Әдетте Алаш ардақтылары туралы сөз болғанда Жетісу өлкесінен, оның ішінде Алматы облысынан Ыбырайым Жайнақовты, Садық Аманжоловты ғана ауызға аламыз да, бұлардың айналасында да Алаш идеясын жақтаушылар болғанына көңіл аудара бермейміз.
Мысалы, Қапездің «Алаш қонған ақ боз үй бос қалды ма?» деген сөзінің астарында қандай шындық бар еді? Өз заманының озық ойлысының үйіне қонғандар – «алты алаш» деген ұғымға кіретін ұлт я ұлыс балалары ма, әлде нақты Алаш қозғалысының мүшелері ме? Әсте, қазақ өз руларынан бөлек адамдарды да «алаштың баласы» дей береді. Сондай-ақ түркі тектес ұлттар мен ұлыстарды қосып «бір алаштың баласымыз» дейді. Біздіңше, Қапез алты алаштың баласын да, Алаш қозғалысы мүшелерін де айтып отыр. Олай дейтініміз – Қапездің үйінде қырғыздың, татардың, ұйғырдың оқығандары да, Алаш қозғалысының белсенді мүшесі, заңгер Садық Аманжолов та, Мұхтар Әуезов те, Ілияс Жансүгіров те қонған. Өлкеде әр саланы басқарған Ораз Жандосов, Ыдырыс Көшкінов, Нұрбапа Өмірзақов, Біләл Сүлеев, Әубәкір Жүнісов, Майлы Орманов, Нұрбек Балабеков, Әбен Атамқұловтар да болған. Олардың бәрі ас ішіп, аяқ босату үшін емес, елдік мәселесін ақылдасу үшін келетін. Мұхтар мен Ілиястың тапсырмасымен Қапез 1925 жылы Шәлкөдеге барып, Көдектің өз аузынан өлеңдерін хатқа түсіреді де Ілияс Жансүгіровке табыстайды. (Ілиястың мұрағатындағы Қапез жазып алған Көдек жырларын Ф.Ғабитова 1941 жылы Ғылым Академиясының қолжазба қорына №38 тіркеткен).
Сталиндік-голощекиндік репрессия бір-бірімен дос адамдардың ғана емес, бір анадан туғандардың да арасына күдік пен күмән уын таратып, сенбестік пен секемшілдік пиғылын өршіткенінің кесірінен бірі екіншісімен дос, туыс екенін айтудан қорықты. Соның салдарынан көп шындық айтылмай қалғаны жасырын емес. Өзгелерге қарағанда Алаш қайраткерлерінің аты жүрген жерге ерекше алакөзбен қараған кеңес үкіметі Қапез секілді арыстың мұраларын да «жау» деп білген.
Қапездің замандасы Шарғын ақынның да Алаш қайраткерлерімен байланысы бары бүгінге дейін жария болған жоқ.
Қаңылы Аюкенің Садығысың,
Тәңірім сені берді халық үшін.
Қайратсыз қазағыңа
қарның ашып,
Болғанмен сыртың салқын,
жалын ішің.
Қазақты заң жолымен
қорғаймын деп,
Жаныңды құрбан еттің
арың үшін, –
деген өлеңі (ҚР ҰҒА М.О. Әуезов атындағы ӘЖӨИ Қолжазбалар қорындағы 1348-2 тізімде сақтаулы. Қорға тапсырған Тілеухан Шарғынұлы) Шарғын ақынның Алаш заңгері Садық Аманжоловпен мұраттас, мүдделес болғанын дәлелдейтін айғақ. Олардың түпкі мақсатының бір болуы ішкі рухани жақындығынан көрінсе, екінші жағынан олар жерлестер де еді. Екеуі де Алматы облысынан. Бірі – Нарынқол ауданының, бірі – Шелек ауданының тумасы болатын. Олар бір-бірімен кездеспеді деп ешкім айта алмайды. Осы Садық арқылы Ыбырайым Жайнақов басқарған Алаш қозғалысының Жетісу облысындағы Қазақ комитетінің жұмысына Шарғынның атсалысқанын да ешкім жоққа шығара алмайды. Бірақ атсалысқанын дәлелдейтін нақты айғақ та айта алмай қиналады. Өйткені олар өзара тілдескенін, айтқандарын өздерімен бірге ала кеткен. Және Шарғын өмірі әлі жан-жақты зерттеу нысанына айналған жоқ.
