Ұлттық өнер – халқымыздың рухани байлығы, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан асыл мұрасы. Әсіресе, дәстүрлі ән өнері – қазақ халқының болмысын, тарихын, тағылымы мен терең тамырлы мәдениетін танытатын құнды қазына. Осы өнерді ұлықтау, оның өрісін кеңейтіп, жас ұрпаққа насихаттау мақсатында Ұйғыр аудандық мәдениет үйінде «Әнмен өрілген ғұмыр» атты тағылымды мәдени іс-шара өтті. Қазақтың дәстүрлі ән өнеріне өзіндік қолтаңбасын қалдырған, ғұмырын қасиетті өнерге арнаған талантты әнші Жақсылық Мырқаевтың 70 жылдық мерейтойына орай аудандық дәстүрлі әншілер байқауы ұйымдастырылып, оның қорытындысы концерттік кешпен түйінделді. Өнер иесінің мерейтойына арналған байқау – дәстүрлі әншілік мектептің сабақтастығын дәріптеп, ұлттық музыкалық мұраны кеңінен насихаттауға бағытталған маңызды мәдени бастама. Мұндай өнер додалары әншілік қабілетімен ерекшеленген орындаушылардың шығармашылық әлеуетін танытып қана қоймай, халық әндері мен дәстүрлі орындаушылық өнерге деген құрметті арттыра түседі. Байқау барысында қатысушылар қазақтың дәстүрлі әндерін нақышына келтіре орындап, ұлттық өнердің бай бояуын, әуезділігі мен көркемдік ерекшелігін көрермен назарына ұсынды. Әрбір әннен халықтың рухани дүниесі, ұлттық болмысы мен ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени дәстүрі көрініс тапты. Қатысушылардың өнері олардың орындаушылық шеберлігін, ән мәтіні мен әуенінің табиғатын терең түсінетінін аңғартты. Іс-шараның қорытынды концерттік кеші де мазмұнды әрі әсерлі өтті. Әсем әнмен өрілген кеште дәстүрлі өнердің қадір-қасиеті айқындалып, көрермендерге рухани әсер сыйлады. Бұл басқосу ұлттық өнерді бағалайтын қауымның басын қосып, дәстүрлі әннің бүгінгі мәдени өмірдегі маңызын тағы бір мәрте көрсетті. Жақсылық Мырқаевтың 70 жылдығына арналған «Әнмен өрілген ғұмыр» байқауы – өнерге құрмет көрсетудің, рухани мұраны дәріптеудің және дәстүрлі әншілік өнердің дамуына қолдау білдірудің жарқын үлгісі. Осындай мәдени шаралар арқылы ұлттық өнердің үні жаңғырып, жас орындаушыларға жол ашылады, ал халқымыздың асыл мұрасы келер ұрпаққа аманат болып жалғаса береді.
Ұлттық өнерді ұлықтау – өткенге тағзым ғана емес, болашаққа бағытталған рухани міндет. Дәстүрлі әннің әуезі үзілмей, қазақтың әншілік өнері жасай берсін!
