Басты бет Денсаулық МАҚТАУЛЫ МАМАНДЫҚ

МАҚТАУЛЫ МАМАНДЫҚ

0
269

Әлемде әртүрлі маман иелері бар. Алайда адамның өміріне араша түсіп, өлім мен өмірдің ортасында жатқан науқастың аумалы да төкпелі жағдайымен арпалысатын, тірі жанның тағдыры үшін теңіздей терін төгетін дәрігерлік мамандықты барлығынан биік қояр едім. Бұл мамандықты таңдаған жан үлкен сенім мен қиянат жасауға болмайтын аманаттарды арқалайтындығы айтпаса да түсінікті. Осындай жауапкершілік жүгі ауыр саланы таңдап, оны толыққанды игеріп шығып, алған білімін тәжірибе жүзінде сәтті әрі нәтижелі жүзеге асырып жүрген нағыз дәрігер мамандар аз емес. Солардың бірі Аида Амутжанқызын бүгінгі әңгімеміздің басты кейіпкері ретінде қарастырдық. Осындай саланың майталман маманы, өз ісінің нағыз шеберімен жақыннан танысу үшін өткен өмірі мен жүрген еңбек жолына шолу жасалық.

Исмаилова Аида Амутжанқызы  1975 жылы осы қасиетті Қарадаланың Сұңқар ауылында дүниеге келген. 1992 жылы Сұңқардағы білім ордасын үздік тамамдап, арманына ілесіп Алматыға барады. Бала күнгі асқақ арманы дәрігер болуға деген құштарлық оны Асфендияров атындағы медицинаның қара шаңырағының студенті атандырады. Осылайша 1993 жыл мен 1999 жылдар аралығында аталмыш медицина университетінің терапия факультетін сәтті аяқтап, қосымша білімді көп көрмей, 2000 жылы интернатурасын да тамамдап шығады. Осылайша арманындағы мамандығына қол жеткізген жас дәрігер алғашқы еңбек жолын Алматы қаласындағы психикалық сауықтыру орталығында психиатр қызметінен бастайды. Үлкен ортадан мол тәжірибе жинап, 2012 жылы туған ауылына оралып, ауылдық емханада еңбек жолын жалғастырған. Өз ауылының амбулаториясын басқаруды қолына алған жас дәрігер 4 фельдшер, 2 акушер маманы, 8 медбике, 6 кіші қызметкер жұмыс істейтін ауылдың медицина мекемесін тек жетістік пен нәтижелі жұмысқа бастап келе жатыр. Тынымсыз еңбектің арқасында Сұңқар ауылдық амбулаториясы 2016 жылы облыс бойынша ең үздік ауылдық амбулатория номинациясын жеңіп алған. Бұл жетістік тәжірибе мен білімді ұштастырған ұжым мен оның тізгінін ұстап отырған басшы жұмысының нәтижесі екендігі айқын. Кейіпкеріміз бос уақытын құр өткізбей, өзі сүйген мамандығын жанына серік етіп, дәрі-дәрмегін арқалап, 4 ауылды аралап шығатын көрінеді. Аида Амутжанқызы – бүгінгі таңда 3 ұл, 1 қыз тәрбиелеп отырған аяулы ана, асыл жар. Тәулік таңдамайтын адам өмірінің арашасы болатын жауапты жұмысына түсіністікпен қарап, тек қолдау танытып отыратын адал жары мен отбасына риза екендігін әңгіме арасында айтып қалды.

Ел арасында еңбегі елене бермейтін мақтаулы мамандықтың иесі Аида Исмаилованың еңбек жолы мен ұстанымы кімге болса да үлгі тұтарлықтай. Дәрігер болам деген жас буынға өнегелі жол деп мақтана көрсете аламыз.

Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қоғамымыз дәрігер парызының ерекше мән-маңызына күн өткен сайын көз жеткізуде. Көптеген дарынды жастар осы мамандықты игеруге ұмтылып жатыр» деген тамаша сөзімен дәрігерлер қауымын шын жігерлендірген болатын. Патшамыздың осы сөзіне бүгінгі әңгімемізге арқау болған азаматшаның еңбегі мен мамандығына деген адалдығы әбден дәлел болғандай. Жаңа Қазақстанның саламатты болашағын қалыптастыру үшін антына берік, ісіне шебер осындай нағыз дәрігерлердің қатары көбейе берсін!

Ақжол НҰРДӘУЛЕТҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

АЛҒЫС АРҚАЛАҒАН ҚАНДАЙ ЖАҚСЫ

Өзім құрмет тұтатын, ақындығы бір төбе, ұстаздығы бір төбе Мамытхан ағам сырқаттанып аурух…