалары «Алғыс хатпен» марапатталды. Сондай-ақ Алматы облыстық филиалының төрағасы Е.С.Тұрымбетовтың өкімімен ардагерлер ұйымының жұмысына белсенді араласқан ауданымыздың ардагерлері Тұяқбаев Мәлік, Тохтыбакиев Абдурзақ және Сүмбе ауылдық округінің аға маманы Атағұлова Гүльназ облыстық филиалдың «Алғыс хатымен» марапатталды. Керемет кездесу болды. Аудандағы ардагерлерді облыс орталығына апарып, алып келуіне жағдай жасаған аудан әкімшілігіне алғысымыз шексіз.
Ербол НҰРСЕЙІТОВ,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы