Басты бет Әр қилы ҚЫРҒЫЗСАЙЫМ – ХАН САРАЙЫМ

ҚЫРҒЫЗСАЙЫМ – ХАН САРАЙЫМ

0
3,237

Қазақстан – табиғаты көркем, жанға жайлы әсем жерлерге өте бай. Жер жаннаты  – Жетісу, асқар шыңды – Алтай, емдік қасиеті мол – Алакөл, көрген көзді таңғалдырар – Балқаш, сыр жасырған – Көкше, сұлулықтың мекені – Баянауыл, қасиетінен айналайын – Қарадала. Айта берсең Атырау мен Алтайдың арасын алып жатқан ұлы қазақ даласы бірінен-бірі өткен сұлу. Таза ауасы, самал желі, көркем табиғаты, мөлдір бұлағы басқа еш жерде жоқ сияқты. Демалу үшін шетелге қаржы жұмсап, жол азабын көрудің қажеті жоқ. Өз жерімізде де демалатын орындар жетерлік. Жаратушы ием қазақтың кең пейіл мінезі мен дархан көңіліне қарай ұланғайыр жерді берді, оның асты-үстін байлыққа толтырды. Ол да ниетімізге қарай деп түсінемін.

Туған жерді алысқа кеткенде ғана сағынады деген түсінік қалыптасып қалған. Шындығында олай емес. Мен 20 шақырым ғана жырақта жүрсем де ауылым Қырғызсайды әркез сағынып тұрам. Ауылға барғанда да сағынышымды баса алмаймын. Әкем Сембек өте қарапайым, артық сөзі жоқ жан еді. Амал қанша бақилық болып кетті. Әкем «Горный» пионер лагерінде күзетші болатын. Қолымыз қалт кеткенде әкеме қарай жүгіретінбіз. Ыстық тамақ апарып, жанында болып, таудың таза саф ауасын жұтып мәз-мейрам болып үйге қайтатынбыз. Осындай жерге дүниеге келгенім үшін Аллаға мың рет рақмет айтқан шығармын. Әкемнің қасынан қимай ауылға түсіп кететінмін. Мен үшін туған ауылыма жететін жер жоқ. Оның тауы қандай сұлу десеңізші. Күн жылысымен тауымызға қарай ағылатын адамдарды айтсаңызшы. Неліктен дейсіздер? Өйткені табиғаттың таңғажайып сұлулығына тамсанып, таудың салқын ауасымен тыныстап, тынығып қайту үшін. Туған жеріме адамдардың демалу үшін келетіні қандай жақсы. Сол үшін де бақыттымын.

Туған жер, туған ел… Осы екі ғана сөзде қаншама мағына, қаншама ой жатыр десеңізші?! Туған жердің қадірін әр адам әрқалай түсінетін шығар. Ал мен үшін туған жер қадірі дүниедегі ең ұлы деген нәрсемен пара-пар. Себебі, ол – менің әлпештеген анам, аялап өсірген әкем, туған-туысым, аға-әпкелерім, мені білім жолына жетелеген ұстаздарым, сол білімге ұмтылу жолындағы тай-құлындай тебіскен жора-жолдастарым дүниеге келген жер. Қырғызсай кішкентай ғана шағын ауыл болғанымен мен үшін аса қымбат әрі киелі. Осы мекенде менің көңілді де шаттыққа толы, уайымсыз да бейкүнә балалық шағым өтті. Қызыққа толы балалық шағым өткен туған ауылдың ауласын еш уақытта ұмытпақ емеспін. Көршілердің балаларымен таласып-тармасып ойнаған пәк кездерім. Мектеп табалдырығын алғаш аттаған күн… Сыныптас достарыммен алғашқы таныстық… Бәрі-бәрі қазіргідей көз алдымда. Туған жер, өскен орта сол себептен де адамның түп қазығына баланады. Өмірге деген іңкәрлігің туып-өскен топырағыңа деген ыстық сезіміңмен ұласып, тамырыңа қан жүгіртеді. Сол арқылы болашаққа бағыт алып, бет түзейсің. Қай биікке шықсаң да бала кезде көз алдыңда қалған ауылыңның ақеділ адамдары санаңның түкпіріне қатталып, ойыңнан кетпейді, жадыңда жаңғырып тұра береді. Бұл кез келген адамның басында болатын хәл. «Әркімге өз туған жері – мысыр шәрі» деген сөз осыдан қалса керек. Туған жердің жыңғылы мен жусаны, қамысы мен қарағайы, ойы мен қыраты, қарақаты мен бүлдіргені, шұбатылған өзені, керек болса қырында жатқан түйір тасына дейін қымбат. Сол кішкентай ауылдан бастау алған балаң сезім, тұтас туған отанды сүюге жетелейді. Туған жердің қадір қасиеті өскелең ұрпақтың бойындағы отаншылдық, мемлекетшілдік рухын оятып патриот азамат болып қалыптасуына жол ашатыны тағы анық.

Ұшса құстың қанаты талатын, шапса тұлпардың тұяғы тозатын кең байтақ қазақ даласының шұрайлы өлкесінің бір пұшпағы қасиетті Қарадала төсінде дүние есігін ашып, Қырғызсайда менің кіндігім кесілгені үшін бақыттымын. Бақыт ұғымы менің түсінігімде адамды алға ынталандыратын, өсіп-жетілдіретін, басқаларға мойындатуға жетелейтін керемет құндылық. Адам бақытының өлшеміне азаматтық, жолдастық, достық, ұрпақ жалғастыру секілді мақсаттар енеді. Ал осылардың барлығы ең алдымен туған жерге деген махаббаттан бастау алады деп топшылаймын.

Жұмыр жердің бетіндегі жұдырықтай мекен мен үшін қастерлі Қырғызсай ауылы. Менің бүкіл болмысымның қалыбы, бақытымның бастауы, арманымның асқары  осы құтты  мекенде жасырынған. Әр естелік, әр оқиға жанға жылылық сыйлаған іңкәр мекенге алып ұшатындай. Жылдар жылжып, уақыт сырғыса да туған жерге деген көңілім сол баяғы биігінен құлап көрген емес. Осы жақында ғана ауылым облыста сыйлыққа ие болып келді деп естідім. Мәртебем көтеріліп қалды. Қуанышымда шек болмады. Ауылдастарым көкпар берейін деп жатыр екен. Оған да мәз болдым. Ауылымның әр жақсылығына өзімнің үлесім бардай марқаямын. Туған жерімнің ең ыстық сәті әкемнің қасына барып, тауда аунап-қунап қайтатын кезім. Әкемді сағынғанда ауылымды да қоса сағынамын. Қырғызсай мен үшін әкем, анам, бауырларым, көршілерім. Сол үшін оны жанымдай жақсы көремін.

Перизат СЕМБЕКҚЫЗЫ

ҚЫРҒЫЗСАЙ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖЕР КАДАСТРЫ – МӘЛІМЕТТЕР ЖИЫНТЫҒЫ

Жерге қатысты нәрселерге байланысты сұрақтар қашанда көп болады. Жалпы құжаттандыруға келг…