Өнер руханияттың ең бір киелі өлкесі. Ол өлкеге бойында тумысынан табиғи дарыны мен қандай да бір таланты бар жан ғана жастайынан қадам жасайды.Өнердің киелі өлкесіне шабыттың тайын мініп айдарынан жел есе шауып, еңбектене жүріп өшпейтін ізін салып жатқан өнер адамдары қаншама? Солардың артынан ерген жас ұрпақ, ертеңгі нағыз өнер адамдарының легі біздің өңірде де өсіп келе жатқандығын көріп шынайы қуандық. “Өнерге қанат қаққандар” деген тақырыппен аудан орталығында өткен аптада өткізілген аудандық балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының бір жылдық тұсаукесер концерті бізге осындай қуаныш сыйлады.
Күнікеше ғана аудан орталығында балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық орталығы ашылды деп бөркімізді аспанға атып қуанып, әр ата-ана бала-шағасын асыға осы ортаға әкеліп, бойындағы талабы мен талпынысына қарай түрлі өнер үйірмелеріне қатыстырып бастаған алғашқы қадамдар баршамыздың есімізде. Міне қас қаққанша бір жыл өте шығыпты. Аудандық шығармашылық орталық бір жылдық есебін ел алдында беретін жағдайға жетіп, бұғанасы қатып, қаз басқан қадамдарын мықтай түсіпті дегенді естіп шынайы қуандық. Шараның басы лық толы көрермендер залының ыстық ықыласымен басталып, баяу түрілген сахна пердесінің артынан қаз-қатар тізілген ұлттық киімдегі домбырашы жас өрендердің жарқыраған тобы қарсы алды. Елмен сәлемдесу үшін сахнаға алғашқы болып орталықтың директоры Ғазиз Сәрсебековбастаған ұстаздардың әні шырқалып, көрерменнің көңілін бір көтеріп, көпшіліктің назарын бірден сахнаға аударып алды. Артынша қазақтың ұлттық домбырасын ұстаған жас домбырашылар тобының орындауындағы күмбірлеген күйлердің әсем үні жүректерден орын тапты. Шығармашылық орталықтың барлық өнер үйірмелерінде тәрбиеленіп жатқан балалардың бойындағы ашылған таланты мен орталықта жүріп бір жыл бойы үйренген өнерін келген көрерменге шын ықыласпен паш еткен балдырғандардың мың бұралған билері мен түрлі аспаптарда ойнау шеберлігі, шырқата салған әндері, бәрі-бәрі көпшілікті сүйсіндірді. Концерттің соңынан құттықтау әрі қорытынды сөз айту үшін сахна төріне аудан әкімінің орынбасары Алимжан Хусуров пен Алматы облысының құрметті азаматы Ызғарбек Бектұрсынұлы арнайы шақырылды. аудан әкімінің орынбасары өз сөзінде өнердің қайнаған қазаны, шығармашылық орталықтың алғашқы есеп беру концертімен барша аудан жұртшылығын, өнерпаз жастар мен ата-аналарды шын жүректен құттықтап, орталықтың болашағы жарқын болуына шынайы тілегін білдірді. Ауданымыздың данагөй ақсақалы, облысымыздың, ауданның құрметті азаматы Ызғарбек Бектұрсынұлы да шынайы ыстық ықыласын білдіріп, кеше ғана жұмысын бастаған орталықтың бір жыл ішінде еткен еңбегінің жемісі қуантарлық екендігін айтып, ақсақалдық батасын берді. Балдырғандардың көрсеткен өнерінде ешқандай жасандылықтың жоқ екендігін, тап-таза қоспасыз өнермен сусындағандығын айтты. Сонымен қатар аудан басшылығынан осы орталыққа арнайы жаңа және бөлек ғимараттың керектігін де құлақтарына алтын сырға ретінде ескертіп өтті. Осылайша орталықтың он екі айдағы атқарған ауқымды жұмысының есебі ел алдында беріліп, шынымен еккен дәннің жемісі піскендігін, еткен еңбектің, төккен тердің нәтижелі болғандығын бір дәлелдеп берді. Осы қарқынмен білек сыбана жұмыс істеп, қасиетті Қарадаланың намысын бүкіл еліміздің төрінде, бүкіл Қазақстанның намысын дүние жүзінің алдында қорғайтын нағыз өнерпаздарды тәрбиелеп шығаруды масқат етуі қажет.
Өнердің өлкесі мен тыныстайтын ауасы өзге болғандықтан өнер адамы да өзге болады. Осындай киелі өлкенің тұрғындары атанған жас буынның алар асуы биік, шығар шыңы асқақ болса екен деп тіледік! Мақсаттарына жетер жолында сүрінбесін!
Ақжол НҰРДӘУЛЕТҰЛЫ