Десек те Шарғын екі мәрте – 1936-37 жылдары Ыбырайым Жайнақов Құлжа қаласына келгенде және 1938 жылы Мұңғұл Күре ауданына келгенінде қыс айында жолыққан. Шарғынның Алаш қайраткерлерімен рухани жақындығы болғанына Алаш ардақтылары шетінен «халық» жауы» атанып, алды атылып, арты итжеккенге айдалып кеткенде жазған мына өлеңі дәлел:
…Бірақ, менің өзімнің
көруімше,
Оңбаған бір мінез бар сенде,
қазақ.
«Қазақ» десем айтамын
өз атамды,
Болып жүрген бір іс бар
елге мазақ.
Өзінен шыққан адал
азаматқа,
Артынан пәле жауып
терме, қазақ.
…
Шарғынның осы өлеңінің ішкі діңі Ахмет Байтұрсынұлы рухымен сабақтас:
Бұл күйге бүгін емес,
көптен кірдік,
Алды-артын аңдамаған
бетпен кірдік.
Шығармай бір жеңнен қол,
бір жерден сөз,
Алалық алты бақан
дертпен кірдік..,
– дейді Ақаң қазақ ішінің бірліксіз һәм тірліксіз екеніне қарны ашып. Ашынып қана отырған жоқ, осы өлеңі арқылы ұлтының ары мен намысына қамшы салып отыр. Шарғынның да көксегені — қазақтың төртеуін түгел қылып, төбедегісін келтіру, алтауын ала қылмай, ауыздағысын қалдыру. Қазақ деген ұлттың өзге өркениетті елдермен тең болғанын қалайды. Өзгелерден теперіш көріп келе жатқанына қабырғасы қайысады. Мұндай азап пен мазақтан шығудың жолын іздеп,:
Тәңірім, жоқтан бар ғып
жер жараттың,
Үстіне жер бетінің
ел жараттың.
Әлемде бәрін бірдей тең
жаратпай,
Қалайша біз қазақты
кем жараттың?
… – деп Жаратқанға жалбарынады.
Қазақтың тәуелсіздігі, азаттығы Алаш қайраткерлерінің түпкі арманы болатын. Демек, бұл бағытта да Шарғынның көксегені ел бостандығы, ұлт еркіндігі.
1935 жылы Міржақып Дулатұлы қазасына қайғырып жазған өлеңі де оның Алаш рухты ақын екенін дәлелдесе керек. Осы өлеңнің: «Сөйлесе адам көңілін жарқыратқан, Мінезі майда қоңыр жатық еді», – деген жолдарына қарап, «Міржақыппен кездескен бе» деп те қаласыз. Кездеспесе, Шарғын Мыржақыптың мінез-құлқын жазғандарынан аңғарған және Ыбырайым Жайнақовтан немесе Садық Аманжоловтан естіген.
Шарғын алаштықтар секілді ел бірлігін, тонның ішкі бауындай ынтымағын көксейді. Рушылдыққа жаны қас. Абай айтқан «адамзаттың бәрін сүй…» деген асқақ сана Шарғынның да биік мұраттарының бірі:
… Бұрынғы білермендер айтпады ма:
Кетпесін ынтымақтан
ырысың бір…
Ұлтты бөлшектеген
рушылдың
Түбімен оның бәрі
құрысын бір….
