Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.
Бүгінде әлем жұртшылығын алаңдатып отырған экстремизм мен терроризм мәселесі біздің еліміз үшін де жат құбылыс емес. Көпұлтты, көпконфессиялы қоғам ретінде қалыптасқан Қазақстанның ерекшелігін теріс мақсатта пайдаланғысы келетін топтардың бар екені жасырын емес. Бірлік пен татулықты ту еткен елдің тыныштығын бұзуға тырысатын мұндай әрекеттер қоғамға үлкен қауіп төндіреді. Әсіресе, дінді желеу етіп, халықты адастыруға ұмтылатын теріс ағымдардың әрекеті алаңдатарлық. Өкінішке қарай, кейбір азаматтардың діни сауатының төмендігі мен аңғал сенгіштігін пайдаланған радикалды топтар оларды өз ықпалына тартып, шынайы ислам құндылықтарын бұрмалап көрсетуде. Нәтижесінде, асыл дініміздің атына кір келіп, қоғам ішінде түсінбеушілік пен алауыздық туындайды. Ал шын мәнінде, дін – адамзатты ізгілікке, бейбітшілікке, әділдікке шақыратын рухани құндылықтар жүйесі.
Ислам діні – мейірімділік пен татулықтың, сабыр мен парасаттың діні. Ол жазықсыз жанның өміріне қол сұғуды, біреудің ар-намысы мен мал-мүлкіне зиян келтіруді қатаң айыптайды. Хәкім Абай айтқандай, «адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген ұстаным – исламның өзегі. Сондықтан дінді жамылып, зорлық-зомбылыққа, бүлік пен қантөгіске үндейтін кез келген әрекет ислам қағидаларына мүлде қайшы.Экстремизм мен терроризмге жол бермеу – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Бұл ретте діни сауаттылықты арттыру, жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру, ұлттық және рухани құндылықтарды насихаттау аса маңызды. Әрбір азамат жат идеологияларға қарсы тұра алатын саналы әрі жауапты тұлға болып қалыптасуы қажет.Ел тыныштығы мен қоғамдық тұрақтылық – ең басты құндылықтардың бірі. Оны сақтау үшін бірлік пен ынтымақты нығайтып, діннің шынайы мәнін дұрыс түсініп, теріс ағымдардың жетегінде кетпеу – әрқайсымыздың азаматтық борышымыз. Экстремизм мен терроризмге қарсы тұру – бұл болашақ ұрпақтың бейбіт өмірін қамтамасыз етудің кепілі.
Асыл дініміз Ислам адамзатты бейбітшілікке, татулық пен бірлікке, ғылым-білімге, өзара мейірімділікке насихаттайтын дін. Алла Тағала қасиетті Құранның «Хужурат» сүресінің 13-аятында:
«Уа, адамзат! Сендерді Біз әуелде бір еркек, бір әйелден, бір ата, бір анадан өрбіттік. Өзара қарым-қатынас жасап, бір-бірлеріңді танысын деп түрлі ұлт пен ұлыстарға бөлдік. Алла Тағала алдындағы ең абыройлыларың – тақуа болғандарың. Шын мәнінде, Алла – барлық нәрсені толық білуші, барлығынан толық хабардар», – деп айтқан.
Бұл олардың бірлікте болуына, адасып, түрлі жат ағымның жетегінде кетпеуіне басты себеп болды. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларын әркез бірлікке үндеп, жік-жікке бөлініп, дұшпандық қылудан сақтандырған хадиісінде:
«Ұлық Алла Тағаладан қорқыңдар! Егер сендерге құл әмір болса да, оны тыңдаңдар және оған бойұсыныңдар. Расында, араларыңдағы көп өмір сүргендер көп ұрыс-керіске (фитнаға) тап болады. Сондықтан сендерге еш ауытқымай менің сүннетімді және дұрыс жолмен жүрген діндар халифалардың сүннетін ұстану керек», – деп айтқан (имам Термизи).
