Қарадаланың қасиетті топырағынан түлеп ұшып, алты Алашқа танылған Сәуле Досжанмен Ұйғыр ауданы мақтанады. Ұйғыр ауданындағы Ақтам деген кішкентай ғана ауылдан шыққан Сәуле Мағазбекқызы арманын үкілеп, Алматыға аттанды. 1982 жылы Қазақ Мемлекеттік Университетінің журналистика факультетінің студенті атанды. Жүрегінің қалауы да сол еді. Еңбек жолы да журналистика саласында басталды. Талап пен маңдай тердің арқасында ұзақ жылдар бойы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппаратында жауапты қызметтер атқарды. Талай прозалық, поэзиялық додаларда топ жарды. 2011 жылы Ұйғыр ауданының, 2019 жылы «Алматы облысының Құрметті Азаматы» атағы берілді. 2020 жылы ҚР Президенті Жарлығымен «Халық Алғысы» медалімен марапатталса, Сәуле апайымыз 2020жылы Халықаралық «АЛАШ» әдеби сыйлығына ие болды. Шығармалары орыс, испан, неміс, қытай, ағылшын, араб, француз, венгер, түрік, чех және қырғыз тілдеріне аударылған. Қазақстан Жазушылар Одағының және Журналистер Одағының мүшесі. Ел сүйіп оқитын «Үшінші есіктің құпиясы», «Жатқа туған бала», «Үлкен үйдегі үрей», «Қасірет пен Тағдыр», «Ауылдан шыққан миллионер», «Үзілмеген Үміт», «Біртуар» атты прозалық шығармалардың авторы да Сәуле Мағазбекқызы.
Осындай таудай жетістіктердің иегері Сәуле Мағазбекқызы жыл сайын туған ауылына келіп, өзі білім алған орта мектептің қабырғасындағы таланттарға батасын беріп, арнайы тағайындаған шәкіртақысын ұсынатын. Биыл да сол дәстүрден жаңылмаған апайымыз кіндік қаны тамған жері Ұйғыр ауданы Ақтам ауылына ат басын бұрды. Мыңдаған шақырым алыста жүрсе де жүрегінің түбінде ауылын ұмытпаған, бос уақыт тапса Ақтамға қарай алып ұшатын қазақтың ақын қызы Сәуле Мағазбекқызымен бұл жолы жары генерал-полковник Сәт Тоқпақбаев, ҚР Ғылым Академиясының коррерспондент мүшесі, ҚР Жазушылар Одағы Басқарма төрағасының орынбасары ақын Бауыржан Жақып жұбайымен, Ұйғыр ауданында ұзақ жыл қызмет атқарған Зәріп Бидайбеков жұбайымен бірге келді. Алыстан ат арылтып келген қонақтарды Ұйғыр ауданының әкімі Шухрат Нурахунов, мәслихат төрағасы Нұрәкім Есжан, Ұйғыр аудандық білім бөлімінің басшысы Мөлдір Құрманалиевалар қарсы алды.
Мектеп директорының уақытша міндетін атқарушы Жұмақыз Тасыбаева бастаған Ақтам орта мектебінің ұжымы мен оқушылары келген қонақтарды жылы шыраймен қарсы алып, Сәуле Досжанға арналған мұражаймен таныстырды. Онда ақынның шығармашылығынан тыныс беретін дүниелер қойылған. Осы уақытқа дейін жеткен жетістіктер де тізбектелген. Туған топыраққа табаны тиген Сәуле апайымыздың жүзінен қуаныштың көз жасын аңғардық. Сағыныш пен туған жерге деген махаббат көкіректен ән болып ағылып, жыр болып төгіліп жатты. Ақынның ауылына арнаған туындыларынан оқушылар көрініс қойды.
Келген қонақтар мен ауыл азаматтары Сәуле апайымыз туралы жылы лебіздерін білдіріп, шығармашылығына табыс тіледі. Сәуле Мағазбекқызы да жыл сайынғы дәстүрінен жаңылмай Ақтам орта мектебінің талантты оқушыларына өз шәкіртақысын берді.
Республикалық «Менің қаламымдағы музей» ғылыми жоба байқауының Бас жүлде иегеріЕлдана Ерғаниқызы, жалпы білім беретін республикалық ғылыми-зерттеу жобалар байқауының облыстық кезеңінің III орын иегерлеріҚарақат Аманқызы,Іңкәр Төленқызы, «Зерде» республикалық зерттеу жобалары конкурсының облыстық кезеңінің III орын иегеріИслам Арисланұлы, “Абай, Шәкәрім” оқуларыныңоблыстық кезеңінің III орын иегері Мерей Амантайқызы, Әбіш Кекілбаев оқулары иллюстрация бойынша сурет салудан аудандық кезеңінің І орын иегеріЗулпикар Муслимұлы, Республикалық олимпиаданың аудандық кезеңінің І орын иегеріҚұнапия Нұркамал, Зерде» ғылыми зерттеу жобалар байқауының ІІ орын, Һебибуллам Қаһаров атындағы аудандық VІІІ фестивалінде “Ғылым” номинациясы бойынша ІІ орын, Ілияс Жансүгіров оқуларынан «Прозалық немесе драмалық» шығармаларын мəнерлеп оқу бойынша ІІІ орын иегеріЗубайда Шухратжанқызы, Қадыр оқуларының аудандық кезеңінде «Сөздің бәрі құдіретті…» бағыты бойынша ІІІ орын иегері, Республикалық » Балапан» телеарнасының Алғыс хатымен марапатталғанАйбек Айдосұлы, Республикалық олимпиаданың аудандық кезеңінен қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша ІІ орын, Һебибуллам Қаһаров атындағы аудандық VІІІ фестивалінде “Ғылым” номинациясы бойынша ІІ орын иегеріСайипжамал Кенжахунқызы,Республикалық олимпиаданың аудандық кезеңінен қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша ІІІ орын иегері, “Балауса жырлар” өлеңдер жинағының авторы Айша Бекжанқызы сынды дарынды балалар ақын, жазушы апаларының қолынан марапат алды. Бүлдіршіндердің қуаныштарында шек жоқ.
«Мен үшін жердің жәннаты өзің Ақтамым,
Жатыр ма екен оранып гүлге бақтарың.
Көшеңде ойнап жүр ме екен әлі алаңсыз,
Балаларменен менің де сәби шақтарым»,— деп жырлаған Сәуле Мағазбекқызы ауылына деген махаббатын тек өлеңмен, қара сөзбен, болмаса шәкіртақымен ғана жеткізіп қойған жоқ. Кезінде өзі оқыған мектептің жаңалануына да, ауылға медпункт салдыруға да атсалысқан болатын. Бүгінде туған ауылына мәдениет үйін салуға ықпал етсем деген ниеті бар. Қашанда әр жеткен биігі мен ғұмырының әрбір сәулелі сәтін ауылымен байланыстырып отыратын Сәуле апамыздың шапағатын сезініп отырған ауыл азаматтарының да алғыстан басқа айтары жоқ. Иә, «туған жерге туын тіккен» деген осы болса керек.
Анар Дүйсенбайқызы