Аспаннан түскен жанды
көргенім жоқ,
Барлығың адамзаттың
ұлысың бір, –
дейді.
Шарғынның азаматтық сана-сезіміне халықтың ауызша жеткен мұраларымен бірге өзі бала кезінен оқыған, көңіліне тоқыған адамзаттық ақыл-ой сәулелерінен нәр алғаны және Абай бастаған алыптардан сусындағаны ақиқат еді. Бұған көз жеткізу үшін оның өлеңдерін оқыған абзал.
Шарғын ақын 1903 жылы Алматы облысы, қазіргі Қарадала өңіріндегі Дардамты деген елді мекеннің Арпалы деген сайында дүниеге келген. Өз қолымен жазған өмірбаянын келтірсек:
«1903 жылы 20 майда туылыппын. Әкем Алғазы шаруа адамы болған, екі көзі кейінірек көрмей қалған екен. Әкем менің 13 жасымда қайтыс болыпты. Шеше тәрбиесінде болдым (сонда Алғазы 1917 жылы қайтыс болған). 1917 жылы кеңес үкіметі орнағаннан кейін жаңаша бастауыш мектепті бітірдім. Орысша 3 сыныпқа дейін оқыдым. Мен әдебиетке жасымнан құмар едім. Ақын-жазушылардың кітаптарын көптеп оқып, айтыстарын жаттап, халыққа айтып беріп жүрдім.
Ақыл айтатын ешкім болмады. Інім Арғын жас, өз ақылыммен жүрдім. Жақсылардан үлгі-өнеге алдым. Кітаптарды көп оқыдым. Ақылшым кітап болды.
Жас кезімде елмен бірге Қытай жеріне ауып барып, жат елдің таяғын, сөзін жеп өстім. Екі жылдан кейін анам өліп, көп қиыншылыққа кездестім.
Қытайдың асуын да көрдім, азабын да көрдім, қамауын да көрдім. Іле ауданы Шапшал ауданында 5 жыл болып, сол жерде мұғалім болып, 1937 жылы Текес ауданына барып мектеп директоры болдым (Шиліөзен мектебінде).
1944 жылдан үш аймақ төңкерісінде Райисполкомның оқу-ағарту бастығы болып, 1951 жылға дейін жұмыс істедім. Содан кейін Қытай қамауында бір жыл жаттым. Екі жыл мәдениет бөлімін басқардым. 1955 жылдан 1958 жылға дейін облыстық саяси кеңесте жұмыс істедім. 1958 жылы өз Отаныма келдім. Ілгері-кейін менің өміріммен танысатын жан табылса, міне, осы. Бойымдағы тума талантым – өлең ғана.
Шарғын Алғазыұлы»
Шарғынның Отанына оралғаннан кейінгі өмірі соңына дейін кеңес өкіметінің қауіпсіздік комитетінің қадағалуында болған. Үндеместер жылына бір рет арнайы іздеп келіп, өз көздерімен көріп кетіп отырған. Олай болуына ақынның ұлтшыл болуы, Алаштықтармен байланысы барлығы және өлеңдерінде кеңестік-большевиктік саясатты сынағандығы басты себеп екендігі айдай ақиқат еді. Оны өзі де, айналасы да білді. Ашық майданға шыға алмай, не жазғандарын кітап етіп шығара алмай, өмірінің соңына дейін ішқұса арманда өтті. 1988 жылы ұзақ науқастанып өмірден озды. Содан кейін ғана ол туралы ептеп айтыла бастады. Алғашқы жыр жинағы 1993 жылы Дәулет Ахметбайұлының құрастыруымен «Көш-керуен» деген атпен, одан кейін 2005 жылы Жанболат Аупбаев пен Дүкен Мәсімханұлының алғысөзімен «Атамекен» деген атпен жарық көрді.
Алдағы уақытта М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының дайындауымен ақын шығармаларының академиялық жинақтары жарық көрмек.