Бұл хадисінде Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларына дінді бұрмалаушы ағымдардың шығатынын ескертіп әрі олардан сақтанудың жолдарын баяндаған.
Қазіргі таңда әрбір мұсылманның өз дінінде берік болып, дінбұзар жат ағымдардың жетегінде кетуден сақтануы аса маңызды. Теріс идеологиялар көбіне адамның діни сауатының әлсіздігін, өмірлік тәжірибесінің аздығын пайдаланып, санасын улауға тырысады. Сондықтан мұндай ағымдардың ықпалына түспеу үшін әрбір адам мынадай амалдарға ерекше назар аударуы тиіс:
Біріншіден, дұрыс діни білім алу. Дінді сенімді, ресми және дәстүрлі бағыттағы ұстаздардан үйрену – адасудан сақтайтын негізгі жол. Кездейсоқ ақпарат көздеріне, әлеуметтік желідегі белгісіз уағызшыларға сене беру үлкен қателікке ұрындыруы мүмкін.
Екіншіден, ақпаратты саралай білу. Кез келген діни мәліметті бірден қабылдамай, оның қайдан алынғанына, мазмұнының шынайылығына мән беру қажет. Радикалды топтар көбіне жалған немесе бұрмаланған ақпарат арқылы адамдарды алдауға тырысады.
Үшіншіден, ұлттық және дәстүрлі құндылықтарды құрметтеу. Ата-бабамыз ұстанған жол – байыптылық пен парасаттылыққа негізделген. Осы құндылықтарды берік ұстану – қоғамдағы тұрақтылықтың кепілі.
Төртіншіден, заңға бағыну және қоғамдық тәртіпті сақтау. Кез келген әрекет мемлекет заңдарына қайшы келмеуі тиіс. Өйткені заңға қарсы іс-қимыл – қоғамға қауіп төндіретін жол.
Бесіншіден, ортаға мән беру. Адам көбіне араласқан ортасына қарай қалыптасады. Сондықтан күмәнді топтардан, түсініксіз жиналыстардан, радикалды көзқарастағы адамдардан аулақ болған жөн.
Алтыншыдан, сұрақ туындаса, мамандарға жүгіну. Діни мәселелерде күмән пайда болса, оны өз бетінше шешуге тырыспай, білікті дінтанушылар мен имамдарға жүгінген дұрыс.
Қорыта айтқанда Шәкәрім қажы Құдайбердіұлының: «Дін адамды бір бауыр қылмақ еді, Оны бөліп, дұшпандық қару жасар», – деп айтқанындай, жамағатты жік-жікке бөлу, іштей ыдырату, өздерін ғана шынайы мұсылман тұтып, өзгелерді адасқан санау, уағыз-насихаттарын жасырын жүргізу – жат ағымның сипаты.Расында, Алла Тағала барлық адамдарды жаратқан иесін тануға, оған шынайы құлшылық етуге, оның бұйырған әмірлерін орындау мен тыйған тыйымдарынан алыстауға шақырады. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:«…Шектен шықпаңдар. Негізінен Алла шектен шығушыларды жақсы көрмейді»,– деген («Бақара» сүресі, 190-аят). Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Кім адамдарға жақсылық жасаса, Алла соған мейірімін төгеді. Жер басып жүрген жандарға мейіріммен қараңдар, Алла да сендерге рақымшылық жасайды», – деген.
Дана халқымыздың: «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде», – деген де нақыл сөзі бар. Сондықтан Отанымызды сүйіп, дін, өркениет, толеранттылық және болашақ жайлы дұрыс түсінік қалыптасқанда ғана біз экстремизм мен терроризмнің алдын алуымызға болады. Ал дінаралық толеранттылық құндылықтарын бекіту және экстремизмнің алдын алу аса маңызды іс болып табылады.
Алмат ӘБДІМҮТӘЛІПҰЛЫ,
ауданның бас имамы
