Қоғамды іштен ірітетін кеселдер болады. Олар бір күнде пайда болмайды, бір күнде жойылмайды. Әуелі әдет болып басталып, кейін тәуелділікке айналады, ақыр соңында тұтас бір отбасының, тіпті қоғамның қасіретіне ұласады. Бүгінде сондай әлеуметтік дерттің бірі – лудомания.
Көпшілік құмар ойындарды адамның жеке таңдауы деп қабылдайды. Алайда мәселенің ауқымы әлдеқайда кең. Бұл бір адамның ермегі немесе әлсіздігі емес, ұлттық деңгейдегі проблемаға айналып отыр. Себебі лудомания отбасының берекесін кетіреді, адамды қарызға батырады, қылмысқа итермелейді, жастардың болашағына балта шабады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында бұл мәселені ерекше атап өтіп: «Шын мәнінде, лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер. Соның кесірінен талай шаңырақ шайқалды. Талай азамат заң бұзып, қылмысқа ұрынды. Құмар ойын үшін қарызға батып, өзіне қол жұмсаған жандар туралы хабарлар, өкінішке қарай, күн сайын тарап жатады», – деген болатын.
Президенттің сөзінде үлкен шындық жатыр. Өйткені лудомания бүгінде тек қаржы жоғалтумен өлшенбейді. Оның артында жылаған бала, күйзелген ана, қарызға батқан әке, күйреген отбасы тұр.
Нарықтық қоғамда адамдардың әл-ауқаты көбіне табысымен өлшенеді. Әсіресе жастар арасында тез байып кетуге деген ұмтылыс күшейіп барады. Әлеуметтік желілерде қымбат көлік мінген, сәнді өмір сүріп жүрген адамдардың бейнесі үздіксіз көрсетіледі. Мұндай көріністер кей жастардың санасында «табысқа жетудің қысқа жолы бар» деген жалған түсінік қалыптастырады. Ал букмекерлік кеңселер мен онлайн казинолар осы психологияны шебер пайдаланады. Олар ұтқан адамдарды көрсетеді, бірақ ұтылған мыңдаған адамның тағдырын ешкім жарнамаламайды. Шын мәнінде, құмар ойын – байлыққа апаратын жол емес, қаржыдан айырылудың ең жылдам тәсілдерінің бірі. Себебі ойын жүйесі әрқашан ұйымдастырушының пайдасына жұмыс істейді. Бірақ мұны түсінгенше көп адам қарызға батып үлгереді.
Бұрын казиноға бару үшін арнайы орын іздеу қажет еді. Қазір жағдай басқаша. Казино адамның қалтасында жүр. Яғни, смартфондағы қосымша арқылы бірнеше секунд ішінде есепшот ашып, бәс тігуге болады. Бұл әсіресе жастарды тәуелділікке тез итермелейді.
Арнай мәліметтер бойынша, Қазақстанда жүздеген мың азамат букмекерлік кеңселердің тұрақты клиентіне айналған. Мемлекет басшысы өз сөзінде шамамен 400 мыңға жуық азаматтың букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиенті екенін айтқан болатын. Бұл – тұтас бір қаланың халқымен тең көрсеткіш. Ал сандардың артында қанша тағдыр тұрғанын елестетудің өзі қиын. Психологтардың айтуынша, лудоманияға шалдыққан адам алғашында ұтылғанын жасырады. Кейін қарыз алады. Одан соң өтірік айтады. Ақырында туыстарының сенімінен айырылады. Көптеген ажырасулардың астарында қаржылық қиындықтар жатыр. Ал қаржылық қиындықтардың бір бөлігі дәл осы құмар ойындардың салдарынан туындайды. Әсіресе балалар үшін бұл ауыр соққы. Олар ата-анасының ұрыс-керісін көреді, материалдық тапшылықты сезінеді, психологиялық күйзеліске түседі. Яғни бір адамның тәуелділігі бірнеше адамның өміріне әсер етеді.
Сарапшылар соңғы жылдары лудоманияны тек медициналық немесе әлеуметтік мәселе ретінде ғана емес, ұлттық қауіпсіздікке әсер ететін фактор ретінде қарастыра бастады. Себебі қарызға батқан, психологиялық күйзеліске түскен азамат түрлі заңсыз әрекеттерге баруы мүмкін.
Президент жанындағы құрылымдарда да бұл мәселе бірнеше рет көтеріліп, лудоманияның ұлттық қауіпсіздікке төндіретін қатері айтылды. Шын мәнінде, елдің басты байлығы – табиғи ресурстар емес, адами капитал. Ал жастардың ойынқұмарлыққа тәуелді болуы сол капиталдың әлсіреуіне әкеледі.
Соңғы жылдары мемлекет құмар ойындарға қатысты заңнаманы күшейтті. Президент лудоманияға қарсы заңға қол қойып, бірқатар шектеулер енгізілді. Борышкерлердің бірыңғай тізіліміндегі азаматтарға, мемлекеттік қызметкерлерге, әскери қызметшілерге және кейбір басқа санаттарға құмар ойындарға қатысуға тыйым салынды. Сонымен қатар букмекерлік жарнамаларға қатысты талаптар күшейтілді. Алайда мәселені тек заңмен шешу мүмкін емес. Егер қоғамда жеңіл ақшаға деген құмарлық сақталса, жастар еңбек пен білімнің құнынан гөрі кездейсоқ ұтысқа көбірек сенсе, онда мәселе толық жойылмайды. Сондықтан лудоманиямен күрес отбасыдан басталуы керек. Ата-ана баласына ақшаның қалай табылатынын, еңбектің қадірін түсіндіруі қажет. Мектеп қаржылық сауаттылықты күшейтуі керек. Ал қоғам табыс культінен бұрын адал еңбек құндылығын дәріптеуі тиіс.
Қазақ «оңай олжа – тұрмас қолға» дейді. Бүгінгі лудомания мәселесі осы сөздің өміршеңдігін тағы бір дәлелдеп отыр. Құмар ойын адамға байлықтың елесін көрсетеді, бірақ көбіне өмірінің шындығын тартып алады. Президент айтқандай, бұл – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер. Сондықтан лудоманиямен күрес тек мемлекеттің емес, бүкіл қоғамның міндеті. Біз ұтысқа емес, еңбекке сенгенде ғана бұл дерттің тамырына балта шаба аламыз.
С. БАЗАРҚҰЛОВА
