Басты бет Ақпарат ағыны Әнмен әрленген шекара

Әнмен әрленген шекара

0
1,528

ҰҚК Шекара қызметіне – 30 жыл

Ағымдағы жыл шекарашылар үшін айтулы датамен есте қалуға тиіс. Өйткені, биылғы 18 тамызда ҰҚК Шекара қызметінің құрылғанына 30 жыл толады. Осыған орай, алдын ала жоспарлар шаш-етектен. Түрлі тақырыптық шаралар мен байқаулардан бөлек, Отан оғландары – шекарашылардың 30 жыл ішіндегі ерлікке толы істері туралы кітап жазылып, «Мемлекеттік шекара» деген атаумен республика жұртшылығына жол тартқаны белгілі.

Ал жақында ҰҚК Шекара қызметінің ән-би ансамблі өзінің шығармашылық сапарын еліміздің шығыстағы шекарасынан бастады. Атап айтар болсақ, Әскери-патриоттық қызметі басқармасының подполковник Қ.Әнуарбек бастаған өнерпаздар тобы ҰҚК Шекара қызметінің Алматы облысы бойынша департаментінің Қарасай, Райымбек, Панфилов және Алакөл аудандары бойынша шекара басқармаларының учаскелерінде болып, шекара аймағын әнмен әрледі.

Алдымен, 12 наурызда ән-би ансамблі Жамбыл ауданының мәдениет үйінде Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасының «Қастек», «Жамбыл», «Қарғалы», «Қаскелен» шекара бөлімшелерінің жеке құрамдарымен бірге жергілікті өнерсүйер халықпен кездесті. Мұнда зал толы көрермен шекарашы өнерпаздар дайындаған патриоттық әндерді тыңдап, күмбірлеген күйлерге құлақ құрыштарын қандырды.

— Біздің наурыз айының басынан басталған шығармашылық сапарымыз Шекара қызметінің 30 жылдығына арналады. Сондықтан мерекелік концертті Отанымыздың шетін қорғап жүрген шекарашылар ғана емес, шекара өңірінің халқы да тамашалауға тиіс. Өйткені, өңірдің қартынан бастап, мектеп оқушысына дейін өзін шекарашы санайды, — дейді подполковник Қуаныш Әнуарбек бізбен сұхбатында.

…Мұнан кейін шығармашылық топтың концерттік бағдарламасы аталған шекара басқармасының «Саты», «Рабат» шекара бөлімшелері орналасқан А.Нүсіпбеков елді мекенінің мәдениет үйінде жалғасты. Іле Алатауының байырғы тұрғындары да шекарашы өнерпаздарды құшақ жая қарсы алып, әншілер орындаған «Шекарамыз берік болсын», «Бастау», «Бәйге», «Алтын бесік», «Қазағым жаса», «Өнер жолы» секілді тамаша әндермен рухани сусындады.

Лайықты бағасын беру керек, жыр дүлдүлі Жамбыл бабамыздың туған жерінен бастау алып, жер жаннаты Жетісудың Үшарал қаласына дейін жалғасқан шығармашылық сапар кезінде жергілікті жұртшылық қазақ елінің «Жүз әніне» енген туындыларды ғана тыңдаумен шектелген жоқ. Еліміздің күштық құрылымдары арасында, халықаралық байқауларда топ жарып жүрген ҰҚК Шекара қызметі Ән-би ансамблінің репертуарынан әлем халықтарының әндері мен билерін де көптеп кездестіруге болады. Атап айтар болсақ, сахна төрінде орындалған Латын Америка музыкасы «Тико-тико», А.Пяцоллоның «Запах женщины», М.Магомаевтың «Синяя вечность» деп аталатын әндері де зал толы көрерменнің көзайымына айналды.

Әрі қарай, Нарынқол, Шонжы ауылдарының мәдени ошақтарына ат басын тіреп, аудан жұртымен қауышқан шекарашыларды келесі нүкте – Жаркент қаласының халқы күтіп отырған болатын…

Шекарашы өнерпаздар қаланың мәдениет үйінде болып қана қойған жоқ, Қорғас ауылына да арнайы ат басын тіреді.

Міне осылайша, шекара аймағын тамаша ән-күймен әрлеген ансамбль мүшелері жолай Текелі қаласына соғып, Алакөл ауданың орталығына маңдай тіреген кезде үшаралдықтар Ұлыстың ұлы күнін қызу тойлап жатқан болатын.

«Іздегенге сұраған» демекші, шекарашы өнерпаздарды Үшарал қаласының халқымен бірге шекарашылар да қуана қарсы алып, «Шекарашылар ауылының» төрінен орын берді. ҰҚК Шекара қызметінің ел аралап келе жатқан ансамблі де тосылған жоқ, сахнаға шығып, халыққа мерекелік көңіл-күй сыйлады.

…ҰҚК Шекара қызметінің 30 жылдығы қарсаңында шекара өңірінің халқымен болған осынау ұлағатты кездесу – шекарашылардың ел шебіндегі күн мен түнге жалғасқан қызметін, Отан оғландарының ерлік істерін ұлықтау болатын. Біздің таланттарымыз бұл міндеттің үдесінен шықты.

Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА,

ҰҚК Шекара қызметінің запастағы подполковнигі.    

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Алматы облысы әкімінің «Заңғар-2024» жастар сыйлығына өтінім қабылдау басталды

Алматы облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы “Заңғар-2024”жастар сыйлығ…